«Тараз қаласында жүрегі оң жағында орналасқан оқушы қыз бар» дегенді есігенде қатты таңдандық. Мұндай да болады екен-ау» – деп жағамызды ұстадық. Шамамен миллион адамның арасында біреуде ғана кездесетін ерекше қызға жолыққанша асықтық. Айдана – Тараздағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 3 «ә» сыныбына өтіпті. Оқу озаты, «Жас қыран» ұйымының белсенді мүшесі. Айдананың би билеп, ән салатын өнері де бар екен. Мектептегі ән үйірмесінің жетекшісі Жамбыл Баймаханов Айдананың болашағына үлкен үмітпен қарап, халық әндерін орындауға баулып жүр екен. Айдананың әкесі – Асылбек Естаев көлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Анасы – Индира Кенжебаева төрт ұл-қыздың тәрбиесімен үй шаруасында. – Біз қызымыздың жүрегіндегі мұндай ерекшелікті Айдана төрт жасқа келгенше байқаған жоқпыз. Көп ауырған емес. Төрт жасында қатты жөтеле берген соң, рентгенге түсіргенбіз. Дәрігерлер жүректің орны алмасып кеткенін сол кезде байқады. Осы жағдайды естіген соң, өзіміздің аймақтағы №9 емхана дәрігерлеріне әбден тексерілдік. Олар жүрек соғысының белсенді, баланың даму жағдайы бірқалыпты екенін, мұндай жағдайдың миллионнан бір адамда кездесе беретінін айтып, көңілімізді орнына түсірді. Тіпті, мұндай жағдайды қауіпті аурулар туралы есепке де тіркемейді екен. Қалыпты жағдайға жататын көрінеді. Айдана да денсаулығының жақсы, еш жері ауырмайтынын айтады. Қызылорда облысынан жүрегі оң жағына орналасқан жігіттің денсаулығы дұрыс деп танылып, әскерге алынғанын осыдан сегіз жыл бұрын естігенім бар еді. Қызымның ерекшелігін білгенде әлгі жағдай ойыма бірден оралды. Алланың бұл да бір сыйы шығар. Жаратушы ғұмыр берсін қызыма. Бөлімшедегі мейірбикелер жиі келіп, перзенттеріміздің жағдайын біліп тұрады. Айдананы да қадағалап жүреді. Айдана – үйдің тұңғышы. Өзі белсенді, ұқыпты, пысық. Мектептегі мыңдаған оқушылардың ішінде барлығы Айдананы таниды. Жоғары сынып оқушыларымен де, өз құрдастарымен де, кіші сынып оқушыларымен де Айдана тез тіл табысып кете алады. Сөзге шешен. Кейде үлкен кісілердей тауып айтады. Бір Құдай тіл-көзден сақтасын дейміз, –деді анасы Индира. – Мен мектептегі, үйдегі барлық шаруаға белсене араласамын. Білім ордасында өтетін іс-шараларда ән саламын. Бірақ, мектепте еліміздің Әнұраны орындалған кезде қолымды оң жағыма ұстаймын.Ұстаздарым бұл жағдайға тосырқап, оқушылардан ерекшеленбе дейді. Бірақ, менің жүрегім оң жағымда емес пе? – деді Айдана. «Арманың бар ма, болашақта қандай мамандық иесі болғың келеді?» – деп сұрадық ерекше қыздан. – Тігінші болғым келеді, – деді Айдана. Балауса қыздың бұл арманына бәріміз бір күліп алдық. Анасы тұңғышының бұл таңдауын өзінің және бауырларының киімін реттейтіндігінен, жыртығын жамап, үзілген түймені қадап үйренгеннен айтылғанын, есейе келе арманы асқақтайтынын түсіндірді.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді