болған арда азамат Аман Алпысбайұлы туралы бір үзік сыр
– Отан үшін алға! Ротаны шабуылға бастаған командир Аман Алпысбаев наганын нық ұстаған қалпы окоптан секіріп шыққан бойда аршындап алға ұмтылды. Аға лейтенанттың артынан көтерілген жауынгерлер уралап, жауға қарай оқты жаңбырша жаудырып келеді.Екпіні бет қаратар емес. Жау қарап жатсын ба, қарсы жақтан атылған оқтар бұлардың да үстінен, жан-жағынан ысқырып ұшып өтіп жатыр. Бейне бір ажал сеуіп тұрғандай. Кейбір оқ атойлап бара жатқан жауынгерге тура тиіп, қалпақтай ұшып түсіп жатқандары да бар. Ондайда қасындағылар жер бауырлай жата қалып, атысты жалғастыруда. Жау шебіне жетіп үлгергендер орға секіріп түсіп, қоянқолтық айқасқа кірісіп те кеткен. Ұрысқа автоматтың үшкір істігі мен қанжар қатыса бастады. Айнала әлем-тапырық. Аспан мен жер астасып кеткендей астаң-кестең дүние. Арасында арсыл-гүрсіл алысып жатқан адамдардың ашулы айқайлары, оқыстан жанды жерінен қатты жараланған немесе ажал құшқандардың шыңғыра шыққан дауыстары естіліп қалады. Жауынгерлерді шабуылға бастап екпінмен жүгіріп келе жатқан Аман сол иығын солқ еткізген соққыдан ұшып түсті. Құлап бара жатқанында айнала шыркөбелек айналып, көзіне ауыл елестегендей болған. ...Балалармен жарысып жүгіріп келеді екен дейді.Денесі мығым, қимылы ширақ Аман алда. Бір сәт артынан ентіге ентелеп жетіп қалғандарға мойнын бұрып жалт қарамақшы болған. Көлденең келген арықшаға аяғы кілт түсіп, омақаса құлағаны. Қайдан жатқанын бір Құдайым білсін,арықтан сәл әрірек жатқан қойтасқа сол иығымен оңбай соғылды. Қайдан келгенін қайдам, осы сәт сап етіп қасынан табыла кеткен анасы «бір жерің ауырып қалды ма, құлыным!» деп маңдайынан сипап отыр екен. Анасына еркелегені ме, әлде жарақаты жанына қатты батты ма, бұл көзін жұмып талықсып бара жатты. Қайран ана! Адам аса ауыр жағдайға тап болғанда алдымен ойға оралатын сен екенсің-ау! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «жағдайың жақсы болса, алғашқы үш ретте де анаңа жақсылық жаса» дегені сондықтан шығар. Көзін ашса, госпитальда жатыр.Айнала асығыс жүгіріп жүрген дәрігерлер мен медбике,тазалықшылар. Жанталаса жаралыларға дәрігерлік көмек көрсетіп, жараларын таңып, дәрілерін ішкізіп жатыр. Жаралылардың ышқына айқайлаған, кейбірінің әлсіз ыңырсыған дауыстары естіледі. Жарақаты жанына батқаннан соң айқайлап, ыңырсиды да. Қайбір жетіскеннен дейсің. Ес-түссіз қанша жатқаны белгісіз, есін жиғанда айналасынан аңғарғаны, құлағына келген дыбыстар осы. Аманның сол жақ кеуде тұсы ауырып алып барады. Тіпті сау сияқты көрінген оң қолының саусақтарын сәл қимылдатса, сол жақ иығы солқылдайды. Ал, қолының бар-жоғы сезілмейді де. – Сіздің сол қолыңызды кесуге тура келіп тұр, жолдас лейтенант, – деді бұл есін жинады-ау деген кезде жанына келген оташы-дәрігер. – Кесуден басқа амал жоқ па? Мүмкін болса, емдеп көріңізші, жолдас дәрігер. Қолсыз қалай!.. – Аман сөзінің соңын аяқтай алмай жұтып қойды. – Біз жамап-жасқап бірдеңе жасармыз-ау, бірақ ол қолдан сізге пайда жоқ. Ешқандай іс-әрекетке жарамайды. Өзіңізге қиын. Әлі-ақ ауырған азабын көп тартасыз, – деп ескертті оның жан күйзелісін көрген дәрігер. – Мейлі, не де болса! – Ауыр азап шексе де, қолын кеспеуге болатынын естіген Аман бұл сөздерді нық сеніммен айтты. Көңілінде қуаныштың ұшқыны бар. Неге де болса нартәуекел жасаған сияқты. ...Балалық шағы Байзақ ауданының Жаңатұрмыс ауылында өткен Аман Алпысбайұлы ауылдағы өз тұстастары секілді тұрмыстың қиын да ауыр кезеңдерін бастан кешкен. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі колхоздастыру, қужақ Голощекин қолдан жасаған ашаршылық он екі жаны бар отбасының тұрмыс-тіршілігіне оңай соққан жоқ. Әкесі Алпысбай айналасына қадірлі, сөзі өтімді, көпшіл, алымды азамат еді. Еті тірілігінің арқасында жанұясын қиындықтардан аман алып шықты. Арынды Таластың суы көпірді жұлып әкетіп, өткел бермей қойған кездерде Алпысбайдың ұйымдастыруымен өзенге тоған салынғанын былайғы жұрт мына беріге дейін ризашылықпен айтып жүретін. Ол оқиға Аманның да есінде. Көпшілік игілігі үшін бәрін беруге бар сондай әкеден туған азамат тегін болсын ба, ол да көпшіл болып өсті. Жасөспірім кезінен-ақ ауыл балаларымен бірге арба айдап, шөп тасыды. Астық бастыруға да белсене атсалысқан. Ол кезде комбайн деген жоқ, алқапта қолорақпен орылып бауланған бидайдың дәнін түсірмей қырманға жеткізетін. Сонсоң осында масағын мала таспен үгітіп, алынған дәнді суырып, кептіріп қамбаға құяды. Беретін еңбек күні де жартымсыз. Адамдар көбінесе ашқұрсақ. Өйткені мал да түгелімен өкіметке өткізілген. Осындай «көппен көрген ұлы той» жағдайында өмір сүрген Аман мектеп бітірісімен Тәшкенге тартқан. Мақсаты – сондағы әскери училищеге оқуға түсу, арманы-әскери қызметкер болу. Мақсатқа жетіп, арман орындалып, 1941жылы В.И.Ленин атындағы Қызыл тулы Ташкент әскери училищесін бітіріп жатқанда соғыс басталып кетті. Бітірушілер бірден майданға аттанған. Аман сол кезде Ақтөбе қаласында жасақталған 101-інші Қазақ ұлттық дербес атқыштар бригадасы құрамында, лейтенант шенінде, алғаш взвод, кейін рота командирі лауазымында әскери қызметті бастады. Ол алғаш рет Калинин майданы төртінші екпінді армияның 101-інші атқыштар бригадасы құрамында Калинин қаласы түбінде ұрысқа қатысқан. Мәскеу және Калинин облыстары шекарасында немістердің әуеден бомбамен төмпештеуіне тап болған бригада Ржев бағытында 200 шақырымдай жерді соғыса отырып жаяу жүріп өткен. Олар сол жолы жаудың Ржев плацдармын жоюдағы «Марс» жойқын операциясына қатысты. Ұлы Отан соғысы тарихында ерекше орны бар осы операцияда лейтенант Аман Алпысбаев басқаратын 3-інші атқыштар ротасының жауынгерлері де ерен ерлік үлгісін көрсеткен. Бұл кезде оның бауырлары Елен генерал Беловтың атты әскер корпусында, Кәмен зеңбірекшілер батареясында жауға қарсы соғысып жатқан. Кейін екеуінің де ерлікпен қаза тапқанын госпитальде емделіп жатқанында естіді. Қанша дегенмен бауыры ғой, жүрегі қан жылады. Бірақ өзін-өзі сабырға шақырған Аман олардың кегін қайтаруға серт берген сонда.