- Advertisement -

Әдемілік әлемі

256

- Advertisement -

қазақтың көрнекті Ақыны Күләш Ахметованың жаңа кітабының тұсауы кесілді

IMG_954++4Қазақ әдебиетінде өзіндік орны, ерекше жолы, бөлек мәнері бар ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың есімі  елімізді айтпағанда, шет елдерге де кеңінен таныс. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары поэзия әлеміне жаңалық болып келген ақынның кәусар жырлары оқырмандарының жадында, жасөспірімдер Күләштің отаншылдық, патриоттық өлеңдерін жатқа айтып жүр.
Жерлесіміз Күләш Ахметованың ерекше талантын қазақ әдебиетінің корифейлері Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев ерте танып, бағалаған.  Қадыр Мырза Әлінің «Күләш – өзгелерден бөлектеу тұрған тұңғиық ақын» деп жоғары пікір білдіргені, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Күләш өлеңдері күндей жарық, нандай нәрлі» дегені ақын талантына деген құрмет екені анық.
Шынында «Сен қазақсың, қазақ деген ел бөлек. Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек. Киіз үйі жер секілді жұп-жұмыр, Шаңырағы күн секілді дөңгелек. Сен қазақсың, бір Алланың құлысың, Адамға-адам құл болғаны құрысын. Жойқын соғыс, зұлматтардан жойылмай, Қалған ұлтсың, қаһармансың, ұлысың!» деген отаншылдық өлең қазақтың патриот қызының жүрегінен шықса керек.
«Асқарым, арманым, жәннатым, жан далам,
Аспаным, орманым, қырандар самғаған.
Атамның – мекені, ботамның – Отаны,
Болашақ төрінде тұра бер, Мәңгі аман,
– деп жырлаған Күләштің өлеңдерінен еліне деген шексіз құрметін, халқына деген махаббатын көруге болады. Осы кезге дейін ақынның «Ақ гүлім менің!», «Сен менің бақытымсың», «Бақ», «Құт» тағы басқа кітаптары жарық көріп, оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды.
Тараз қаласындағы «Гранд рояль» мейрамханасында Күләш Ахметованың «Орман» атты жаңа кітабының тұсаукесер салтанаты өтті. Бұл рухани жыр-жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, сөз сөйледі.
«Күләш ақын – қазақ әдебиетіне олжа салған үлкен талант иесі. Жамбылдықтар жерлес ақынын қашанда жоғары бағалап, құрметтейді. Ақын «Құт» атты кітабымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл Күләш ақынның еңбегіне берілген лайықты баға болды деп есептейміз. Міне, ақынның тағы бір «Орман» атты жаңа кітабының тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Ақын шығармаларымен талай жас буынды тәрбиеледі. Елді отаншылдыққа шақырды. Қазақтың барлық қыздары Күләш ақынды үлгі тұтады. Ендеше, Күләш ақынның жаңа кітабы құтты болсын! Жазары көбейіп, оқырмандары молая берсін!» деп тілек білдірген Бекболат Серікбекұлы облыс әкімі атынан Күләш Ахметоваға құрмет көрсетіп, ақынның жұбайы Қайырбек Асановқа да ізет жасады.
Келесі сәтте мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаттары Азамат Есалы, Хамит Есаман және жас ақындар Нұржан Қадірәлі, Наурызбек Сарша, Арайлы Жақсылық ақын әпкелеріне тілек білдіріп, өздерінің өлеңдерін шабыттана оқыды. Ақын Маралтай Райымбекұлының қызы Ғайникен Маралтайқызы ақын әкесінің өлеңін жатқа оқып берсе, өзге де жасөспірімдер Күләш ақын өлеңін көп оқитынын аңғартты. Ақынның туған жері Үшаралдан келген оқушы Құралай Садықбек алты жасында Күләш Ахметованың анасынан айырылғанын айтып, ақынның анасына арнаған «Шілтер» атты өлеңін оқығанда, тыңдармандардың көзіне жас үйірілді. Ринат Нұрақбаев басқаратын «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің мүшелері ақын өлеңдерінен композиция жасады.
Іс-шара барысында облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстың Құрметті азаматы Ералы Дадабаев, мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеұлы, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, ақынның өлеңдегі әпке-сіңлілері Айша Көпжасарова, Шырын Мамасерікова, Ғайни Әлімбекқызы сөз сөйлеп, шығарма­шылығына табыстар тіледі.
Іс-шара соңында облыстық филармония әншілері мен «Ақкербез» бишілер тобы өнер көрсетті. Сондай-ақ, әншілер Бақыт Шағырбаев пен Рүстем Малдыбаев өнер кешінде әннен шашу шашты.
Осылайша, Күләш ақынның «Орман» атты жаңа кітабы оқырман қауымға жол тартты.
Нәрлі де дәмді, мәнді кітапты оқуға асығыңыз, оқырман!

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support