Ерғали Тілеубеков Көлтоған ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих, қоғамтану факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Көлтоған ауылындағы Лермонтов мектебінен бастаған. Кейіннен интернат меңгерушісі, директоры, Алматыдағы Ресейдің көлік шығаратын «Ежевск» зауытының Қазақстандағы өкілеттілігі – коммерциялық фирманың директоры қызметтерін атқарады. 1996 жылдан 2007 жылға дейін Көлтоғандағы Рысбек батыр ұжымшарын басқарады. 2007-2010 жылдары «Жуалы-Болашақ» ауылдық тұтынушылар кооперативінің төрағасы. 2010-2014 жылдары Қарасаз ауылдық округінің әкімі. 2014 жылдың сәуірінен Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы. Ауған соғысының ардагері. «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ауған халқының алғысы», «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Батыр шапағаты» сынды бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақта «Еңбек – бәрін жеңбек» деген сөз бар. Осы тіркесті заман талабына сай, соны жаңалықтарды енгізе отырып еңбек еткен ғана бәрін жеңбек деп, бүгінгі күн талабына сай түсінгеніміз жөн шығар. Себебі заманауи құрылғыларды, әдіс-тәсілдерді тірлігінің туы етпегендердің бүгінде биік белестерді бағындыруы қиын. Жуалы аудандық мәслихаты үшін де жаңашылдық жат емес. Мұндағылар осындай жаңашыл бастамаларымен қарапайым халық пен билік арасындағы байланысты берік орната білген. Біздің Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы Ерғали Өтемісұлымен болған сұхбатымыз осы арнада өрбіді. – Ашығын айтар болсақ, көбінесе түрлі деңгейдегі, әсіресе, аудандық, ауылдық округтерден сайланған мәслихат депутаттарының нендей тірліктер атқарып жүргендігін қарапайым жұртшылық біле бермейді. Білмейтін болғандықтан шығар, оларға кейде көңілдері толмайды. Сондықтан сіз алдымен мәслихат хатшысы ретінде, аудан мәслихатының депутаттары тындырған істерге тоқталып өтсеңіз... – Жалпы, аудандық мәслихаттың депутаттары 2012 жылы 13 сайлау округі бойынша 13 депутат сайланған болатын. Қазіргі таңда 1 депутат ауылдық округ әкімі болып сайланғандықтан, халық қалаулыларының саны – 12. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады. Өйткені осы сессияда және тұрақты комиссияның бірлескен отырыстарында депутаттар ауданның жылдық бюджеті, ауызсу жүйесінің жағдайы, кәсіпкерліктің деңгейі, білім беру жүйесіндегі мәселелер, ауыл шаруашылығындағы алаңдатар жайттарды сессияның күн тәртібіне енгізіп, шешімдер қабылданады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін тек аудандық бюджет арқылы ғана шешу мүмкін емес. Көп жағдайда әлеуметтік мәселелер облыстық, республикалық бюджеттерден қаржыландырылады. Дегенмен, біз мәселенің шешімін табудың түрлі жолдарын қарастырудамыз, жаңашыл тәжірибелер енгізудеміз. Аудандық мәслихат депутаттары сайлаушылармен тығыз байланыс орнатқан. Олар қоғамдық қабылдау өткізіп қана қоймай, әртүрлі жиындар, мәдени, спорттық шараларға да белсене қатысуда. Сайлау округтері бойынша түйіні табылмай тұрған сұрақтарды бірлесіп шешу жағын да қарастырады. Мәселен, Қайрат ауылының ескірген ауызсу жүйесін жөндеуге аудандық мәслихат депутаттары Э. Мамедова мен Қ. Сыдығалиевтер тікелей ұсыныс жасап, 860 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызыларық ауылындағы көше 15 миллион теңгеге депутат З. Сұлтанмұратовтың ұсынысы бойынша орта жөндеуден өтті. Бәйтерек ауылындағы Еңбекші көшесі де осылай жөнделді. Тағы бір депутатымыз К. Бегалиевтің табандылығымен Түктібай ауылының көшелерін жарықтандыруға 1,6 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. №3 сайлау округі бойынша сайланған депутат К. Айтқұлова аз қамсыздандырылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіп, Қарасаз, Ақбастау ауылының орталық көшелерін жарықтандыруға ықпал етті. Депутаттар Н. Тыныбеков пен С. Жұмашевтің ұсыныстарымен Ынтымақ мектебі, Билікөл балабақшасы жөндеуден өтті. Өзге де халық қалаулыларының бастамасымен Б. Момышұлы ауылындағы Қ. Ералиев, Әйтеке би көшелеріне асфальт төселіп, Бәйтерек, Жанқожа батыр көшелері жарықтандырылды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу, балабақша маңын абаттандыру секілді өзге де бірқатар істер өз шешімін табуда. Осылайша аудандық мәслихат пен аппарат халық тұрмысын жеңілдете түсу үшін бірқатар жетістіктерге жетті. – Әлгі бір сөзіңізде жаңашыл тәжірибелер енгізудеміз деп қалдыңыз. Ол нендей бастамалар? – Негізінен мәслихатта екі тұрақты комиссия болады. Сессияға бүкіл материалды сол тұрақты комиссия ұсынады. Бұрын күн тәртібіндегі мәселелер қалыптасып қалған шаблон бойынша жазылып келген екен. Және екі комиссия бірге отыратын. Мен бұл лауазымға келгеннен тұрақты комиссияның жұмыс тиімділігін арттыра түсу мақсатында екі комиссияны бөлек отырғызу тәртібін енгіздім. Шаблонмен жұмыс істеуді қойдық. Бұрын не ауыл әкімі, не ауылдың учаскелік полициясы тұрақты комиссияда өздері есеп бермей, тек қағазын ұстатып, мамандарды жіберіп отырған екен. Бүгінде тиісті лауазым иелерінің тек өздері келіп есеп береді. Айына бір не екі рет тұрақты комиссияның отырысын ұйымдастырып, олардың атқарып жатқан істерін талқылап, шешім шығарамыз. Сосын қордаланған мәселелерді тоқсанына бір рет сессияға ұсынамыз. Қажет кезде түрлі сала мамандарынан, қарапайым халық арасынан комиссия мүшесін сайлауды, көшпелі комиссия отырысын ұйымдастыруды қолға алдық. Көшпелі комиссия отырысы халықтың ортасында өткізілетіндігімен тиімді болып отыр. Бір айта кетерлігі, көшпелі отырысқа біз кейде сол ауылдың әкімін қатыстырмай өткізудеміз. Өйткені халық олардың көзінше проблемасын ашық айтпауы мүмкін. Біз бұған тәжірибе барысында көз жеткіздік. Отырыста айтылған мәселелер аудан әкіміне хабарланып, сессияға ұсынылып, оңтайлы шешім қабылданады. Сонда халық та, қоғам да тыныш. Мұнымен қоса, «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» Заңының 39-бабына жергілікті қоғамдастық құру, оның мақсат-міндеттері енгізілген болатын. Біз бүгінде сондай жергілікті қоғамдастықтың пайдасын, тиімділігін көрудеміз. Мәселен, бұрын ауылдық ақсақалдар кеңесі болған. Бірақ, оларда құқықтық негіз болмайтын. Ал қоғамдастықтың ондай құзыреті бар. Олар ауылдың мәселесі бойынша өздерінің жиналысын жасап, сессияға ұсыныс жасауға құқылы. Біз жергілікті қоғамдастықтың төрағаларын депутаттардан, зейнеттегі полковниктен, көзі ашық, қызмет істеген жігіттерден сайлаудамыз. Себебі ай сайын немесе тоқсан сайын қоғамдастықтың жергілікті әкімдердің бюджетінің кіріс-шығыс есебін алуға құқығы бар. Мысалы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша әр адамға 830-850 теңгеден ақша қарастырылады. Ол дегеніңіз – бір округқа кем дегенде 5 миллион ақша бөлінеді деген сөз. Сол ақшаны көшеден сайланған халық өкілдері қайда жұмсау керектігін шешеді. Өйткені олар ауылдың шынайы атмосферасын біледі. Бұрын атқарушы органдар бөлінген қаржыны өздері жоспарлап, шешімді өздері қабылдап келгені жасырын емес. Қазір 6 ай сайын қоғамдастық мүшелері комиссия құрып, сол комиссияға құзырлы мекемелердің мамандарын қатыстырып, әкім жұмысына мониторинг жасай алады. Кемшін тұстары болса, сессияға шығарып, прокуратураға беруге де құқығы бар. Бұрын ардагерлер кеңесінде ондай құзырет жоқ болатын. Міне, қазір барлығы да осылайша халықтық бақылауда. – Мәслихат депутаттарының атқарған қызметтеріне жалпылама тоқталып өттіңіз. Ал өзіңіз депутат ретінде нендей істер тындырдыңыз? – Мен №7 сайлау округінен депутат боп сайландым. Осы округке қарасты Тәуелсіздік көшесіне жоспардан тыс қаражат бөлдіріп, асфальт төсеуге мұрындық болдым. Жеңіс және А. Иманов көшесіне құм төсетіп бердім. Депутаттық сауалмен Бәйдібек батыр және Ш. Қалдаяқов көшесіне ауызсу жүргіздік. Бұрын жартылай ғана кірген екен. Сондай-ақ, Тәуелсіздік көшесінің бойында терең сай бар. Сондағы төрт көпірдің әбден тозығы жеткен болатын. Ауыл тұрғындарының айтуымен, көпірлерге 1 миллион 200 мың теңге бөлдіріп, жөндеуден өткіздік. Бүгінде балалары үшін алаңдайтын ата-аналарының көңілі жай, оқушылар да көпірлерден емін-еркін өтуде. Мұнымен қоса, бес көшенің тұрғындары түнде жарықтандырылудың нашарлығын айтып жиі хабарласатын. Мен соған 35 шамға 500 мың теңге бөлуге ықпал еттім. Тағы бір айта кетерлігі, негізінен жыл басында бюджет бектілерде барлық депутатқа жалпылама қаражат қойылады екен. Мен мәслихат хатшысы ретінде, депутаттармен ақылдаса отырып, биыл әр депутатқа жеке-жеке қаражат қоюды ұсындық. Бұл тек біздің ауданда жүзеге асып жатқан бастама десем, қателеспеспін. Бұдан бір ұтатынымыз, әр депутат өзіне бекітілген қаражаттың мақсатты жұмсалуын өзі қадағалайтын болады. Әрі сол қаражатқа жұмысын жобалық-сметалық құжатсыз-ақ мысалы, ағымдағы жөндеу ретінде тез арада, көп шығынсыз атқаруға мүмкіндігі бар. – Өзіңіз айтпақшы, негізгі қордаланған мәселелер сессияға ұсынылып, сонда қаралады. Сондықтан депутаттардың атқарып жатқан істерін де сол арқылы бағалауға болатын шығар. Биыл аудандық мәслихатта айтылған негізгі мәселелер қандай? – Биыл біз аудандық мәслихаттың 6 сессиясын өткіздік. Оның 3-еуі кезектен тыс өтті. Ал былтыр 15 сессия өткізген болатынбыз, оның 11-і кезектен тыс болды. Осы мерзім ішінде негізінен ауызсу жүйесінің мәселелері, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, білім беру мекемелеріндегі өзекті мәселелер көбірек көтерілді. – Рахмет!
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді