Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының съезінде 5 институционалды реформа Ұлт жоспарына баланған 100 нақты қадамды жариялап, Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау рәсімінде сол институционалды реформаларды жүзеге асыруды тапсырды. Бес реформаның төртіншісінде: «Бүгінгідей аласапыран заманда қоғамда саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау саясаты мейлінше маңызды. Бұл жолда Қазақстанның қалыптасқан өзіндік үлгісі де баршылық. Бірқатар ұлт өкілдері Қазақстанның ортақ шаңырағы астында бас қосып, бүкіл әлем үшін ынтымақ пен берекенің үлгісіне айналды. Қазақстан бейбітшіліктің ордасы ретінде әлемге кеңінен таныла бастады. Азаматтық, теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғұламалық және білімпаздық пульті, зайырлы ел – толерантты ел. Міне, «Мәңгілік Ел» идеясы базасындағы топтастырушы құндылықтар осы. Бұл жағдайда азаматтық – орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасына айналады», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Елбасымыз бекіткен «Ұлт Жоспары-100 қадам» бағдарламасының «Біртектілік пен бірлік» тарауындағы 85-қадамы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеу» деп аталады. «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру – маңызды міндет. Білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік Ел» құндылықтарын енгізу» мәселелері 89-қадамда көрсетілген. Біз дін саласына қызметімізді арнап жүргендіктен, Бес реформадан туындаған міндеттерді және 85, 89-қадамдарды басшылыққа ала отырып, жұмысымызды жандандырамыз. Облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығы 2014 жылдың шілде айынан бастап өз қызметін жүзеге асыруда. Мекеменің негізгі қызметiнiң мақсаты – облыстағы діни ахуалды зерделеу, талдау және түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Орталық осы мақсаттарға қол жеткiзу үшiн психологиялық және құқықтық кеңес беру, теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккен адамдарды оңалту қызметтерін көрсету, дін саласында талдамалық, ғылыми зерттеулер жүргізу, ұсыныстар әзірлеу, дін мәселесі бойынша сенім телефоны жұмысын ұйымдастыру және басқа да қызмет түрлерін жүзеге асырады. Бүгінде орталықта төрт білімі жоғары дінтанушы мамандар қызмет атқарады. Психолог, заңгер мамандарымыз да тәжірибелі. Орталықтың ұйымдастыруымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, конфессияаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету және одан әрі дамыту, сыңаржақ діни ағымдардың қауіпті идеологиясының алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Қазіргі уақытта орталыққа және «Сенім телефондарына» (51-50-20) қарапайым тұрғындар түрлі сұрақтармен жиі хабарласады. Бұл сауалдарға орталықтың дінтанушылары мен психологы тарапынан тиісті жауаптар берілуде. Сонымен қатар, көпшілікпен түсіндіру жұмыстары жүзеге асып келеді. Мәселен, біздің орталық жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамдарымен және студенттерімен жиі кездесулер өткізеді. Мұндай жиындарда да оқытушылар мен студенттер тарапынан дін мәселелері жөнінде сан түрлі сұрақтар қойылады. Сол сұрақтарға жан-жақты жауап беру арқылы зиялы қауымның көкейіндегі түйткілді дәл тауып, дұрыс жолға бағыттау арқылы біз көпшілікке жақындай түстік. Аудандарға да жиі іссапарға шығып, алыс ауылдар мен елді мекен тұрғындарының ұсыныс-талаптарына назар аударамыз. Осылайша, шалғайда жатқан көпшіліктің мәселелері мен ұсыныстарын облыс әкімінің назарына жеткіземіз. Облыс әкімдігі дін істері басқармасында талқылаймыз. Тараздағы бірнеше ірі кәсіпорындар мен мектептерде де болып, әсерлі кездесулер өткіземіз. Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асып жатқан жұмыстарды әңгімелеп, елдің бірлігі мен татулығы, тыныштығы сақталса, өркендеу жолы жылдам жүзеге асатынын түсіндіреміз. Жастарды діни сауаттылыққа шақырып, түрлі теріс ағымдар мен адастырушы жолдардан сақтандырамыз. Тіпті жақында Тараздағы базарларға шығып көпшілікпен жүздестік. Сауда саласында жүрген ағайындар да бізді түсіністікпен қабылдады. Көптеген мекеме-кәсіпорын, ұйымдарда, ЖОО-ларда түрлі семинар, дөңгелек үстел отырыстарын ұйымдастырамыз. Себебі, біздің орталықтың жұмысы көпшілікпен етене байланысты қажет етеді. Орталыққа психологиялық күйзеліске түскен кісілер де жиі келеді. Олардың барлығын жылы қабылдап, психологиялық көмек көрсетеміз. Біздің мемлекеттің ұстанған сара жолын ұғындырып, сол кісінің басына түскен жағдайға діни тұрғыдан кеңестер береміз. Жалпы айтқанда, барша көпшілікпен ашық байланыс бар. Оның нәтижелері де жоқ емес. Бес реформаны жүзеге асырудан туындайтын «Ұлт жоспары-100 қадам» бағдарламасының ерекше жоба екенін ұғынып келеміз. Біздің ел осынау 100 қадам міндеттеген талаптарды жүзеге асырса, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға жақындай түспек. Сондықтан, бұл әр қазақстандық тұрғындардың белсенділігіне байланысты. Елбасымыздың биылғы Жолдауындағы және «Ұлт жоспары -100 қадам» бағдарламасындағы «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға еліміздің әр тұрғыны үлес қосуы тиіс. Бұл нақты мақсаттар жолында тыныштық, татулық, бейбітшілік пен бірліктің маңызы жоғары. Осы тұрғыдан алғанда діннің рөлі айқындала түседі. Ізгілік жолын таңдап, өркендеу бағытына өзінің үлесін қосқан адам ешқашан адаспайды. Дінді түсініп, имандылықты дұрыс ұстанған жан әрқашан теріс жолға, жанжалға жоламайды. Ұрлыққа, қылмысқа бармайды. Міне, сондықтан, біздер көпшілікпен етене араласып, дін саласын түсінуіне ықпал ете бермекпіз. Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясы – Тәуелсіз елімізді өрлеудің мәңгілік, өркениетті қадамдарына бастайтын жол. Бұл орайда, дін саласының мәселесін жолға қоюда бізге жүктелер міндет орасан мол. Сол жолда абыройдың заңғар биігінен көріну – баршамыздың міндетіміз.
Ғани Күзембаев, облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді