«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бокс клубында болашақ чемпиондар жаттығып жүр

Бокс клубында болашақ чемпиондар жаттығып жүр
ашық дереккөз
Бокс клубында болашақ чемпиондар жаттығып жүр

DSC_043++3 (1)Ілгеріден қазақтың қара домалақ балалары осы бір спорт түріне аңсары ауғандықтан болар, бокс бұл күндері елімізде нөмірі бірінші спортқа айналды. Әдетте, кәсіпқой бокстың Меккесі деп америкалықтар Лас Вегас штатын айтып жатады. Ал біздің Жамбыл өңірі қазақ боксының Меккесі іспеттес. Бәлкім, қазақ боксының қаймақтары біздің өңірден түлеп ұшқан соң солай көрінер. Қазақ елінен, оның ішінде Жамбыл жерінен талай олимпиада, әлем чемпионы атанған талантты боксшылар шыққанын біз де мақтанып айта аламыз. Ендігі мақсат – сол абыройды еселеу. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Жамбыл» бокс клубы» мекемесінің іргесі аймақ боксының беделін әлемдік аренада асқақтату, олимпиада жеңімпаздарының шығуына жол ашу мақсатында 2011 жылы қаланған. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, кезінде бокс әлемінде «Снайпер» деген лақап атымен танымал болған Марат Мәзімбаев басқаратын бұл клубтың жұмысы ширақ. Негізгі іс – облыс орталығындағы олимпиада жеткіншектерін даярлайтын бокс мектептерінен 18 жасқа дейін көзге түскен жасөспірімдер арасында таңдау жүргізу. Бокс мектептерінен іріктелген жастар, жасөспірімдермен жұмыс жүргізу, олардың әлемдік деңгейде шырағын жағу, шыңдау – «Жамбыл» бокс клубы» мекемесінің міндеті. Қазір аталған бокс клубының сапында 50-60 боксшы бар. Солардың арасынан талантты боксшы Олжас Сәттібаев биылғы 26 тамызда Тайландта өтетін ересектер арасындағы Азия чемпионатына баруы мүмкін. 52 келі салмақта жұдырықтасатын Олжастың келесі жылы Бразилияда өтетін жазғы олимпиадаға қатысу үшін жолдамаға талас жүргізе алатын да мүмкіндігі зор. Мұндағы болашағынан үміт күттіретін былғары қолғап шеберлерін кәсіби шеберлігі жоғары он бапкер жаттықтырады. – Бокс клубында ел чемпиондары 56 келідегі Алмас Жақыпов, 69 келідегі Асланбек Шымбергенов, күміс жүлдегер Сағадат Рахманқұлов, 75 келіде жастар арасында Азия чемпионы Айтжан Шлеев бар. Сондай-ақ, 49 келідегі Шерхан Сүгірбек , 60 келідегі Әлімжан Бескемпір, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл, 91 келідегі Әбілқайыр Тұрланбек, 91 келіден жоғары салмақта Нұрсұлтан Аманжолов секілді жігіттер ертеңінен үлкен үміт күттіреді, – дейді бокстан облыс құрамасы бапкерлерінің бірі Көпбосын Сыдығалиев. Бұл клубқа қабылданған боксшылар үнемі жаттығу залында тер төгеді. Яғни, бабында жүреді. Нағыз бабына келген шәкірттерін бапкерлер сырт облыстағы  аймақтық, халықаралық жарыстарға қатыстырып, шеберліктерін шыңдайды. Кейбір республика құрамаларымен жолдастық кездесулер өткізу ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, жақында біздің аймаққа Қырғызстан құрамасы келіп, облыс құрамасымен жолдастық кездесу өткізбекші. Бұл іс-шара «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтеді. – Бұл жолы айыр қалпақты ағайындарымыз Азия, әлем чемпионаттарына қатысуға дайындалып жатқан боксшыларын алып келеді. Сондықтан, жекпе-жектер оңай болмайды. Дегенмен, біз өз облысымыздың құрамасындағы жігіттерге сенеміз. Күрзі жұдырықты шын шеберлеріміз баршылық. Әсіресе,18 жасар Әбілхан Аманқұлдың шеберлігі көңілге көп сенім ұялатады. Көпбосын Сыдығалиев, Ермек Ертаев, Мұрат Әбімселімов секілді бапкерлерден тәлім алған шәкірттеріміз соңғы сәтке дейін жеңіске ұмтылатыны анық. Облысымызда қыздар арасында да бокс жақсы жолға қойылған. Оларды білікті бапкер Ерік Ағабек жаттықтырады. Сондай-ақ, ол жасөспірім қыздар арасында ел құрамасының бас бапкері. Қыздар арасында 48 келідегі жерлесіміз Әйгерім Асқарова келесі жылы Астана қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндігі жоғары. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Юлдуз Маматкулова әлі талай биікті бағындыруға дайын. Жалпы қыздар құрамасында 20 нәзік жанды боксшы бар. Өңір боксының абыройын шарықтату, намыстың туын желбірету жолында аянбай еңбек ете береміз, – дейді бокс клубының директоры Марат Кененбайұлы.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар