Тайбек екеуміз бір ауылда туып, бірге өстік. Алғаш рет мектеп табалдырығын да бір жылда қатар аттап, сегізінші сыныпты бірге бітіріп шықтық. Ол кезде біз білім алған Аманкелді мектебі сегіз жылдық болатын. Сол себепті орта мектепті 3-4 оқушы қалада, Тайбек сол кездегі аудан орталығы Ақкөл ауылында оқыды. Ал ауылда қалған біздер кеңшар орталығындағы А. Жданов атындағы он жылдық мектепте білім алдық. Бір жыл өткен соң Тайбек ортамызға қайта оралып, бізбен бірге интернатта жатып оныншы сыныпты жалғастырды.Тайбек екеуміздің жолдастығымыз, достығымыз осы кезде басталды. Біз төрт жігіт: Жетпіс, Тайғара, Тайбек және мен – бір-бірімізбен өте жақын, жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта болдық. Жетпіс пен Тайғара бізден екі жас үлкен еді. Ал Тайбек екеуміз түйдей құрдас болатынбыз. Төртеуміз көбінесе бірге жүретінбіз. Бір бөлмеде оңаша қалып, түні бойы әртүрлі тақырыпта әңгіме шертетінбіз. Ойымызды бір-бірімізден бүгіп қалмай, көкейде жүрген кейбір сырларымызды ортаға салатынбыз. Тіптен жақсы көріп, ұнатқан қыздарымызға ақылдаса отырып хат жазушы ек. Оларға интернат тәрбиешілері кеткен соң түнделетіп бірге барып қайтатынбыз. Біз орта мектепті 1972 жылы ойдағыдай бітіріп шықтық. Алдымызда сан тарау жол, мыңдаған сан арман тұрды. Мен сол жылы жазда Алматы мал дәрігерлік-зоотехникалық институтына оқуға түстім. Жетпіс пен Тайғара күзде екі жылдық міндетін атқару үшін әскерге аттанды. Ал Тайбек болса елде қалып, еңбек жолын осы жерде бастауды жөн көрді. Сөйтіп, кеңшардың құрылыс бөлімшесінде еңбек ете бастады. Жас кезіміз ғой, бір кезде қол жетпес арман болған Алматыны алты айдан кейін бір себептермен тастап, туған елге қайтып келдім. Көп ұзамай-ақ Тайбек досымның ақыл-кеңесі бойынша мен де құрылыс бөлімшесіне жұмысшы болып орналастым. Кеңшардың жыл-он екі ай бойы жұмысы таусылған ба?! Тайбек екеуміз бірде шеңгел шапсақ, енді бірде қамыс орып, оны буып, дайындап малшыларға қора салып жүрдік. Көктемде, мамыр айында шаруашылықтың қойын қырқуға атсалыстық. Біз осылай 5-6 ай бірге жүріп еңбек етіп, ортақ іске өз үлесімізді қостық. Тамыз айында Тайбек екеуміз Алматыға жол тарттық. Оның жолы болып мал дәрігерлік-зоотехникалық институтының студенті атанды. Ал мен ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсе алмай, ауылға қайтып келдім. Жылжып бір жыл артта қалды. Бұл жылы енді менің бағым жанып, жүрек қалаған журналистика мамандығына оқуға түстім. Тайбек екеуміз Алматыда қайта табыстық. Ол кезде досым екінші курста оқитын. Осылайша біздің студенттік жылдардағы өміріміз басталды. Сабақтан тыс кездерде, демалыс күндері жолығып, әсем қала Алматының көрікті жерлерін аралап, кинотеатрларға барамыз. Бізден бұрын жоғары оқу орнына түсіп, студент атанған аға-әпкелерімізге барып сәлем беретінбіз. Бір жылдан кейін зоовет институтының студенті болып қатарымызға Есболған қосылды. Есағаң қазақтың керемет марқасқа жігіттерінің бірі еді. Біз онымен де жақсы сыйластықта, тамаша қарым-қатынаста болдық. Сол сыйластық кейін келе үлкен жолдастыққа, достыққа айналды. 1977 жылы Тайбек дипломын алып елге қайтты. Келер жылы осында мен келдім. Тәкең бұл кезде облыс орталығындағы Қаракөл ғылыми-зерттеу институтында еңбек ететін. Мен «Промстрой» құрылыс басқармасына жұмысқа тұрдым. Сенбі, жексенбі күндері қолым бос. Тәкеңнің үйіне барамын. Ол ортаншы ағасы Қалдарбектің үйінде тұратын. Ал ағасы Көктеректе орман шаруашылығы мекемесінің директоры еді. Үй көбінесе бос болады. Тайбек екеуміз емін-еркін ұзақты күн әңгіме шертетін едік. Ішіміз пысып зеріксек, қала орталығына шығып қыдырып, көңіл көтеруші ек. Әсіресе, театрға көбірек баратынбыз. Мұнда Спандияр Мұқышев деген актер жерлесіміз болатын. Тайбек екеуміздің сүйген жарларымызды Тараздан тауып, бір жылда екі аруға ноқта салдық. Алдымен 1980 жылдың 18 шілдесінде мен жарым Жүрсінмен бас қостым. Тамыз айының аяғында Тайбек ғашығы Қалдыкүлмен шаңырақ көтеріп, отау құрды. Бұл күндер, әрине, біздің есімізден ұмытылмайтын бақытты сәттеріміз еді. Осылайша енді біздің мектеп қабырғасында басталған достығымыз отбасылық өмірде одан әрі қарай жалғасын тауып жатты. Тайбек осы жылдың күзінде әскери комиссариаттың шақыруымен екі жылдық міндетін офицер ретінде атқаратын болды. Сол себепті көп ұзамай ол жан жары Қалдыкүлді ертіп Семей қаласына кетті. Біз екі жыл бойы хат жазысып, хабарласып тұрдық. Уақыт шіркін жүйрік қой, сынаптай сырғып екі жыл да өте шықты. 1982 жылы күзде ол елге оралды. Бұл кезде мен «Жансая» шағын ауданынан үш бөлмелі пәтер алып, отбасыммен осында тұрушы едім. Жанұяммен бірге досымды қуана қарсы алдық. Тайбек көп уақыт өтпей-ақ Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл атындағы жеміс-жидек кеңшарына бас зоотехник болып қызметке тұрды. Шайқорық ауылының орталығынан үй алды. Тәкең өте еңбекқор, іскер жан болатын. Қандай жұмыс болса да, оны тындырымды, тиянақты атқаратын әрі өз мамандығын жетік білетін. Аудан басшылары оның осы қасиетін байқаған болу керек, екі-үш жыл өтпей-ақ ол Жамбыл аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөліміне нұсқаушы болып ауысты. Досым бұл қызметінде де абыройлы болды. 1992 жылы аудан басшылығы оны Аққөл ұжымшарына төраға етіп тағайындады. Бұл шаруашылық бұрыннан осы аймаққа аты белгілі іргелі ұжымшар болатын. Бірақ, көп жыл осында басшылықта болған төраға құрметті еңбек демалысына шығып, сәл де болса экономикалық өндірістік көрсеткіштерін төмендете бастаған еді. «Жас келсе – іске» деген емес пе, Тайбек Тамабайұлы жастығына, тәжірибесінің аздығына қарамастан, бұл ұжымның түсіп бара жатқан еңсесін қайта көтерді. Екі жылда мал шаруашылығы және егін шаруашылығы жұмыстарын дұрыс жолға қойып, барлық көрсеткіштер бойынша жоспарлы тапсырмаларын артығымен жүзеге асырды. Білікті де білімді, іскер басшының тындырымды жұмысына көз жеткізген аудан әкімшілігі енді оны Жамбыл атындағы кеңшарға директор етіп бекітті. Тәкеңе бұл ұжым бұрыннан таныс болатын. Өйткені ол осында біраз жыл бас зоотехник, директордың орынбасары болып қызмет істеген еді. Келе сала іске кіріскен жас басшы жыл өтпей жатып бұл кеңшарды да озат ұжымдардың қатарына қоса білді. Тайбек, әрине, қол қусырып қарап отырған жоқ. Өзінің білім-білігіне, жинаған мол тәжірибесіне сүйене отырып, жеке шаруа қожалығын құрды. Жер алып, егін егіп, мал өсірді. Облыс орталығы Тараз қаласынан коммерциялық мақсатта офис ашып, жұмыс істей бастады. Бұл уақыт, ашығын айтқанда, қиыншылықтарға толы кез еді. Сондықтан оған бұл шаруаны дөңгелетіп әкету ауырлау тиді. Мұның бәрі досымның жүйкесіне, жүрегіне күш түсірді. Маған ашылып көп ештеңе айтпағанмен, мұны мен іштей сезіп те жүрдім. Өкініштісі сол, ел үшін аянбай еңбек еткен Тайбек досым 2001 жылы қаңтар айының аяғында қан қысымы көтеріліп кетіп, ойламаған жерде 46 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бала кезден бірге өсіп, бірге жүрген, қимас, сыйлас дос болған Тайбектің ойламаған жерден ауырмай-сыздамай кенеттен осылайша бір сәтте о дүниелік болуы маған өте ауыр тиді. «Уақыт – бәріне емші» деп жатады халқымыз. Ойлап отырсам, Тайбек досымның ортамыздан кеткеніне де биыл 15 жылдың жүзі болып қалыпты. Оның енді ортамызға қайтып оралмайтынына көзіміз жетті. Бірақ, «орнында бар оңалар» дегендей, Тәкеңнің ұрпағы, Құдайға шүкір, жаман емес. Екі ұл, екі қызы бұл күнде үлкен азамат болып өсіп келеді. Өзі көзі тірісінде жоғары оқу орнына жетектеп апарып түсірген үлкен ұлы Нұрмұхамет-Бек қызметкер. Жұбайы Айзада екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қыздарының үлкені Назира да отбасын құрған, балалы-шағалы. Ал кіші ұл-қыздары Бағила мен Бекзат анасы Қалдыкүлмен бірге Шайқорықтағы әкесінің қара шаңырағында тұрып, ел қатарлы бақытты өмір сүріп жатыр. Тайбек адамгершілігі өте зор, парасат пайымы биік, үлкен жүректі азамат болатын. Достыққа адал еді. Үлкенге құрметті, кішіге ізетті болатын. Оның сыйласатын жора-жолдастары, достары көп еді. Ағайын-туыстардың өтініш-тілектерін орындап, алғысын алып, көпке сыйлы болып жүретін. Амал не, тағдырға тағар кінәң жоқ. Бәрі де бір Алла тағаланың қолында ғой. Дегенмен, жан досымның өмірден ерте кеткені мен үшін үлкен өкініш. Менің дос туралы бүгінгі сырым, қысқаша айтқанда, осылайша өрілді. Сен мәңгі біздің есіміздесің, Тәке!
Әбділда Сәрсенбі. Тараз қаласы.Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді