Өсиет

Өсиет
ашық дереккөз
Өсиет

Өмірін мұсылмандықпен өткізген бір ана тұрмысқа шыққалы отырған қызына ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздеріне сүйене отырып мынадай насихат жасады: – Қарағым, қызым! Сен енді туып-өскен үйіңнен кетіп, қыр-сыры бейтаныс, бөтен бір үйге келін болып барасың. Мінез-құлқы да өзіңе беймәлім бір адаммен бас қосып, ғұмыр кешесің; – Сен ол кісіге жердей бол, ол саған төбеңдегі көктей болады! – Сен оған үй бол, ол үйдің тірегі болады! – Сен оған күң бол, ол саған құл болады; – Сен оны шаршатпа, сонда оның саған деген сезімі азаймайды; – Сен одан алыстап ұзама, ол сені ұмытпасын; – Сен әрдайым оның көзін, мұрнын және құлағын сақтаушы бол: ол сенен басқаға көз салмасын, өзгенің жұпарын иіскемесін, сенен ылғи жақсы сөздер ғана есітсін; – Үйде отырып, үй шаруасымен, қол өнерімен айналыс; – Ішіп-жеуге ол не әкелсе, соған қанағат қыл. Анау жоқ, мынау жоқ деп еш уақытта шағым жасама; – Отбасындағы өз ақыңды алудан бұрын, күйеуіңнің ақысын беруге тырыс; – Еріңнің туыстарын сыйлап, қадірле; – Тазалық пен пәктікке аса көп мән бер! – Көшеге шықсаң, етек-жеңі кеңдеу, жалаңаш денеңді жауып тұратын киім ки! Сенің тәнің күйеуіңе ғана арналған аманат екенін ұмытпа! – Көршілеріңмен тату бол, олардан зиян келсе сабыр ет, шыда! Біреудің сөзін біреуге тасып өсекші болма! – Әсіресе, құлшылықтарыңа мұқият бол. Уақыты кірген намазды дереу оқуға асық; – Шырағым, қызым! Мен енді қырық жылдық тәжірибеме сүйеніп, бірқатар сөз айтамын. Соларды жадыңа тоқы, сонда бұл дүниеде де, мәңгілік өмірде де бақытты боласың; – Қанағатшыл бол! Қанағат қарын тойғызып қана қоймайды, жүрекке де тыныштық әкеледі; – Саған айтылған сөздерді жақсылап тыңдап жүр, күйеуіңнің шариғатқа теріс келмейтін барлық тілектерін орында! – Үйіңдегі әр нәрсе мұнтаздай таза және орын-орнында жиюлы тұрсын; – Күйеуіңнің ас ішетін және ұйықтайтын уақытына абай бол! Аштықпен жаман мінез көрсетіп, ұйқысыздықпен ашулануы мүмкін; – Үйіңдегі бұйымдар мен мал-мүліктің қорғаушысы бол. Жасаған жақсылығыңды еш уақытта міндет қылма. Жақсылыққа-жақсылық тез ұмытылады, ал жамандыққа жақсылық оңайлықен ұмыт болмайды; – Күйеуіңнің қателіктерін байқасаң, ешкім жоқ, оңаша жерде ғана жұмсақ тілмен ескерт; – Жарыңның сырларын тірі жанға жаюшы болма! Ерлі-зайыптының сырлары қабірге бірге көмілуі керек; – Жарың қуанса сен де бірге қуан, қайғырса сен де бірге мұңай! Оған өмірдің әр сәтінде жақсы бір дос бол! – Өтірік сөзден аулақ бол! Өйткені өтірік отбасын іштен бүлдіретін жегі құрттан да жаман; – Араларыңда түйткіл шықса, екеуің бірге отырып өздерің шешіңдер! Ондай сөздердің әкең екеумізге немесе басқа адамға айтып бармаңдар! – Күйеуіңнен шамасы келмейтін нәрсені ешқашан сұрама! – Көркем мінезді жақсы әйел күйеуіне жұмақ нығметі екенін ұмытпа! Сен де жарыңа жәннат нығметі бол, оған азап шектірме! – Бұл айтылғандарды өзіңнен бұрын күйеуіңді ойлағанда ғана жүзеге асатынын біл! Менің айтқаным ғана бола берсін деген мінезбен бұларды ешқашан орындай алмайсың; – Егер бес уақыт намазыңды оқымасаң, кесір-кесапат ретінде осының өзі саған да, күйеуіңе де, бала-шағаңа да жеткілікті болады; – Ғұсылың мен дәретіңе ешқашан жеңіл қарама! – Бұл айтылғанның пайдасын көрулерің үшін, ең алдымен, иман мен ниет-ықыластарың таза, дұрыс болуға тиіс. Не сөйлеп, не жасассаңдар да, ең алдымен, Алланың разылығын іздеңдер! Сонда ғана екі дүние шаттығына сөзсіз кенелетін боласыңдар!

Ұқсас жаңалықтар