- Advertisement -

Естіген құлақта жазық жоқ

127

- Advertisement -

                                                                                    1. «Тұтықпа»

Залда сыбыр-күбір көбейе түсті. Микрофондағы баяндамашының да даусы әзер шығады. Жиын басталмай тұрғанда алдыңғы жаққа қарай отырмағаныма өкіне бастадым. Дыбыс күшейткіштің техникалық ақауынан ба, әлде мінберге көтерілген кісінің тілінің аздаған тұтықпасы бар ма, сөзінің басы естілсе, аяғы жұтылып кетіп жатты. Дыбыстар өзара үйлеспей, сөзінің мәні қашқан сайын ол да төмен қарап, шұқшия түседі. Бейтаныс жанның өз ойын еркін жеткізе алмай қиналып тұрғанына қарап, көпшілікте оған деген аяушылық сезімі пайда болғандай.
Бірте-бірте баяндамашының сөзін ешкім түсінбеуге айналды. Түкті ұғынбаған соң бір-біріне қарап, иек қағып, сыбырласу үдей түсті. Мен ғана олардың бұл қылығын жақтыра қоймадым. «Кекештенгені кемдік емес, түсіністікпен қараса қайтеді» деп қоямын іштей. Бірақ, оқылып жатқан баяндамадан ештеңені ұқпаған соң, менің де ішім пыса бастады. Еріксіз ойға шомдым…
Ауылда тілінің тұтықпасы бар бір бала бізбен көрші тұрды. Айтар ойын еркін жеткізе алмайтын болған соң ба, томаға-тұйық, саяқ жүретін. Сыныптастарымен әлденені келісе алмай дауласа қалса, тұтықпасы тіптен үдеп кететін. Есесін жіберіп алғанына ызаланатын. Қайтсін енді, қолдан келер қайран жоқ. Қиындықтан шығудың бір ғана жолы бар. Лажы болса, үндемей құтылу. Ол осы амалға көбірек жүгінетін… Ал жиында мәлімдеме жасап тұрған жанның ондай мүмкіндігі болмаған сыңайлы.
Мына жағдай өзіне де ұнамады білем, кенет баяндамашы сөзін кілт үзді. Кішкене тыныстап алды да, ары қарай орыс тілінде дайындалған баяндаманы оқи бастады. Жаңа ғана тұсаулы аттай кібіртіктеп тұр еді. Әп-сәтте тілінің тұтықпасы да тыйылды. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегендей залдағылардың сыбыры сап тыйылды.

                                                                                    2. Өкінішті

Бұл өзі ертеректе болған оқиға. Шамасы, біздің жаққа өзге ұлт өкілдері жаңадан көшіп келіп жатқан кез болса керек. Жастары жетпісті алқымдап қалған кемпір мен шалдың үйіне жапсарлас, барақ тамға орыс отбасы қоныстаныпты. Жаңа көршілерінің үйелмелі-сүйелмелі кішкентай үш қызы бар екен. Әлгілер күнұзақ арық жағалап, гүл теріп, ойнап жүретін көрінеді. Өзара әңгімелері де таусылмайды. Есіктің алдында күншуақта жүн иіріп отырған кемпір олардың сөздеріне құлақ түріп тыңдап отырып, шалына қарап тамсана: «Ойпырмай-а, орыс дегенің мықты халық екен ғой. Қарашы, кішкентай балаларына дейін орысша сөйлейді», – депті…
Естіген құлағым жазықты. Әттең, бүгінде бізге қарап, өзгелер осылай тамсана алмайды. Өкінішті!

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support