«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талап қылмай мұратқа жетпес

Талап қылмай мұратқа жетпес
ашық дереккөз
Талап қылмай мұратқа жетпес

IMG_2859облыс әкімі К. Көкірекбаев Жамбыл ауданында болған сапарында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді

Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болды. Өңір басшысының ауданға сапары Айша бибі ауылдық округінде орналасқан «Қазақстан-Қытай» Орталық Азия газ құбырының қысымын реттейтін компрессорлық стансаның жұмысымен танысудан басталды. Айта кетейік, бұл – облыста салынып жатқан үш стансаның бірі. Бұл жұмыстармен «KSS KazStroyService» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері айналысуда. Аталған мекемеде шағын басқосу өткізген облыс әкімі үлкен құрылыс жүргізіп жатқан мекеменің облыс бюджетіне қаншалықты пайда әкеліп жатқанын сұрады. Мәліметке сүйенсек, аталған компания Алматыда тіркелген және онда еңбек ететін қызметкерлердің көп бөлігі, нақтырақ айтсақ, 500-ден аса жұмысшының 75 пайызы көрші Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысының тұрғындары екен.

IMG_2743Сәйкесінше, серіктестіктің төлейтін салығы өзге облыс бюджетін толықтырып жатса, жергілікті тұрғындарды аталған құрылысқа тартуда көптеген олқылықтарға жол беріліп отыр. Мұндай келеңсіздікті көре тұра, еш шара қолданбаған тиісті мекеме басшыларына Кәрім Нәсбекұлы қатаң тапсырма берді, өзара келісімге келіп, миллиондаған қаржыны облыс экономикасын өркендетуге бағыттау және жүздеген адамды аталған құрылысқа тартудың тетіктерін қарастыру қажеттігін айтты. Облыс аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің аудан шекарасындағы құрылысы да жуық арада толық тәмәмдалады деп күтілуде. Тараз қаласының айналма жолы бойындағы бұл құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания – «КСС E&C Co.LTD» акционерлік қоғамы. Негізі жол құрылысы қараша айында аяқталуы тиіс екен. Бірақ, компания қызметкерлері оны тамыз айының он бесінші жұлдызына дейін бітіретіндерін жеткізді. «Алда айтулы күн – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы келе жатыр. Сондықтан, бұл нысанның жұмысын ары кеткенде қыркүйек айының бірінші онкүндігінде аяқтап, қолданысқа беру керек» деген облыс әкімі өңірдегі жол құрылысымен айналысып жатқан бірқатар мекеме басшыларына өзге аудандарда да бітпей жатқан құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

IMG_3108Облыс басшысы атбасын бұрған келесі нысан – «Амангелді» өндірістік кооперативінің көкөніс өсіру алқабы болды. Қаратөбе ауылдық округіне қарасты аталған кооперативтің қолға алған тірліктері ауқымды. Қасымхан Қанаев есімді азамат басқаратын ұжым 93 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы 70 гектар жерге егілген пияздан мол өнім алуды көздейтін кооператив басшысы өз жоспарымен бөлісті:

– 100 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізіп, пияз ектім. Алла қаласа, әр гектардан 100-120 тонна өнім алуды жоспарлап отырмын. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының азық-түлік сақтау компаниясы 800 тонна пиязды алатын болып келісті. Сонымен қатар, көрші Ресеймен де жақын күндері келісімге келмекпіз. Мен бұл аралықта ерекше атап өткім келетіні – тамшылатып суарудың тиімділігі. Егер мен жүздеген гектар жерімді бұрынғысынша арық арқылы суаратын болсам, осыншама өнімді шығынсыз алуым екіталай еді. Бір тәуліктің ішінде бәріне біртұтас су жіберудің пайдасы көп болып тұр. Ал аталған технологияны енгізуде израильдік «Irrigator» компаниясымен келісімге келіп, алдын ала тек отыз пайыз ақысын төледік. Қалған қаражатты өнімнен түскен ақшамен күз айында есеп айырысуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, мемлекет тарапынан егін егемін деген бағбанға да, мал бағамын деген шаруаға да түрлі қаржылай көмектер көрсетіліп жатыр. Біздің міндетіміз – тиімді игеру ғана.
Шаруашылық тірлігін тіктеп, ауданның ауыл шаруашылығын дамытып отырған кооператив басшысына және аудан әкімі мен тиісті мекеме басшыларына облыс әкімі келесі жылы осы технологиямен қант қызылшасын өсіруді қолға алуды ұсынды.Өз кезегінде Қ.Қанаев осы жердің 40-50 гектарына келесі жылы
қызылша сіруді жоспарлап отырғанын айтты. «Біз келесі жылы «ТЗК Тараз» арқылы 300-400 миллион теңге қаржы бөліп, Украинадан қант қызылшасының тұқымын және қажетті техника алдырып, сіздерге үлкен кмек қолын созбақшымыз. Биыл өзіміздің қант зауыттарындағы бар тұқымды отырғыздық. Алайда, оның кейбір жерлері сиректеу шықты. Сонымен қатар, тамшылатып суару жүйесін де жандандыра түсу керек. Өйткені,
біз судың 80 пайызын крші Қырғыз Республикасынан аламыз. Былтыр су тапшылығы орын алғанда қолдан
келер қайран болмай, қарап қалдық. Сондай жағдайды болдырмау керек. Ал жалпы шаруашылық жұмысына мен өте ризамын», – деді өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев.
Аталған ауылдық округке қарасты «Бином Строй Деталь» ЖШС тұрғын үй құрылысы комбинатының жұмысында да жетістіктер бар. Түрлі үлгідегі көп қабатты үй салуға айтарлықтай машықтанған аталған серіктестік құрылысқа қажетті өнімді өздері өндірумен де ерекшеленеді. Елбасының «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының негізінде тұрғындардың баспаналы болуына септесіп жүрген серіктестікке алда жас отбасыларға арналған баспананы мүмкіндігінше көптеп салуды ұсынды. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша ауданда салынып жатқан «ОңтүстікХалалТағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тәулігіне 40 тонна ет өндіретін комбинатының жалпы сомасы – 2378,771 мың теңге.
IMG_2750Жамбыл ауылдық округіне қарасты  Шайқорық ауылындағы «Сады Востока» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алма бағын отырғызып, оған тамшылатып суару жүйесін енгізген екен. «Логистар» компаниясының қолға алған бұл жобасы бір кездері жүзім алқабымен аты шыққан Шайқорықты – жеміс бағының отанына қайта айналдырады деген үміт бар. Aйткені, «ТЗК «Тараз» бен «Логистар» бірлесіп 1,1 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту арқылы 24 гектар жерге алма кшетін отырғызса, 2017 жылы 3,5 миллион доллар қаржы тарту арқылы интенсивті алма бағының көлемін 117 гектарға жеткізбекші. Жоба толық жүзеге асқан шақта аталған бақта 70 адам жұмыс істеп, олар жылына 50 мың тонна өнім алмақ. Аталмыш компания    облыста жалпы     көлемі 1000 гектар жерге бақ өсіруді жоспарлап, қолға алмақ.
Облыс әкімі құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан білім беру мекемелеріне де ат басын бұрды. Алдымен Бесжылдық ауылындағы O.Ысмайылұлы атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмысымен танысып, кейіннен Еңбек ауылындағы құрылысы аяқталған 120 орындық Еңбек орта
мектебінде болды. Аталған екі оқу ошағы да жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға толық дайын болмақ. Аудан орталығы – Аса ауылындағы «Амангелді газ өңдеу зауыты» шикізаттың болмауы салдарынан қазір өнім өндірумен емес, қор толықтыру жұмыстарымен айналысуда екен. Негізінен АИ-80 маркалы бензин мен мазут отынын өндіріп келген зауыттың жұмысына да облыс әкімі оң бағасын берді.
IMG_2834Ал Аса ауылындағы Мәдениет үйінің жанында орналасқан орталық алаңда ауданның ауыл шаруашылығы
саласында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Онда аудан шаруалары сатып алған әртүрлі техника мен «Сыбаға», «Алтын асық» сынды бағдарламалар арқылы шаруалар қол жеткізген мүйізді ірі қара мен жылқысын, асыл тұқымды қойын әкім назарына ұсынды.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша арнайы стенділер қойылып, барлық ауылдық округ әкімі өздері басқарып отырған ауылдар туралы ақпар беріп шықты.
Белгіленген нысандарды толық аралап, жұмыс барысымен танысқан өңір басшысы іссапар соңында аудан активімен арнайы кездесу өткізді. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиында аудан әкімінің орынбасарлары өздері басқаратын салалар бойынша қысқаша есеп берді. Сонымен қатар, жиынға арнайы қатысқан облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары да ауданда атқарылуы тиіс және атқарылып жатқан
жұмыстар бойынша мағлұмат берді.
Ауданға арнайы атбасын бұрып, жасалып жатқан игі істерге куә болған өңір басшысына ауданның жаңа әкімі
Мәден Мұсаев алғысын білдіріп, артылған сенімді ақтайтынын жеткізді. Ал облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев
ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, тірлікті одан ары тиянақтауды тапсырды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН

Ұқсас жаңалықтар