Госпитальде емделіп шыққан соң сол сертін орындағандай талай қиян-кескі шайқастарда жауды жайратып, қарулас достарымен бірге Аманның да мерейі үстем болған. Бірақ қараниет жауды толық жеңіп, қанқұйлы ордасында талқандағанға дейін ашу-ыза басылар емес. Екінші рет ауыр жараланғанға дейін Белоруссияның Витебск облысын, Ржев, Великие Луки, Россини қалаларын азат етуге қатысып, жан алып жан беріскен ұрыстарда жаудың апшысын қуырған рота командирі Аман Алпысбаев Ржев бағытындағы жаппай шабуыл кезінде ауыр жараланып госпитальде жатысы мынау. Сол қолын кесуге үзілді-кесілді қарсы болған Аман одан кейін Калинин, Қазан қалаларындағы госпитальдерде ұзақ емделіп, ақыры Қорғаныс министрлігінің әскери медициналық комиссиясы сараптамасымен елге қайтарылды. «Соғыс қимылдарына жарамсыз» деген қорытынды бойынша. Омырауында бірінші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендері мен бірнеше медаль жарқырайды. Соғыс тыл еңбеккерлеріне де ауыртпалығын салған. Ауылдарда « Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен еңбек етіп жатқандар аянып қалған жоқ аянар да емес. Дегенмен елдің титықтағаны аңғарылады. Олардың еселі еңбегіне Отан аумағының жаудан тазартылғаны, неміс фашизмінің күл-талқан болып жеңіліп қол көтеретін сәті жақындағаны туралы хабарлар ғана екпін беріп тұр. Майданнан елге қайтарылған Аман алғашында Қазақстанның шығыс өңірінде Қытаймен шекаралас бір ауылында селсебеттің төрағасы қызметін атқарып, өзінің туған топырағына 1946 жылы бір-ақ оралған. Ол Жамбыл облысына оралғаннан кейін бірқатар жылдар өңірдің Жуалы, Сарысу аудандарында ауатком төрағасы, аупарткомның бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1958 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйғаруымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалғанға дейін өңірдің тың көтеру ісіне белсене атсалысып, тыңда 8 шаруашылықтың ұйымдастырылуына үлкен үлес қосқан Аман Алпысбайұлы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің Жамбыл облысына арнайы келіп « Түркістан осылай туған» тарихи очеркін жазған тұста ұлы қаламгермен жүздесіп, пікірлескен. Соғыстан кейінгі ел есін жия бастаған сол бір жылдар туралы: «Сол кезеңде біз тек масақты дақылдың өзінен әр гектардан 19 центнерден жоғары астық бастырдық. Сауыншылар әр сиырдан 3000 килограмнан астам сүт сауды. Өйткені жоғары өнімділікке қол жеткізу үшін мал тұқымын асылдандыру, бидайдың жаңа сұрыптарын жерсіндіру ісі тиянақты қолға алынған. Жұмыстың басым көпшілігі қолмен атқарылатын. Ой, ол кездің адамдары нағыз еңбекқор, бейнеткеш, патриот, өз істеріне берілген жанкештілер еді ғой!» – деп отыратын Аман аға сол кезең туралы әңгімелегенде. Айтса айтқандай-ақ, соғыстан титықтап шыққандарына қарамастан адамдардың еңбекке деген ынталары ерекше болатын. Олар үлкен қантөгіспен келген бейбіт өмірді жоғары бағалады. Олар қайғысыз ішкен қара су мен қайғысыз жеген қара нанды қанағат тұтатын. Ал, өндірістік көрсеткіштерге келгенде «қанағатсыз» болды. Өнімді мол өндіріп, табыстың тайқазанын тасыта беру еді тілектері. Аман Алпысбайұлы сол қайнаған еңбектің ен ортасында жүрді. Ауыл шаруашылығы жұмыстарының науқандары кезінде уақытпен санасу жоқ. Үнемі еңбеккерлер арасында. Басшының іс басында болуы еңбеккерлерге ерекше күш беріп, жұмысқа шабыттандыратынын шаруаның «майын ішкен» азамат жақсы біледі. Сол себептен де сондай ұстанымда. ...