«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шу мен Ұлытаудың арасын...

Шу мен Ұлытаудың арасын...
ашық дереккөз
Шу мен Ұлытаудың арасын...

68 жасар Марат Балтабаев бастаған желаяқтар 1500 шақырымды жүгіріп өтеді

IMG_5365Қазақ  хандығының 550  жылдық  мерейтойына  орай  Алматы  марафоншылар клубының  ұйымдастыруымен  жүзеге  асқан  «Шу-Ұлытау»  марафоны өткен  сенбіде Шу қаласынан  бастау алды. Шу  ауданының  әкімінің орынбасары Ержан өмірәлиев Керей  мен  Жәнібек  хан  көтерген көк  тудың  көшірмесін Алматы марафоншылар клубының  басшысына табыстап, сәт-сапар  тіледі. Марафоншылардың   мақсаты – сол  туды өздері  межелеген шақырымдарды жүгіріп өткен соң, ҚР  Президентінің  мұражайына табыс ету. Қазақ  хандығының алғаш  туы тігілген аймақтан  жеткен марафоншыларды  Тараз қаласының  шығыс қақпасынан облыс  әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы  басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков  бастаған тараздық жұртшылық қарсы алды. Нұржан  Қырықбайұлы желаяқтарды бастамаларымен көпшілік атынан құттықтап, алдағы жоспарына сәттілік тіледі. Алматы марафоншылар клубының директоры Әлім Шәріпов зор ықыласпен қарсы алған  құрметтері үшін жамбылдықтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Қайырболат Елеубаев, жамбылдық марафоншы  Жанар Керімбеков сөз сөйлеп, жеңіл атлетиканың  осы түрі  саламатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен ықпал ететінін, тарихи мерейтой қарсаңындағы  іс-шараға қатысқандарын өздеріне  жетістік санайтындарын айтып өтті. *   *   * «Шу-Ұлытау»  марафонына қатысушыларды құрметтеу рәсімі Тараздағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағында жалғасты. Жиналған көпшілік  алдында  облыс  әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы  басшысының орынбасары Нұржан Қырықбайұлы сөз сөйлеп, Елбасымыз қазақстандық тұрғындардың бұқаралық спортқа тартылуына ерекше назар аударып отырғанын,  марафоншылар  бастамасы спортсүйер қауымға  үлгі болатынын айтып өтті. Келесі сәтте  марафонды ұйымдастырушы Әлім Сейтқалиұлы  сөз алып, жеңіл атлетиканың  шұғылданған әр адамға сергектік сыйлайтын пайдасы  жөнінде, бұл іс-шараға 20 мен 70  жас аралығындағы  азаматтар жас талғамай қатысуға ниет білдіргеніне  тоқталды. Марафоншылар арасында Меккеге дейін жүгіріп барып, қажылық  сапарын  өтеп келген  Дулат Иманғазы деген азамат та бар. Жерлесіміз Жанар Сембекұлы 65 жастағы марафоншы екен. – Марафонның  маңызы үлкен. Ортамызда жас жігіттер де бар. Дина  Мергенбаева деген желаяқ қыз да осы іс-шараға қатысуға   ынта білдіріп, хандықтың 550  жылдық тойына  өз үлесін қосуда. Марафоншылардың 11-і  Алматы қаласынан. Жасы ең үлкені менмін. Жасым 68-де. Бірақ жүгіргенде жастардан қалыса  қоймаймын. Ол спортты жастайымнан серік еткенімнің жемісі, – дейді алматылық марафоншы Марат Балтабаев. Тараздықтар мара-фоншыларды қаланың батыс қақпасынан шығарып  салды. Бұл іс-шараға қатысушылар Шымкент қаласын бетке алып, жүгіріп кетті. Марафоншылар Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облысы аймақтарын басып өтпек. Жалпы, 1500 шақырым  жерді  жүгіріп өтетін желаяқтар 22 тамыз күні Ұлытауға  жетуді  жосарлауда. Ендеше, желаяқтардың  қадамына  табыс тілейміз.

Нұрым Сырғабаев, Есет  Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар