Халықаралық жиынның арқауы – Ата Заң

               Халықаралық  жиынның  арқауы – Ата  Заң
ашық дереккөз
Халықаралық жиынның арқауы – Ата Заң

Облыс орталығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Қазақстан Конституциясына 20 жыл: бастауы, теориясы және қазіргі заманғы тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстық соттары ұйымдастырған шараға Қырғызстан және Өзбекстан сот жүйесінің өкілдері, судьялар мен ардагер судьялар, сот қызметкерлері, жоғары оқу орындарының мұғалімдері, жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов жиналғандарды Ата Заңымыздың мерейлі мерекесімен құттықтап, конференцияның жұмысына сәттілік тіледі. Жоғарғы Соттың судьясы Нұржан Қайыпжан Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәмидің құттықтау хатын оқып берді. Онда Қазақстан халқы жиырма жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылдаған Конституция мемлекетіміздің гүлденуінің басты кепілі екендігі атап өтілген. «Қазақстан Республикасының Конституциясы – заңмен бекітілген жалпы ұлттық ой. Онда біздің ата-бабамыздың өз тағдыры мен бостандығын басқару мүмкіншілігі туралы үміті көрсетілген. Қоғамның даму бағыты мен мақсатының сілтемесі болып табылады. Мемлекеттің Ата Заңын қабылдаған уақыттан бастап тәуелсіз сот пен басқа құқықтық институттарды құру жұмысы басталды. Конституция адамдардың құқығы мен бостандықтарының сотпен қорғалуының жалпы бағытын анықтайды. Сондықтан, ол – мемлекеттегі заңдылықты айқындайтын басты бағдаршам», – делінген хабарламада. Конференцияда облыстық соттың төрағасы Р. Алшынбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н. Шәріпов, Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласының Октябрь аудандық сотының судьясы, заң ғылымының кандидаты К. Абакиров, Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Зерттеу орталығының бас кеңесшісі Т. Абдулғазиев, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы, заң ғылымының кандидаты, доцент Қ. Нұрманбетов, облыстық адвокаттар алқасының президиум төрайымы А. Раисова мен тағы басқалары «Конституция жобасының жасалуы мен оның нормаларының қолданылуының теориялық және тәжірибелік мәселелері», «Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің басты Заңы, демократиялық мемлекеттің дамуының тұрақты кепілі», «Қылмыстық сот ісін жүргізу мен конституциялық принциптердің өзара байланысы: қазіргі жағдайы мен болашақта дамуы» тағы басқа тақырыптарда баяндамалар жасады. Жалпы халықаралық ғылыми-тәжірибелік іс-шарада Конституция мен Мемлекет басшысының бес институттық реформасы бойынша сот жүйесіндегі заңның үстемдігін қамтамасыз ету жолдары кеңінен талқыланды.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар