Тараздан... Рио-де-Жанейроға!

Тараздан... Рио-де-Жанейроға!
ашық дереккөз
Тараздан... Рио-де-Жанейроға!

7Әлем чемпионатының қос жүлдесін қанжығаға байлап, рио-де-жанейро бәсекесіне жолдама алған  Зульфия Габидуллинаны облыс әкімі қабылдады

Шотландияның Глазго қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы жүзуден әлем чемпионатында қос қола жүлдеге қол жеткізген жамбылдық спортшы Зульфия Габидуллинаны облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, құрмет көрсетті. – Әлем біріншілігінде қол жеткізген жетістігіңізбен біз мақтанамыз. Байрақты бәсекеде қарсыластардан оза шауып, бәйге алу оңай емес. Біз сіздің бұдан ба биік шыңдардан көрініп, алтын медальдармен елге оралатындығыңызға сенім білдіреміз. Алда паралимпиада келе жатыр. Ол додада да жұлдызыңыз жансын, – деп, игі тілегін білдірген Кәрім Нәсбекұлы Зульфия Габидуллинаға диплом табыстап, сый-сыяпат жасады. – Әлем чемпионатында алты қашықтықта сынға түстім. Брасс, еркін жүзу әдістері бойынша да өзімнің қарымымды байқадым. Бұйырғаны қос қола болды. Алда өтетін дуы басым аламандарда бұдан да жоғары нәтиже көрсетсем деймін, – деп Зульфия Габидуллина да өз ойымен бөлісті. Ал Габидуллинаның жеке бапкері Саттар Дүйсембаев: «Зульфия бұл біріншілікте S3 санаты бойынша бақ сынады. Бұрын ол S4, S5 санаттарында еді. Біз оның мүмкіндігін дәлелдеп, қажетті санатқа қостық. Жарыс алдында Зульфияға ота жасалған болатын. Соның да әсері болған шығар. Қазір бәрі ойдағыдай. Зульфия бір қоланы S3 санатында иеленсе, екінші қола медальды S4 санаты бойынша бақ сынап алды. Санат жоғарылаған сайын спортшылар да мықты болады. Жоғары санаттарда аздап өз аяғымен жүре алатын спортшылар бар екенін де айта кету керек. Алда паралимпиада ойындары келе жатыр. Алла қаласа, мемлекеттің мерейін асыратын додада ел намысын биіктен көрсетіп, әлем чемпионатында алдымызды ораған Нидерланды спортшысынан есе қайтарып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінуді көздеп отырмыз», – деді шәкіртінің мүмкіндігі туралы ой қозғап. Зульфияның алар асулары асқақ екеніне біз де сенеміз.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол». Суретті түсірген Алмаз Орманов.

Ұқсас жаңалықтар