Бірде Аман ағаны сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Бектұрғанов шақырған. Сол қабылдауда өңір басшысы ол кісіге облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметін ұсынды. – Хасан Шаяхметұлы, зейнеткерліктің де ауылы алыс емес. Жылы орнымды суытпай-ақ қояйын да , – деп еді, облыс басшысы: – Аман Алпысбайұлы, сіз бен біздің басымыз не көрмеген бас. Экономиканы шекілдеуікше шағатын сіздей әмбебап маман керек қай іске де. Ал, жоспарлау үлкен жауапкершілікті,үнемшілдікті қажет етеді. Ертеңгі қол жеткізетін табыстар мен жоғары көрсеткіштердің негізі жоспарлауда жатыр. Бұл істе тиянақтылық, нақтылық керек. Сондықтан да сізді өндірістің «диірменінен» өткен тәжірибелі де білікті басшы ретінде сізді лайық көріп отырмыз, – деп көпшік қоя сөйлеген облыс басшысы Аман ағаны жаңа қызметке осылай көндірген. Көнбес пе еді, «сіз бен біздің басымыз не көрмеген бас» деген сөзі сылқ түсірді. Өзі де соғысқа қатысқан Хасан Шаяхметұлы «қиындықтан қашпаңызды» аңғартып отыр бұл жерде. Аман ағаға осы қайраудың өзі-ақ жетіп жатыр. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген бар ғой. Бұл қызметті де абыроймен атқарған Аман аға 1982 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Бұл кезде оның омырауындағы майданда алған бірінші дәрежелі «Отан соғысы», Қызыл Жұлдыз ордендері қатарына үш Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері түзіліп, медальдар мен төсбелгілер саны қырықтан асып жығылған. Әр марапаттың сыртында төгілген тер, еселі еңбек, толағай табыстар жатыр. Бұл-еңбекке берілген баға. Қоғамға сіңірген еңбегі осылай жоғары бағалануы- бекер өмір сүрмегенінің белгісі. Әрқашан адамгершілік әдебін берік сақтаған Аман аға ұжымда, араласқан ортасында сыйлы, құрметті болып, зор қошеметке бөленген азамат. Аман Алпысбайұлы қоғам қайраткері, отаншыл патриот, іскер басшы ғана емес, шаңырағына шаттық ұялаған отбасының айбынды отағасы да болды. Құдай қосқан қосағы адал, жаны таза, өте бауырмал да парасатты Бахытқан Сүлейменқызы 9 перзентті өмірге әкелді, олардың үшеуі өмірден ерте озған. 6 баладан 7 немере, 11 шөбере көрді. Өмірін еңбекке арнаған азаматтың жанында осындай аяулы жар болғандықтан, қанша асулар алынды, биіктер бағындырылды.Үнемі жауапты істің басы-қасында жүретін азаматының үйге алаңдамай, жемісті еңбек етуіне, перзенттерінің саналы да, сауатты болып өсуіне негіз қалады. – Менің еңбектен алған марапаттарым – Бахытқанның марапаты деуші еді әкеміз, – дейді асыл азаматтың қызы Сәуле. Бахытқан 1997 жылы өмірден озғанда, жарын қимаған Аман ағамыз көп жыл үйленбей жүріп, тағдырдың жазуымен калған өмірін Әсия жеңгемізбен өткізді. Аға өмірі кейінгі жастарға, бүгінгі бізге – өнеге, ісі-үлгі. Ұрпақтары ұлағатты азаматты сағынышпен еске алып, мақтан етеді. Мақтанатындай атаң болса, мақтанғанға не жетсін! Аға ұрпақтарының ендігі қолдарынан келетіні – әке, ата әруағына құран, дұға бағыштап, құрмет көрсету. Олар солай жасап та отыр.
Айтбай Ибақ, ҚР еңбек сіңірген хирургі, денсаулық сақтау саласының үздігі. Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді