«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Фәнилік драма

Фәнилік драма
ашық дереккөз
Фәнилік драма
(рубаяттар) Арғынбай БЕКБОСЫН. Біз қазақпыз аңсаған еркіндікті, Көк аспанға ашатын ел түңдікті. Жұлқысқанмен жұлқыстық, өлдік, өндік, Енді бізге мәңгілік серпін бітті! *   *   * Түсін түстеп айтқанда, жинай елді, «Қара қазақ» дейді ғой қимай енді. «Көз тимесін ұлтыма» дей ме, әйтпесе қазақтың көбі аққұба, бидай өңді. *   *   * Елге қастық жасаған сан ғасырдан, Абақтыға қамалған, дарға асылған. Ал ұрпақты бездіріп тілден ұлтқа қастық неге жазасыз жалғасылған? *   *   * – Ей, ағайын, ел жайын ұғып талдар, Арандату сөз ғой деп мұны ұқпаңдар: Елді, жерді, аспанды аямайтын Халық жауы қапысыз – құныққандар! *   *   * Қыз... сияқты. Бар лыпа – шетелдіктен, Бар мүшесі әдемі, бекем біткен. Тек ашылмай қалғаны: қайда, қашан, «5»-ке емтихан тапсырған мекерліктен? *   *   * Бір ез теңеп ақынды жәй пақырға, Тырқылдады нақұрыс: «Әй, қатырды, ә!..» Жоқ, жыр-сиқыр! Ол айтса мырзаң құл боп, Жерұйыққа айналар айтақыр да! *   *   * Тілде мін жоқ сөйлесе шықылықтап, Күлген болып, қабақты шытынып қап. Бәрі жалған! Іш басқа, сырт сырғанақ, Бірақ қазір бұлардың құты мықты-ақ! *   *   * Зулап ұшты. Уақытты елетпеді, (Жын қаққандай жылдамдық керек пе еді?!) Жастық жылдар – алтынды жапырақтар, Жалт-жұлт еткен Ғұмыр-бәйтеректегі. *   *   * Алабұртқан арудың жақұт текті, Отты жасы көзінен атып кетті. Жаралаған жоқ жардың ол жүрегін, Қайта оны жүз есе бақытты етті! *   *   * Сұрап қалдың тағы да «хал қалай?» – ды, Саған шындық керек қой? Ал жарайды. Бір ой түйдім қазіргі жан күйімнен: Жас-пасыңды іңкәрлік талғамайды! *   *   * – Қарлығаш-ау, қайдасың?.. Аспанында түсті түтін бұрқырап қас-қағымда, Ұя салар өздерің ордасына Төле бисіз өлкені тастадың ба?.. *   *   * – Ол – дарын ғой!.. Оған не таласың бар?!. Ақымақтар... алдың жөн-адасыңдар. Күні ертең-ақ ол самғап сан қияға, Сендер үрген ит болып қаласыңдар. *   *   * – Әйел заты шыңы, деп, әдемілік, Қойса аспанға бейнесін әлем іліп!.. Соны нұсқап ұлы Алла үндер ме екен: «Шеберлікті таныңдар, қане, біліп!» *   *   * – Сұлулықтан залымдық қаптады ақыр!.. Төземісің?.. Төзімді сақта, батыр. «Әйел жанын таныдым» дейсің бе әлі? Онда ақылың – балалық шақтағы ақыл! *   *   * – Уа, Талас! Суыңды ішіп ержетіп ем, Бесік қып толқыныңды тербетіп ең. Қазірде ауаң, суың ем ұлыңа, Ал сенсіз, Құдай куә, мен – жетім ем! *   *   * – Қызық-ау саған қойған сұрақ ана: «Бақытты деп кімдерді ұғады аға?». – Бақытты құсқа теңеу бар ежелден, Ал құсың ұшып кетпей тұра ала ма?! *   *   * Тарихты мәжбүрлік пе негіздеген?.. Қоршалған Америка теңізбенен ашылса Колумбпен – оны жұмсап түріктен қорқып испан жер іздеген. *   *   * Амалдан неше түрлі дұрыс-теріс, Бітпеген бұ Жаһанда ұрыс-керіс. Кішілер құлдыраңдап қалбаң қақса, Ұлы елге бұйырмаған ұлы іс тегіс. *   *   * Жаз да өтті, өтіп жатыр ажарлы күз, Олжамыз – жан жабырқау, қажалды жүз. Сонда да жүрміз күнде күйіп-пісіп, Кетердей алдап-сұлдап ажалды біз. *   *   * Сұм қалмақтар шыққанда Жоңғарынан, От-жалыннан жол екеш жол қарылған. «Сұмқайтты» деп аталған мына жерден, Аңырақайға жол біздің оңғарылған! *   *   * – Әкеңнің ойлан, шырақ, түсінігін, Жалғасып жатса жақсы ісі бүгін. Дүние қалса қалар, қалмаса да Міндетің – мұра тұту кісілігін. *   *   * Белгілі ғой барар жер кәріліктен, Денсаулығы нашарлап халі біткен. Аманатын Алланың тапсырса да, Талай арман кетеді-ау әлі күткен. *   *   * – Былай, қалқам: Мені шын еркелеткен үлкендердің көбі өте ерте кеткен. Еркелейтін адамым аз болған соң, Мезгіл мені суықтау еркек еткен. *   *   * – Бәленің көбі, сірә, қызғаныштан! Қастандық содан от ап қызған, ұшқан. Наданды қойшы бастан қараниет, Әттең-ай, даналар да жүз жанысқан. *   *   * Көктем ғажап алмастай ел сене де, Көкке өрлеуде көк біткен өршелене. Өршелену... Адамда ол жанталас па? Өміршеңдік сонымен өлшене ме? *   *   * – Махаббат – жанның емес, тән талабы! – деп соқты заманның бір зәнталағы. – Ол қай ит махаббатты мазақ еткен?! – Адамдық сана көзі қанталады... *   *   * Қарасуды жағалай дүйім Сәмбет, Баяғыда тігетін үйін сәндеп. Бір ақбоз үй жоқ бүгін. Сәмбет отыр деумен: «Құдай егінді биыл дәнді ет!» *   *   * – Бұрынғылар қай кезде қайтіпті екен? Қандай сырын артқыға айтыпты екен? – Елеңдейді соған ел. Жөні келсе, Мен де әйтеуір бірдеңе айтып кетем. *   *   * – Өкпелеттім... Қайтейін, сол себепті... Жалғыз арман: «Жарқылдап келсе нетті!..» Келмесе де екеуміз кездесетін, Ең болмаса бірдей түс көрсек етті... *   *   * Тау мен құмның арасы біздің ауыл, Тым сұрапыл демесең күзгі дауыл, Жұмақ-ақ қой!.. Тек, әттең, алыстап ап ынтық құшақ, сәлемді үзді бауыр... *   *   * ...Баяғы өткен шал-кемпір дауыстары... «Арғынтай!..» – деп бірі әне дауыстады... Ауылдағы елес қой... Ауысты ұрпақ, Ал бейнелер көзге ыстық. Ауыспады. *   *   * Демей-ақ алабөтен мұрат табам, Тараздан талай рет жырақтағам. Бір ізгі із қалды ма мұнда менен? Ант етем: ешкімді де жылатпағам... *   *   * Мүлгиді үнсіз ата-ана мүрделері, Ұмытқандай жалғызын, мүлде мені... Әлде дей ме: «Әлі де жүре тұрсын, Асықпайық, Арғынтай бір келеді...» *   *   * Аз болса да өзінің білмегені, Отыратын сұраумен бірдемені. Енді ойласам, бұл оның «біл» дегені... Әкем өмір сүрген кез ілгері еді... *   *   * – Көп жамандық – жақындау жұрағаттан, Атың озса – сүрен сап тұрады: «Аттан!» – Қазақ кенде болмаған ондайлардан, Көкелерін көр барып мұрағаттан! *   *   * Таңданам «Не болды, – деп, – осы маған?..» Жоқ жерден бір уайым қосып алам... – Жасысам жарқылдамай семсеріңше, Қолдай гөр рухыңмен, Қосы бабам! *   *   * Соғыс, індет, су басқан қай қаланы?.. Аштық, дауыл, өрт алған айдаланы... Азап, ләззат, салтанат... бәрін артқан байғұс Жерді қара... әлі айналады! *   *   * – Дүние бұ қалпында тұрып қалмас, Күні ертең сендей ұры ұлықталмас. Әзірге есірерсің айыл жимай, Ал кейін шығарып көр құрықтан бас! *   *   * Қарс-қарс етіп қара бұлт басулы аспан, Төкті нөсер – көл-көсір шашуды асқан. Лезде арсыл алыстап, ашылды күн, Ақсақалдай ақкөңіл ашу басқан. *   *   * – Домалап ғарыш кезіп, салып ән, зар, Жүрген бір ғажайыптың барын аңғар?.. – Жұмбағың Жер шары ма?.. Онда менің қазағым, қатын, балам, шаруам бар! *   *   * – Оқу көп қой, қарағым, жер бетінде, Оқы мейлің, алыста, кем-кетілме. Бірақ бауыр баспағын жат еліне, Бесік емес ол саған!.. Тербетілме. *   *   * – Кім-ей, мына сұлуың сылаң қаққан, Төсін тосып, бөксесін бұлаңдатқан!? – Қызығу ма?.. Мысқыл ма?.. Сұқтанба тек ханның ұлы сияқты құланды атқан. *   *   * – Деме ажалды өзіңнен жырақтаған, Өмір – өлім арасы бір-ақ қадам!.. – Білем. Содан әр күнді сауапты іске арнап жүрмін. Басқасын ұнатпағам... *   *   * Баласақ сұлулықты ұғуды арға, Арлы боп өмір бойы тұру бар ма?.. Ал енді шын болса ол құрып қалсын: Күнә да үйір, дейді, сұлуларға!.. *   *   * Кейде ойланам: «Қашанғы қысыламын?! Күзім мынау... келсе өмір қысы мәлім. Әй, мен де бір шалқардай шалқиыншы!.. Бірақ қалай?..» Бұл – менің қысыр әнім... *   *   * – Пірәдар! Әзірейіл апарғаннан, Жасымай жай табайық Жаһаннамнан. Ол бізге оншалықты жат та емес қой, Хауасын ертіп Адам Атаң барған! *   *   * Тағы анау жотадан... Күн аунайды, Күн кеткен соң бұлдыр ой бұғаулайды: Күндей күліп бұл өмір тұрмас дәйім, Бір тасада... бұғынып тұр-ау қайғы... *   *   * – Жағымды болса қалай шөпке жазы, Жағады маған достың өкпе-назы: Бұл оның көргені ғой мені өзіндей... Ал менің көңілім оған өт-те разы! *   *   * – Сен жазған рубаят-туындылар, Арналған оқуға тек ұғымдылар!.. – Солай-ау деп ешқашан ойлағам жоқ, Дегем тек: «Болса болды мұңымды ұғар».

Ұқсас жаңалықтар