- Advertisement -

Рүстем Алшынбаев, облыстық соттың төрағасы: «Сот билігі – мемлекеттік саяси жүйенің құрамдас бөлігі, ажырамас бөлшегі»

88

- Advertisement -

95265fe++dfe85b1e705089da7eaf7aed3Мемлекеттің өркениетті және жүйелі дамуы сол елдің Ата Заңы — Конституциясына тікелей байланысты. Біздің еліміз де тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарында өз Ата Заңын қабылдап, басты Заңының аясында дамуы мен өркендеуінің заңдық негізін бекітті. Содан бері арада жиырма жыл өтті. Уақыт үдерісі мен замана талабына сай 1998 және 2007-2011 жылдары еліміздің Конституциясына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. сол өзгерістерде еліміздің сот жүйесін жетілдіру мәселесіне де баса мән берілді. Бұл үдерістерге деген қажеттілік неден туындады? Облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаевпен әңгімеміздің әлқиссасы осы сауалдан басталды.

– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ел алдында мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың сипатын мүлде басқа арнаға бұру міндеті тұрды. Басқару мен билік жүйесін белгілеу керек болды. Ол үшін құқықтық жүйені қалыптастыратын еліміздің негізгі Заңын қабылдау қажет еді. Президент Н.Ә.Назарбаев еліміздің конституциялық дамуына қатысты сол кезеңде: «Жалпы таным тәжірибесі және соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық дамуы елдің конституциялық қалыптасу тарихынсыз жаңа тәуелсіз мемлекеттің конституционализм теориясы да болмайтындығын үйретеді» деп жазды. 1995 жылы қабылданған Конституция – тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға түскен тәуелсіз еліміздің тарихындағы бірінші құжат. Онда 1-бабының 2-тармағында республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешіледі деп көрсетілген.
1998 жылғы 7 қазанда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа өзгерістер мен толықтырулар – қос палата қызметінің мерзімі, депутаттардың сайлануы, Үкімет мүшелерінің құзыреті шегінде анағұрлым кең дербестік беру, әкімдерді сайлау тәртібін бекіту мәселелеріне қатысты. Уақыт өте келе қазақстандық қоғамның дамуы мен мемлекеттің жаңа жағдайдағы негізгі қырларын айқындау мақсатында халықаралық тәжірибеге сүйенген конституциялық реформа жүргізу керек болды. Бұл – Президенттік басқарудан демократиялық сипаты басымырақ парламенттік жүйеге өту кезеңі еді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар негізінен билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік және тежемеліліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталуы тиіс-тін. Осындай түбегейлі құқықтық өзгерістердің қажеттілігін ескере отырып, Парламенттің қос палатасы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын қолдап дауыс беріп, 2007 жылғы 21 мамырда арнайы заң қабылданды.
Конституцияға енгізілген өзгерістер саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулықты нығайтуға бағыттала отырып, сот жүйесін жетілдіру, судьялардың мәртебісін көтеру сынды жаңа реформаларға да негізделді. Ата Заңымыздың жетінші бөлімі «Соттар және сот төрелігі» деп аталады. Сол бөлімнің жетпіс жетінші бабында «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады» делінген. Осы мысалға келтіріп отырған бір ғана сөздің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Ата Заңымыздың еліміздің сот жүйесін жетілдірудегі маңызын айқындай түседі. Өйткені, сот жүйесінің даму жолдарын мемлекеттің даму жолдарынан бөліп, бағалау мүмкін емес. Сот билігі – мемлекеттік саяси жүйенің құрамдас бөлігі, ажырамас бөлшегі. Біздің адал еңбегіміз қоғамға өте қажет, біздің еңбегіміздің нәтижесі болашақ жаңғыруымыздың, кемелденуіміздің кепілі. Заң талаптары сақталған жерде тәртіп болады, ал тәртіп болған жерде еңбектің жемісі мол болары даусыз.
– Елбасы 100 нақты қадаммен өлшенген бес халықтық реформаның екінші реформасында заңның үстемдігін қамтамасыз етуге баса көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті. Еліміздің сот жүйесіндегі реформаны жетілдіру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, судьялар жабық корпорацияға айналмауы тиiс керiсiнше, қоғамға ашық болуы керек. Бұл ретте Елбасы ашық болу мәселесін судьялар қатарындағы коррупцияға қарсы дәрімен теңеді. Жалпы судьялардың ашықтығы халықтың сот ісіне деген сенімін де еселей түсетіні анық. Осы жайында не айтасыз?
– Елбасы сайлауалды бағдарламасы ретінде бес халықтық реформаны жария еткені белгілі. Осы бес халықтық реформаның екіншісі заңның үстемдігі мен меншік құқығының қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл орайда Елбасы «Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьяларды іріктеу, оларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі, судьялар корпусының жемқорлыққа баруы. Бізде заңгерлер, тіпті, сот процестеріне қатысу тәжірибесінсіз-ақ судья бола алады. Бұл кейде судьялар корпусында біліктілігі төмен мамандардың пайда болуына әкеліп соғады. Судьялар тарс жабық корпорация болмауға, судьялар қатарындағы жемқорлықтың емі болып табылатын қоғамдық сыннан тыс қалмауға тиіс» деп атап көрсете отырып, сот жүйесіне жаңа міндеттер қойды. Президент судьяларға біліктілік талаптарын қатайту керектігін тапсырды. «Судьялар корпусындағы орыннан үміткер нотариусте, ІІМ-де, полицияда немесе заңгерлер дайындайтын ЖОО-да емес, кемінде 5 жыл сот жүйесінде атқарған жұмыс өтіліне ие болуы тиіс. Кандидаттар жұмысынан босатылған негізде және бір жылдан кем емес мерзімде соттардағы сот тағылымдамасы үшін шарт ретінде қатаң тестілік іріктеуден өтуі тиіс. Кез-келген жоғары тұрған судья төмен деңгейдегі соттарда жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, жұмысын енді бастаған судьялар үшін кем дегенде бір жыл сынақ мерзімін енгізген маңызды, ол одан табысты өткеннен кейін тұрақты судьялыққа тағайындала алады» деді Президент Н.Назарбаев.
Заңдар азаматтық қоғамдағы басты құндылықтарды қалыптастырушы бірден-бір абсолютті маңызды сипатқа ие күш болуы тиіс. Осы екінші реформаның мазмұнына сот жүйесін жетілдіру, полицияның қоғамның сеніміне ие болатындай дәрежеде жұмыс жасауына қол жеткізу, елдің әділ заңға деген сенімін арттыру енеді. Мұның ең басты артықшылығы әлеуметтік әділетсіздіктерге жол бермеу екендігін айтып өткім келеді. Демократиялық қоғамдағы ең басты құндылық адамның құқығы мен еркіндігі болса, оны жүзеге асырушы бірден-бір тетік – осы әділ заң мен құқық сақшылары. Сондықтан да бұл реформаның еліміздің әрбір азаматына берері мол.
– Елбасы алдағы уақытта судьялардың біліктілігіне де баса мән берілетіндігін айтты. Бұл тұрғыда судьялыққа үміткерлердің жеке басының қасиеттері қалай бағаланбақ?
– Жұмыс бабында судьялар түрлі қиын қақтығыс оқиғаларға тап болуы мүмкін, сондықтан судьяларға біліктілік емтиханымен қатар, психологиялық тестілеуден өтуі міндеттелуі керек. Аталған тесттен өту (маман психологтардың қатысуымен) болашақ судьялардың психологиялық төзімділігін, адамдармен қарым-қатынас жасау, іске қатысушыларды ұстамдылықпен тыңдау және тәртіптілігін тексеруге мүмкіндік береді. Бұл нақты тұлғаның сот саласындағы әлеуеттік сыйымдылығы мен мүмкіндіктерін анықтауға, үміткерлердің жеке басына қатысты оң мәліметтерді анықтау, үміткерлердің арасынан психологиялық тұрақсыздығына немесе психикалық жай-күйіне әсер ететін түрлі наркотикалық құралдарды пайдаланатын теріс ойлы тұлғаларды анықтауға жол береді.
Психологиялық қасиеттермен қатар судьялыққа үміткерлердің моральдық қасиеттері де назарға алынады.Былтыр қарашада ҚР «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Судьялыққа үміткерлердің моральдық қасиеттеріне қатысты облыстық соттарда Қоғамдық кеңестер құрылды.
Мұндай, судьялыққа үміткерлерді іріктеу тәжірибесі облыстық сотта 2012 жылдан қалыптастырылған. Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының облыстық филиалы жанынан құрылған Қоғамдық кеңес азаматтар мен судьялар корпусының өзара байланысын қамтамасыз етуге ықпал еткен.
– Қазір әділдік іздеген адам көп. Олар алдымен әділ соттан шынайы төрелік күтеді. Осы орайда сот жүйесіне азаматтардың сенімін арттыру мәселесі жайлы айтсаңыз.
– Соңғы жылдары Қазақстанның сот жүйесімен азаматтардың сенімін арттыруда және соттардың жұмыс сапасының қанағаттандыруы барысында үлкен жұмыс атқарылуда. Атқарылып жатқан жұмыс өзінің оң нәтижесін беруде. Бұған дәлел – сот кеңістігіне түскен азаматтардан тәуелсіз социологиялық сұраныстың қорытындысы. Азаматтардың сот жұмысының сапасына қанағаттануы мен сенім білдіру дәрежесін анықтау үшін БҰҰДБ-ы Құқықтық саяси зерттеу орталығымен бірігіп, Қоғамдық ойды зерттеу орталығы 2015 жылдың ақпаны мен мамыр айына дейінгі аралықта 193 аудандық және оған теңестірілген республикалық соттарда сот істеріне қатысушыларға сауалнама жүргізген. Сауалнама қорытындысы бойынша жалпы соттардың жұмысына қанағаттану дәрежесі пайыздық есеппен сауалнама алынғандардың 71,3 пайызын құрапты. Сауалнама авторларының мәліметі бойынша, жалпы азаматтар сот қызметін жоғары бағалады, яғни олар соттың қолжетімділігі мен ақпараттың мазмұндылығымен, тілдегі ақпараттың қолжетімділігі мен қызметі, сот отырысының өтетін уақыты мен орны туралы уақтылы хабарлануы, сонымен қатар, кеңсе қызметкерлерінің сыпайылығы мен құзыреттілігі сапасына жоғары баға берді.  Сот жүйесінің ашықтығы жоғары дәрежеге жеткізілуі, азаматтардың әділет органдарына сенімін арттырды. Бұл өз кезегінде біздің де жұмысымызға соны серпін берді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Фариза Әбдікерімова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support