Бұл – ел экономикасының дамуына елеулі әсерін тигізетін тарихи оқиға болды десек, артық айтқандық емес. Өйткені, екі ел арасындағы тауарлардың еркін айналымы көптеген түйткілді мәселелердің шешімі болары анық. Қазақ-қырғыз шекарасында кедендік бақылаудың алынуы, алдымен, кәсіпкерлікке кең өріс ашады. Импорттық тауарларға деген қолжетімділік пайда болады. Себебі, көршіміз Дүниежүзілік сауда ұйымына бізден бұрын қосылған. Шекарадағы кедендік бақылаулардың алынғанына әсіресе, қордайлықтар қуанышты. Өйткені, Алматы мен Таразға қарағанда Бішкек іргемізде тиіп тұр. Небәрі – жиырма шақырым. Базаршылап барып-келуге қолайлы, «Дордой» базары жақын. Қырғыз елі Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болғандықтан, олардың базарларында тауарлардың түрлері көп және бағалары арзан екені мәлім.Сауда-саттық өз алдына, көрші елде дәрігерлік қызмет және демалыс-сауықтыру орындарының да бағасы біздегіден көп төмен. Соның бірі – табиғаттың тамаша туындысы – Ыстықкөл. Шекаралық аймақта тұратын қарапайым ауыл тұрғындарының көбінесе сонда демалуға ұмтылатыны да сондықтан. Көршілерімізбен қарым-қатынасымыз бұған дейін де үзілген жоқ-ты. Дегенмен, кедендік ресімдеулердің кесірінен туындайтын ұзын-сонар кезек тұрғындарды зәрезап ететін. Кейде шекарада сағаттап қаңтарылуға тура келетін. Бұл, әсіресе, қарапайым халыққа қиын тиді. «Үсенұлы» базарындағы саудамен айналысып, нәпақасын тауып жүрген үш жүзге тарта кәсіпкердің көбісі көкөніс, азық-түлік, киім-кешек тәрізді халық тұтынатын тауарларды көрші елден әкеледі. Олар кедендік кедергілерден тауарларын көп мөлшерде өткізе алмайтын. Әрі сағаттап уақыт жоғалтып қиналатын. Сол үшін басқалары амалсыз Алматыдан, басқа жерлерден қымбат бағаға тауар әкелуге мәжбүр еді. Соның салдарынан Қордай базарларындағы баға жоғары болды. Енді кедендік бақылау болмағандықтан, баға да едәуір арзандайтыны сөзсіз. Өйткені, нарық шарттары бәрін біртіндеп бір жүйеге түсірері анық. Қазақ-қырғыз ежелден ерке Шуды тел емген құдандалы халықпыз. Кедендік бақылауларды алу рәсімінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев бауырлас екі халықты бөліп-жаруға болмайтынын айтты. Қырғыз елінің Президенті Алмазбек Атамбаев ЕАЭО-ға қосылуы Қырғызстан экономикасының дамуына кең мүмкіндіктер ашылатынын қозғап, өз қуанышын жеткізді. Кедендік кедергілердің алынуы – біздің еліміз үшін де пайдалы. Бұған дейін кедендік салыққа, көптеген рәсімдеулерге көп қаржы жоғалтып жүрген біздің кәсіпкерлеріміз керегін жақын жерден тасымалдап, өз өндірістерін дамыта бастайды. Екінші жағынан, нарықтағы бәсеке артып, отандық тауар өндірушілер халықаралық стандартқа бейімделеді. Қырғызстанның Кедендік одаққа кіруінің біз үшін тиімді тұсы осы. Сондықтан, екі ел арасындағы кедендік бақылаулардың алынуын осыдан жиырма жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған интеграциялық бастаманы дамыту жолындағы маңызды қадам деп санаймын.
Дамир Әбдірайымов, аудандық мәслихаттың депутаты, «Үсенұлы» базарының директоры.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді