«Көргенде қырда өскен дала гүлін, Есіме түсті менің бала күнім...»
- author «Ақ жол»
- 6 тамыз, 2015
- 387
Рәтбек Беркімбайдың жүректерге жол тапқан жыр жинағы хақында бірер сөз
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейді дана Абай. Рас, қаны, жаны қазақ кез-келген адамның әу деп ән салмайтыны, қалам алып жүрегін тербеп жатқан толқыныстарды қағаз бетіне өлеңдетіп түсірмейтіні кемде-кем шығар. Оның бәрі исі қазақтың ежелден-ақ ат үстінде айлап жүрсе де өнермен өзектесіп кеткендігінен, өлеңге етене жақындығынан десек, қателеспейміз. Бүгінде арамыздағы әрбіріміз, әсіресе балаң кезімізде айналамыздағы оқиғаларға елеңдеп, табиғат тылсымы мен тамашасына тамсанып жүрекжарды сөздерімізді шумақ етіп құрап, таңдайымызды тақылдатып тәтті тақпақтар жазғанымыз жасырын емес. Сөз өнеріне жақын сондай кейбір жандар балаң кезіндегі тұнық сезімін әлі лайламай, кеудесіндегі сайрап жатқан әртүрлі әдемі ойларды ақ қағаз бетіне түсіріп отыруды әдетке айналдырған. Әлбетте, темір роботтардай күн кешуге мәжбүр болған мына қоғамда ондай жаны таза ақынжанды жандар арамызда баршылық-ақ. Солардың бірі – қиял қуысындағы ғажайыптарды қаламға артып жүрген жуалылық азамат Рәтбек Беркімбай десек, артық айтпағанымыз. Рәтбек Беркімбай өткен ғасырдың елу алтыншы жылы Жуалы ауданының Бақалы ауылында өмір есігін ашып, сонда тәрбиеленіп өседі. Жастайынан ақын-жыраулардың шығармаларына құмартып өскен ол өзі де қолына қалам алып, балаң ойын ақ параққа түсіре беруді жөн көреді. Содан не керек, кішкентайынан сөз өнеріне жақын болған Рәтбек оқуды аяқтай салысымен сол кездегі астана – Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Арманын ақиқатқа айналдырғысы келген ол өзі армандап түскен жоғары оқу орнын жақсы деген бағаға аяқтап, туған топыраққа оралуды жөн санайды. Перзенттік парызын міндет деп білген Рәтбек бүгінде Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылындағы Ломоносов атындағы орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, шәкірттеріне білгенін үйретіп жүр. Өмірі өлеңмең өзектескен Рәтбек Қасымбекұлы кейінгі жылдары ертеректен бері жазған-сызғандарын жинақтап, басын қосып жыр жинақтарын жарыққа шығарып келеді. Олар: «Перзентімін анамның», «Туған жерім – Жұмағым», «Шарпыды мені бір сезім» атты әр жылдары басылып шыққан жыр кітаптары. Таяуда оның тағы бір жинағы қолымызға тиді. «Нұрлы жұрттан келдім мен» деп аталатын жинаққа ауыл мұғалімі Рәтбектің жүрекжарды жырлары, қысқа әңгімелер мен естеліктері топтастырылыпты. Әлбетте, оның өлең жолдары төрт аяғын тең басқан поэзия туындысы деуге келмейді, десек те оның қаламынан жазылған дүниелерден жаны жамандықтан ада, өмірге ғашық ақ пейілді азаматтың пәк көңілі аңғарылады. Бұл да болса, жазылған дүниелердің жүрек түкпірінен буырқанып шыққан шынайы шығармалар екенін айғақтайды. Осы шынайылық оның өлеңдеріндегі ұйқас әлсіздіктері мен буын шексіздіктерін аңғартпауға атсалысады. Қашанда «жүректен шыққан ой жүрекке жетеді» демекші, Рәтбектің шығармалары өз оқырмандарының көңілінен шығып, көпшіліктің талғам тамырларын тап басады дей аламыз. Әсіресе, тәуелсіздік, Отан, туған жер, достық пен кіршіксіз махаббат, отбасы, жардың аялы алақаны, адам өмірінің түрлі сәттері – жастық және есею, толысу шақтары секілді тақырыптар мен ғұмыр кезеңдеріне негізделген өлеңдері оқырманға ой салмай қоймайды. «Балық қайда сендегі, қамыс қайда?! Суың енді жағадан алыстай ма? Бауырыңда өскен ел өзіңді еміп, Күндіз-түні дұғасын бағыштай ма?» – деп келетін «Билікөлім» атты өлеңінде Рәтбек Беркімбай туған жерге деген ыстық ықыласын арқау ете отырып, жер-ананың адам қолынан зардап шегіп жатқан кей келеңсіздіктеріне азаматтық тұрғыдан да алаңдаушылық танытатынын байқаймыз. Бұдан басқа татымды жырларымен толыққанды дүниеге айналып отырған Рәтбек Беркімбайдың аталмыш жинағында өлеңнен өзге тартымды дүниелері де топтастырылыпты. Оның ондағы қызықты қысқа әңгімелері қаламгердің ой елегінен өткен шығармалар екенін оқырманның өзі бағамдап алар. «Ыстықкөлдің қызықтары», «Желтоқсанның бір кеші», «Дүлейдің қорлығы» секілді шығармалар кәдуілгі талантты жазушылардың жатық тілімен, әдеби көркемділігімен өрбіп, оқиға барысы таңдай қақтырар туындылардағы секілді шиеленісімен ерекшеленбесе де, шынайылығымен өз бағасын төмендетпейтінін тілге тиек еткіміз келеді. Көрнекті жазушы, ақиық ақын болмаса да жан сырласына айналған ақ парағы мен қара қаламынан еш алыстамайтын, жүрегінен, ой таразысынан сұрыпталған дүниелерді түртіп жүруді жатсынбайтын Рәтбек Қасымбекұлына біз шығармашылық табыстар тілей отырып, «жазар көбейсін» демекпіз!
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді