Бақсылық

Бақсылық
ашық дереккөз
Бақсылық

немесе қара тауық қайдан шықты?

1Мен бүгінде немере-шөберелерімнің қызығын көріп отырған 75 жастағы қарияның бірімін. Осы уақытқа дейін өмірдің талай қызығы мен қайғысына, сонымен бірге, тылсым сырларына да куә болдым. Соның бірінің шешімі күні бүгінге дейін мен үшін жұмбақ болып келеді. Бәрін басынан баяндайтын болсам, мен ол кезде 8-9 жасар баламын. Жуалының Талапты деген ауылында тұратынбыз. Сонда бізге туыс боп келетін Жыға есімді бір апамыз болды. Өзі келісті, кимешекті сол кемпір қашанда көк есекпен жүретін, қолында бес өрім қамшысы болушы еді. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Ерекшелігі, басына үкі тағып жүретін және өзінің бақсылық, емшілік қасиеті болатын. 937016 Менің шешем – Тазаның Дәне есімді сіңлісі бар еді. Соның баласы тұрмай, бірінен соң бірі шетіней берді. Жыға апамыздың қасиетін білетін шешем бір күні сіңлісін сол кісіге алып келді. Жыға апа ескілеу тоқал тамның есік-терезесін жауып, шырағдан жақты да, зікір сала бастады. Үйдің іші үлкен-кішісі бар, толып отырмыз. Бәріміз апаның бұйыруымен айтқандарын қайталаудамыз. Бір кезде қайдан екені белгісіз, бір үлкен қара тауық шыға келді. Таң-тамаша қалдық. Өйткені, үйде тауық атаулы мүлдем жоқ болатын. Апамыз әлгі тауықты үйдің ішін айналдырып қамшысымен әбден сабады. Сосын есікті ашты да, далаға қаша жөнелген әлгінің артынан қуып жүріп тағы ұрды. Біз де балалықпен апаның артынан қалмай жүгіріп келеміз. Жүндерінің бәрі түсіп қалған тауықтың үсті қып-қызыл, қан-жоса болды. Бір уақытта апамыз шаршады ғой деймін, жерге құлай кетті. Артынша насыбай сұратып, соны атып, өзіне келген соң үйге алып келдік. Сонда барып бақсы апамыз шешеме: – Әне, жаңағы қара тауықты көрдің ғой. Болды, енді, бауырың ұлды да, қызды да болады! – деді. Расында да сол Дәне әпкеміз 6 баланың анасы атанды. Бала кезімнен жадымда сақталып қалған осы бір жұмбақ көрініс, тылсымның сыры мен үшін әлі беймәлім болып келеді. Қара тауық қайдан шықты?

Сүлеймен ӨТЕШЕВ, зейнеткер.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар