Енді аз күннен кейін мектептердегі оқу үдерісі қайта жанданбақ. Жаңа оқу жылының жаңалығы, ерекшелігі, басты ұстанымы қандай? Сала ісі ілгерілеуде ме? Кеше «Баласағұн» орталық концерт залында, міне, осындай келелі мәселелерді талқылап, алда тұрған міндеттерді айқындауға арналған «Жаңа білім бағдарламалары, инновациялар және құзыреттілікті тәсілдеме – табысты мектепке қадамдар» атты облыс мұғалімдерінің тамыз кеңесі өтті. Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалардың, білім беру ұйымдарының басшылары, сала қызметкерлері мен ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Негізгі баяндаманы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова жасады. Ол жалпы салада атқарылған жұмыстарға, мұғалімдер мен оқушылардың қол жеткізген жетістіктеріне жан-жақты тоқталып, мұның барлығы да облыста білім беру жүйесі дамытылуына айрықша көңіл бөлінгенінің жемісі екенін, биыл салаға бөлінген қаражат көлемі 75 миллиард теңгені құрап отырғанын жеткізді. – Білім қызметкерлерінің былтырғы жылғы тамыз кеңесінде облыс әкімінің міндеттеген 16 тапсырмасын орындау бойынша тиісінше жұмыстар жүргізілді. Негізгі тапсырма оқушылардың ҰБТ сынағында білім деңгейлерін көтеру болатын. 2014-2015 оқу жылына арналған оқушылардың білім сапасын арттыру бойынша қадамдық іс-қимыл жоспары жасалып, соған сай жұмыстар жүзеге асырылды. Мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, олардың білім сапасын арттыру мақсатында 71 iс-шара өткізіліп, оған 12380 мұғалім жұмылдырылды. 206 мектептің жұмысы зерделенді. Жоғары нәтиже көрсеткен мектептер тәжірибесі таратылып, ауыл мектептеріне әдістемелік көмектер ұйымдастырылды. Аудан, қала әкімдерінің қатысуымен көшпелі жиындар өткізілді. Дегенмен, осы атқарылған жұмыстарға қарамастан, ҰБТ нәтижесі бойынша назар аударатын жайлар баршылық, - деп баяндамашы соңғы екі жыл бойы ұлттық бірыңғай тестілеу барысында төмен көрсеткіш көрсетуінен танбай келе жатқан облыстағы он мектептің атын атап, түсін түстеп те берді. Қордай ауданында осындай төменгі білім көрсеткіштерімен «танылған» мектептер санының жылдан-жылға өсу тенденциясы да өткір сын тезіне алынды. Олардың қатары биыл 22-ге жеткен. Бұл жалпы білім беру жүйелерінде білім беру сапасы мен мамандар біліктілігіне, мектептің материалдық-техникалық жарақтандырылуы әлеуетіне мониторингтік зерделеу жүргізілуі қажет секілді. Сондай-ақ, оқушылардың білімін объективті бағалау мен бұл іске сыртқы бақылаудың әлсіздігі де көп жағдайларда бармақ тістетіп қалып жүргеніне мысал аз емес. Өткен жылы «Алтын белгі» мен үздік аттестатқа үміткерлердің Байзақ ауданында 91,7 пайызы, Таразда 84,2 пайызы, Талас ауданында 60 пайызы өз білімдерін дәлелдей алған екен. Бұл аталған аудандарда түлектер сынаққа жақсы дайындалғандықтарын көрсетсе, Т. Рысқұлов ауданында 16 үміткердің біреуі, Сарысуда 9 үміткердің екеуі ғана өз білімдерін дәлелдей алды. Баяндамада мектепке дейінгі тәрбие, қосымша білім, құқықтық, патриоттық тәрбие беру, мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен қамтылды. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан Тараз қаласындағы Пушкин атындағы орта мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары С. Мәмбетқұлова, Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы Д. Мамытбеков, облыстық «Дарын» ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры М. Әбдірайымова өздерінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып, мәселелерімен де бөлісті. Бұдан кейін Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты жөніндегі департаменті директорының орынбасары Е. Үйсімбаев жалпы еліміздің білім беру саласындағы қол жеткізілген жетістіктер мен бұл тұрғыда Елбасымыз алға қойған міндеттердің орындалу жайына тоқтала келе, Жамбыл облысының еліміздегі білім көрсеткіштері бойынша жетекші облыстың бірі екенін, соңғы жылдары кейбір көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижелер байқалып отырғанын, балалардың мектеппен қамтылуы жүз пайызды құрайтынын, биылғы ҰБТ сынағында жүзден жоғары балл алушылардың үлес салмағы былтырғыдан біршама өскендігін ерекше атап көрсетті. Ол облыс білім қызметкерлерінің жаңа оқу жылында да осы шыққан биіктерін аласартпайтынына сенім білдірді. Жиынды қорытқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев білім қызметкерлерін енді аз күннен кейін басталатын жаңа оқу жылымен құттықтап, шығармашылық жаңа жетістіктер мен табыстар тіледі. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына кеңінен тоқталды. Өңірдің экономикалық-әлеуметтік жетістіктерін де тарқатып айтты. Өңір басшысының айтуынша, жаңа оқу жылының жаңалығы аз болмайтын түрі бар. Облыста, әсіресе, білім нысандары көптеп салынуда. Осы мақсатқа былтыр 10,2 миллиард теңге бөлінсе, биыл 7,4 миллиард теңге бөлініп, 24 білім нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде 1 мектептің құрылыс жұмыстары бітіп, пайдалануға қабылданған, 8-і жаңа оқу жылында оқушылар игілігіне берілмек. Балабақша желісі кеңейтілу үстінде. Өңірде биылдың өзінде 3 балабақша, 3 шағын орталық ашылып, жыл соңына дейін 3125 орын ашу жоспарланып отыр. Осы орайда өңір басшысы бала бақшалар желісін ұлғайтуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жеке кәсіпкерлерді көптеп тартудың тиімді екенін еске салып, аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Кәрім Нәсбекұлы Қордай мен Меркі аудандары оқушыларының соңғы екі жыл бойына төменгі білім нәтижелерін көрсетумен келе жатқанына назар аударды, облыста соңғы жылдары мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу деңгейі біртіндеп төмендеу үстінде екенін де еске салып өтті. Басқаны былай қойғанда, Тараз қаласы мектеп бітірушілерінің биыл ҰБТ-ға 10 пайызы қатыспаған. Облыс орталығындағы мектептерде шәкірттерге деңгейлеп оқыту курстарынан өткен білікті мұғалімдер дәріс береді. Олардың әр деңгейге сәйкес айлық жалақылары да өсіп отыратыны белгілі. Ал мына жағдай мұғалімдердің білім-білігінің сапалылығына күмән туындатады. Білім саласына бағытталған мемлекеттің қыруар қаржысы тиімді жұмсалынуы керек қой. Облыс басшысы осымен байланысты облыстық білім басқармасы басшысына деңгейлік курстардан өткендердің білім сапасына мониторингтік зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. -Ел игілігі үшін аянбай еңбек ету – әрбір ұстазға жүктелген қасиетті парыз. Білім саласына қолдау көрсету 100 қадамнан тұратын Ұлт жоспарында да жан-жақты көрініс тапқан. Бүгінде саланы дамытуға бар жағдай жасалып отыр. Ендігі қалғаны мұғалімдердің жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен орындауы, - деген облыс басшысы биылғы ҰБТ кезінде 125 баллға ие болған Тараз қаласындағы № 45 қазақ классикалық гимназиясының түлегі Гүлназ Ердосованың, сондай-ақ, облыс бойынша алдыңғы орындардан көрінген облысымыздағы 5 бірдей оқу орнының – облыстық «Дарын» және қазақ-түрік ұлдар және қыздар мектеп- интернаттары мен Тараз қаласындағы № 40, 45 гимназия-мектептерінің үздік көрсеткіштерін лайықты атап көрсетті. Кәрім Нәсбекұлы атқарған жұмыстарын оң бағалаған облыстық білім басқармасынан аудан әкімдері мен білім бөлімдерінің басшылары да үлгі алып, дәл солай жұмыс істесе, облыстың білім көкжиегі бұдан әрі де кеңейе түсер еді деп қорытты жиынды. «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері Тараз қаласындағы №40 мектеп-гимназиясына 17 миллион 91 мың, «Білім беру ұйымы қызметінің тиімділігі» рейтингінің ең жоғары көрсеткішіне ие болған № 45 гимназия-мектебіне 500 мың теңгенің сертификаттары осы жиын үстінде табыс етілді. Бірқатар білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Ы. Алтынсарин медалімен, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді