«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балуандар белдесіп, футболдан сынға түсті

Балуандар белдесіп, футболдан сынға түсті
ашық дереккөз
Балуандар белдесіп, футболдан сынға түсті
Ауыл шаруашылығы саласының үздігі Рысбай Дәулетовті еске алу турнирі тартысты өтті

_DSC8382Еткен еңбек пен төккен тер ешқашан ұмыт қалмайды. Талас өңірі мыңғыртып мал өсіріп, еңбектің талай тарландарымен танылған өлке. Ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп, өмірден ерте озған аяулы азамат Рысбай Дәулетовті таластықтар құрмет тұтып, атқарған еңбегін еске алып отырады. Олай дейтініміз жылда Бостандық ауылында азаматы еске алуға арналған дүбірлі жарыс өтеді. Биыл да солай болды. Жарысқа Дәулетовтер отбасы ұйытқы болып, демеушілік көрсетті. Онда қазақ күресі және шағын футбол секілді спорт түрлері бойынша командалар сынға түсті. Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған спорттық жарыстың салтанатты ашылуына Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев пен аудандық мәслихат хатшысы Жұмабек Әсемов арнайы қолдау көрсете келіп, ауыл спортшыларына сәттілік тіледі. Талас өңірі – қазақ күресінен даңқты балуан Бейбіт Ыстыбаевтың туған жері. Сондықтан болар ауданда қазақ күресіне деген ынта, қызығушылық басым. Тартысты өткен ересектер арасындағы қазақ күресінен Қаратау қаласының белді балуаны Нариман Айтеннің мерейі үстем болып, жеңімпаз атанды. Екінші орыннан ақкөлдік байырғы ардагер-балуан Досан Қалаубек көрінсе, үшінші орынды С.Шәкіров ауылының балуаны Айбек Құлахметов иеленді. Ал жасөспірімдер арасында аққұмдық балуан Аян Рысбай алдан көрінді. Екінші, үшінші орындарды Қаратау қаласының жас балуандары Ерғали Қалдыбай мен Өмірбек Мәселбек өзара бөлісті. Шағын футбол алаңындағы жарыс та жоғары деңгейде өтті. Шағын футбол сынына қатысқан сегіз команданың ішінен Талапты ауылының талапты ойыншылары бірінші орыннан көрініп, арнайы кубокты иеленді. Екінші орынды Бостандық ауылының жастары еншіледі. Үшінші орынға аққұмдықтар ие болды. Барлық балуандар мен футболшыларға диплом мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Дүйсенбек Орманов, журналист. Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар