«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әсерге толы кеш

Әсерге толы кеш
Ашық дереккөз
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында белгілі ақын Ақсұңқар Ақынбабаның «Сезімнің сырлы әлемі» атты кеші өтті. Тағылымға толы кеште жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, Ақсұңқар ақынның ғажайып жыр әлеміне кеңінен тоқталды. «Ақсұңқардың ата-бабасы Моңғолияның Баян Өлгей аймағында ғұмыр кешкен. Ол өлке қазақтардың да ұлттық дәстүрі сақталған, табиғаты ғажап жер. Сол сұлулық Ақсұңқарға да ықпал етіп, үлкен ақын болуына әсер еткені анық. Бұл күнде ақын қарындасымыз көптеген оқырман бағалаған поэзияның мақтаулы өкілі. Ақсұңқар жөнінде белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы да толғанып, үнемі жақсы пікірін айтады. Біз де сол пікірлерді қолдаймыз. Себебі Ақсұңқар поэзия әлемінде орны бар белгілі ақын, жақсы аудармашы. Аудармашылық та үлкен өнер», – деді ол. Мұнан соң сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, Жуалы ауданның Құрметті азаматы Сейсекүл Исматова өз ойларын ортаға салды.

Жас айтыскер Дидар Апбасов жырдан шашу шашып, ақын кешінің ажарын кіргізді. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Маралбек Бабақұлов, Қайсар Көкішев пен Әлібек Малдыбаев әннен тарту жасады. Әлібек Малдыбаев саксафонмен өнер көрсетіп, ақын әпкесінің алғысына бөленді. Кешті ақын Марал Хантөреқызы жүргізіп, қонаққа әсерлі сұрақтар қоюымен де ерекшеленді.

Кеш барысында қонақ Ақсұңқар Ақынбаба сөзін өзі жазған Бейбіт Оралұлының «Мен оралдым» атты әнін орындап берді. Сонымен қатар ол бірнеше өлеңдерін оқып, Анна Ахматовадан өзі аударған өлеңдерді де ел назарына ұсынды. Кеш барысында кітапхананың жас оқырмандары ақынның бірнеше өлеңдерін жатқа оқып, өнерлерін көрсетті. Кеш соңында қорытынды сөз алған бас кейіпкер әдемі ой толғады.

«Бүгін ерекше әсерге бөленіп отырмын. Қасиетті Әулиеатада кешім өтуде. Әулиеатаның зиялы қауымы, ақын жазушылары кешіме ортақтасты. Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалына, осы аталған кітапхана ұжымына көп рахмет. Жалпы, ақындық бөлек, аудармашылық бөлек. Аудармашылық та үлкен өнер. Оны Анна Ахматованың бір кітапқа жуық өлеңін аударғанда түсіндім. Ол аудармам жеке кітап болып шықты. Осы кезге дейін Анна Ахматованың бір кітап өлеңін қазақшаға аударған ешкім жоқ екен. Ол менің маңдайыма жазылды. Баршаңызға рақмет. Алдағы уақытта да қазақ поэзиясына қызмет етемін», – деді ақын Ақсұңқар Ақынбаба.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар