«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұдырықтары жойқын

Жұдырықтары  жойқын
ашық дереккөз
Жұдырықтары жойқын

Жеті боксшымыз жартылай финалға шықты

Еліміздегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын бокстан Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатында үш бірдей былғары қолғап шеберіміз жарыс жолынан шығып қалды. Екінші айналымда 49 келі салмақ дәрежесіндегі шеберіміз Теміртас Жүсіпов өзбек боксшысы Хасанбай Дусматовқа жол берді. Бүкіләлемдік универсиада чемпионы Хасанбай Біржанға кетіп жүрген есесін Теміртастан қайтарды. Үш раунд бойы қазақ боксшысына үлкен қысым көрсеткен Дусматов өзінің шеберлігімен бәрімізді сан соқтырды. Соққылары әрі жойқын, әрі дөп тиген өзбек боксшысының мерейі үстем болды. Өзбек боксшыларына кеткен есеміз мұнымен толастаған жоқ. 64 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Самат Бәшенов те өзбек өрені Фазлиддин Гаибназаровқа ұтылып қалды. Дегенмен, Самат бұл кездесуде қарсыласынан кем түспегенін айта кеткен жөн. Фазлиддиннің соққысына соққымен жауап бере білді. Алайда, төрешілердің таңдауы өзбек боксшысына түсті. 64 келі салмақта өнер көрсеткен әлем чемпионы Мерей Ақшалов кәсіби мансабын аяқтаған соң оның орнын басатын көшбасшы табылмай жүргеніне осы біріншілікте тағы да көзіміз жетті. 75 келі салмақта бақ сынаған әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да күтпеген жерден өзбек боксшысынан жеңілді. Ол ересектер дуына енді ғана қатысқан, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы мен олимпиада чемпионы Бектемір Меликузиевтің алдында дәрменсіздік танытты. Бұл кездесуде өзбек боксшысы шын мәнісінде басым болғанын айта кету керек. Жәнібек осы жеңілістен қорытынды шығарады деген сенімдеміз. Есесіне 52 келі салмақ дәрежесіндегі ел үміті, жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаев ринг қожайыны Танес Онгжунтаны жеңді. Ә дегеннен шабуылға иек артқан Олжас шапшаң қолдарымен соққыларын дәл тигізген соң сауатты қорғана білді. Бұдан кейін Олжас түрікменстандық Зарип Джумаевтан айласын асырып, жартылай финалға шықты. 81 келідегі саңлағымыз Әділбек Ниязымбетов өз кезегінде түрікменстандық Азиз Ачиловке еш мүмкіндік қалдырмай, өзінің шеберлігін байқатты. Әділбек өте сауатты бокстасқанын да айта кету керек. Мұнан соң Әділбек сириялық Гоусон Илдинді сан соқтырып, жартылай финалға өтті. Екі бірдей қарсыласынан айласын асырған 56 келідегі үмітіміз Қайрат Ералиев Әділбек пен Олжастың жеңісті жорығын жалғады. Алдымен филиппиндік боксшы Марио Фернандесті оңай жеңген Қайрат ширек финалда моңғол боксшысы Идерхуу Энкхджаргналға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Сондай-ақ, иорданиялық Махмуд Алматбулиді қиналмай еңсерген 91 келідегі көшбасшымыз Василий Левит те алтын медаль алуды көксейді. Ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионы, 69 келідегі саңлағымыз Данияр Елеусінов алғашқы кездесуінде шри-ланкалық Руангала Гедараны еш қиындықсыз еңсерсе, келесі кезеңде қытайлық Лю Вейдің аптығын басып, жартылай финал жолдамасын қалтаға салды. Аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко да сенімді ақтады. Ол ширек финалда өзбекстандық Баходур Жалоловты оңай еңсерді. Ширек финалдық кездесулерге нүктені 60 келідегі үмітіміз Закир Сафиуллин қойды. Ол солтүстік кореялық былғары қолғап шебері Гук Чол Квоннан үш раунд бойы басымдығын байқатып, жартылай финалға шыққан оғландарымыздың қатарын толықтырды. Азия чемпионатының толық қорытындысын газетіміздің алдағы нөмірлерінде толығырақ жазатын боламыз. Естеріңізге сала кетейік, жартылай финалдық кездесулер 4-қыркүйекке жоспарланса, финалдық жекпе-жектер 5-қыркүйекте өтпек. Бұл кездесулерді Қазспорт арнасы тікелей эфирде көрсетпек.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар