«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сынықшы

Сынықшы
ашық дереккөз
Сынықшы

Сынықшы– Алланың өзі қалаған пендесіне бір тылсым күш беріп, сол арқылы қиналғандарға көмектесетініне тағы бір мәрте көзім жеткендей болды. Әйтпесе, ауруханадағылар «Ештеңе жоқ, ұлыңыздың аяғы сау. Сынықтан аман, шыбығы тайып, шығып та кетпеген» деп қайтарды ғой. Самбырлаған дауыстан оянып кеттім. Таныс үн. «Е, әпкем келіпті ғой» дедім іштей әңгіме ауанына қарап. Сөзді арыдан бастап, айтарын тәптіштеп жеткізетін қашанғы әдеті. Тыңдаушысын еріксіз еліктіреді. Көргенін білгенімен сабақтастыра айтатын болған соң ба, оның ой-тұжырымымен келісіп, ендігі бір сәтте бас изеп, құптағаныңды аңғармай да қаласың. Дәл қазір оның баяндап отырған оқиғасы шарықтау шегіне жеткен тәрізді. Яғни, қызығы алда. Әпкемнің әңгімесін үзіп алмау үшін оянғанымды байқатпай, көзімді жұмып жата бердім. – Рентгенге екі-үш мәрте түсірдік. Дәрігерлердің айтысы – аяғы сау. Содан не керек, үйге келдік. Бірақ, балам аяғын баса алмайды. Отырып-тұруы қиындап кетті. Болмаған соң осы өзіміздің ауылдағы сынықшы Сара апаға апардым. Қолымен сипап отырып, шыбығы тайғанын айтты. Уқалап отырып, салып берді. Келесі күні аяғын нық басып, сабаққа барды. Осы тұсқа келгенде шыдамай кетіп: «Онда Бекті де сынықшыға апарайық та. Аяғын баса алмай жүр ғой. Құлаған ба, қайырып алған ба, ол жағын айтпайды өзі», – деп, орнымнан атып тұрдым. Арада жарты сағат өтпей жатып Сара апаның алдында отырдық. Рентген аппараты таппаған сынықты қолмен сипап отырып, қалай табады? Білгім келетіні – сол. Содан ептеп сынықшыны әңгімеге тарттым. «Е, сынықшылықты қайдан үйрендіңіз дерің бар ма?! Алланың өзі үйретті ғой. Ең алғаш жағын аша алмай қиналған көрші апаға көмегім тиді. Доқтырдағылар болмады депті. Қой, көңілін сұрап шығайын деп барғанмын, аузын аша алмай отырғанына қарап, баласына: «Апаңның жағын салып берсем, не бересің», – дедім күліп. Ол қалжыңдап тұр деді білем. «Ой, доқтыр болмайды деп қайтарды ғой» деді. Жағын уқалап-уқалап тартып қалып ем, шарт ете түсті. Аузына ағаш қасық тістетіп қойдым. Ертесіне тамақ іше бастады. Содан кейін ауыл арасы мені сынықшы атап кетті», – дейді сынықшы. Жалпы, бұл қасиет Сара апаға арғы аталарынан дарыған екен. Үлкен апасын жұрт «маман апа» деп атап кетіпті. Аяғы ауыр әйелдер босана алмай қиналғанда сол кісіні шақыртады екен. Ал ел аузында Қара әулие атанған арғы атасы емшілікті ұстанған кісі болыпты. «Бірде түсімде осы Қара әулие атам кіріп, маған иығындағы жыланын берді. Әлгі дәу жылан сырғып түсіп, мені аяғымнан буып, мойныма дейін оратылып шығыпты деймін. Ысылдап тура бетіме қарап тұр екен. Бірақ, мен атама мына жыланыңды алмаймын дедім. Атам менің дегеніме көнбей: «Болмайды, сен аласың, сенен басқа кім алады?» дегені есімде», – дейді сынықшы. Алладан ерекше қасиет дарыған сынықшы Сара бүгінде Көкдөнен ауылында тұрады. «Сынған, әлде шыққан тұсқа келгенде алақаным жүрмей қояды. Сынықты содан білемін», – дейді Сара апа. Құдайға шүкір, ойнап жүріп, тобығын тайдырып, шыбығын шығарып алған ауылдың қарадомалақтары сынықшының алдынан құлантаза жазылып шығады.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар