- Advertisement -

Моцарт

205

- Advertisement -

Жақсыны жатсынбайтын халқымыз Моцарт музыкасын да жақын тұтады. Альпі тауының баурайындағы Зальцбург қаласында 1756 жылдың 27 қаңтарында дүниеге келген Вольфгангтың анасы жеті құрсақ көтерген. Алдыңғы ағалары шетіней-шетіней келіп, өзінен 4 жас үлкен Мария-Анна есімді әпкесімен ғана қалған Вольфганг Амадей  музыкант, педагог, камердинер әкесі Леопольд Моцарттың тәрбиесін көп көрген.

Моцарттың дара дарыны жас күнінде де емес, бала күнінде де емес, тіпті сәби күйінде танылған екен. Үйдегілер Наннерль деп еркелете атайтын қызын музыкаға үйрете жүріп, әкесі кіп-кішкентай Вольфгангтың клавесиннің түбінен шық­пайтынына таңдана қарап қоятын. Күндердің бір күнінде жасы 4-ке де толық толмаған әлгі бала үстелге шығып алады да сияқұтыға қауырсын қаламмен қоса қолын да батырып жіберіп, нота қағазына бірдеңелерді жаза бастайды. Әкесі жанына барып: «Мынауың не?» десе баласы: «Клавесинге арналған концерт» дейді… Әуелде сәбиінің солай сөйлегенінің өзіне мәз болған әкесі нота қағазына ұзақ қарап тұрады да бір кезде көз жасына ерік береді. «Қараңдаршы, қараңдаршы, – дейді ол көрші-қолаңды жинап, – қандай сауатты жазылған, мағынасы қандай!». Сөйтсе, бала нота танығаны былай тұрсын, әпкесі орындап жүрген музыкалық пьесалардың бәрін де жатқа білетін болып шығады. Бара-бара балалардың клавесинде ойнауды жете меңгергені сондай, 1762 жылдың қаңтарында Леопольд Моцарт қос құлыны – Вольфганг пен Наннерльді жанына ертіп алып, Мюнхенге жол тартады да, Бавария курфюрстінің сарайында тұңғыш рет өнер көрсетеді. Көп ұзамай олар ел астанасы – Венаға шақырылады. Музыкалық өмірдің айран-асыр қалдырарлық сенсациясына айналған сол сапар кезінде балалар күніне қатарынан 4-5 сағатқа дейін концерт беріп жүреді. Мұндайлық салмақ алты жасар Алпамыстың өзіне де ауыр соғатыны анық қой, ақыры алты жасар Вольфганг та, он жасар Анна да қызамықпен ауырып, Зальцбургке қайтады. Үйде біраз емделген соң Леопольд Моцарт балаларын ертіп тағы да жолға шығады. Енді қайтадан Мюнхенге, Венаға, одан әрі Париж бен Лондонға, одан әрі Гаагаға, Амстердамға барады. Қайда барса да жиналған қауым таң-тамаша қалады. Жас орындаушының жер жарған атағы император Францқа да жетеді. Моцарттың ойынын тыңдап болған соң император бұрын пернелерді орамалмен жауып қойып шығарма орындай беретін бір музыкантты көргенін айтады. Вольфганг сол арада орамал әкелуді сұрайды да, пернелерге төсеп кеп жіберіп, жаңағы тартқан шығармасын сол күйінде қайтадан тартып береді.
Әрине, бала Моцарттың мұндай қабілетін еңбекқорлықпен, оқуға ыждағаттылықпен ғана түсіндіре салуға болмайды. Төрт жасында аса күрделі менуэттерді жарты сағаттың ішінде жаттап алу, өзінің клавесинге арналған алғашқы концертін жазу үшін Құдай берген ерекше дарын, бөлекше сезімталдық керек. Жас композитордың адам сенгісіз дарынын музыканттар ғана емес, ғалымдар мен дәрігерлердің де зерттеп жүргені сондықтан еді. Олардың бәрі мұндай талант тек Жаратқан Иенің сыйы дегенге тоқтасатын.
Император Иосиф ІІ Вольфганг шығармаларын сүйіп тыңдай жүріп, оған Вена опера театрының сахнасына қойылатын жаңа туындыға тапсырыс берген тұста да қызғаныштың қызыл иті баланың да балағынан қабады. Венадағы композитордың талайы жер астынан шыға келгендей жарқылдап тұрған жас періге жала жауып, жолын кеседі.
Вена театрындағы алғашқы сәтсіздіктен сағы сынған ұлын ертіп әкесі опера отаны – Италияға жол тартады. Римде, Миланда, Неапольда, Венецияда, Флоренцияда өткізген үш жыл (1770-1773) Моцарт талантын әбден кемеліне келтіреді. Әлемнің ең ірі театрларының бірі – Миланның «Ла Скаласы» оған «Понтия патшасы Митридат» операсын жазуға тапсырыс береді. Тамаша табысқа ие болған сол операны Моцарт жарты жылдың ішінде жазып шыққан. Мұнан кейін тағы да сол театрдың тапсырысымен «Люций Сулла» операсы жазылады. Алайда, итальяндықтарды Моцарт дарынының дара бітімі, өздері үлгі-қалып ретінде бекітіп болған арналардан ауытқи беретін асаулығы онша қанағаттандыра қоймайды. Екі елден де өзіне лайықты жұмыс таба алмаған Моцарт 22 жасында, әртүрлі жанрларда жазылған үш жүзге жуық туындының авторы болған кемел шағында туған қаласы Зальцбургке қайтып оралады.1781 жылы Венаға көшіп келген соң Моцарттың өмірінде аса бір жарқын белес басталады. «Серальдан алып қашу» операсы қойылғаннан кейін Гайднмен танысып, ұлы композитордың көп қамқорлығын көреді. Моцарттың таңғажайып талантын шын мәнінде тұңғыш рет түсініп, тиісінше бағалаған адам – Гайдн. «Өзім өз болғалы естіп-білген композиторлардың арасындағы ең ұлы композитор – сіздің ұлыңыз» – Гайдн Моцарттың әкесіне тап осылай айтқан. Талантты талант осылай танығанымен, қызғаныш өзегін өртеген күншілдер де қарап жатқан жоқ. 1786 жылдың 1 мамырында Венада «Фигароның үйленуі» қойылды. Тыңдаушы жұртшылықтың соншалықты сүйсінгеніне, қатарынан бірнеше рет қойылған спектакльге қоғадай жапырылып барғанына қарамастан, опера көп ұзамай-ақ… репертуардан алынып тасталды. Қарсыластары операны репертуардан алдыртқанмен, халықтың жүрегінен алдырта алған жоқ. Бай-бағлан да, кедей-кепшік те базарда болсын, паркте болсын, трактирде болсын «Фигаро онда, Фигаро мұнда, Фигаро онда, Фигаро мұнда» деп әндетіп жатты. «Фигаро» Прагада да өте сәтті қойылды. Чехтар Моцартқа «Дон Жуан» операсын жазуға тапсырыс берді. Бұл шығармасында Моцарт асқақ музыкалық трагедия мен опера-серианың ғажап жымдасуына қол жеткізді. Операның жанрын «көңілді драма» деп анықтау арқылы композитор бұған дейін жұрт желіктіре жазып, жалаулатып жүрген Дон Жуан бейнесінің күрделі кейпін ашып көрсетті.
35 жасында өмірден өткенімен, соның 30 жылында көкірегінен күй төгумен болған Моцарттың жұмыс дегендегі жанкештілігі ерекше еді. Композитор ұзын саны 600-ден астам шығарма жазған, олардың арасында 20 опера, 50 симфония, фортепианоға арналған 27 концерт, 20 квартет, квинтет, 30-дан астам соната, көптеген аспаптық пьесалар бар.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support