Алайда бұқаралық спортты да ұмытпау керек
Спорт саласына серпін қажет Облыс әкімдігінің аппарат кеңесінде алдымен бұқаралық спортты дамыту туралы мәселе қаралды. Салада атқарылып жатқан жұмыстар жайлы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков баяндама жасады. Баяндамашы айтып өткендей, биыл Тараз қаласы мен аудандар тарапынан бұқаралық спортты дамытуға 95,4 миллион теңге қарастырылып, қаражат 2014 жылмен салыстырғанда 4,8 миллион теңгеге артыпты. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған спорт мекемелерінің саны 46-ға жеткен. Соңғы үш жылда 8 жаңа спорт кешені бой көтеріпті. Биылдың өзінде Тараз қаласында, Жуалы, Мойынқұм аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері іске қосылыпты. Қаратау қаласындағы екі спорт алаңшасы да талапқа сай. Бұл жаңа нысандардың барлығы – Елбасы Жолдауында айтылған қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту туралы тапсырмасының жемісі екендігі даусыз. Біздің облыста спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 2014 жылмен салыстырғанда 8 мың адамға артып, өткен жылмен салыстырғанда спорт залдарына барып, сергектікті серік еткен жасөспірімдер саны 1500-ге ұлғайыпты. Гамлет Төреханұлы кейбір аудандарда спорт саласына деген немкеттілік бар екенін де баса айтты. Мәселен, бұқаралық спортты қаржыландыру көлемі Байзақ, Меркі, Мойынқұм аудандарында басқа өңірлермен салыстырғанда өте төмен болып отыр. Ауылдық округтерге арнайы білімі бар нұсқаушы-әдіскер бекіту жұмысы Байзақ, Қордай, Мойынқұм аудандарында өз дәрежесінде жүргізілмеуде. Бұл тапсырманы әзірге Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Шу, Сарысу аудандары толығымен орындап, жауапкершілік жүгін сезініп отыр. Ал Қордай, Мойынқұм аудандарында мектептердің жазғы спорт алаңшалары сырланбай, тазаланбай, талапқа сай келмей тұрғандығы да Г. Қайнарбековтің хабарламасынан тыс қалмады. Спорт кешендері көптеп салынып жатқан облысымызда спортқа құштар балалар саны 1500 жасөспірімге артқанын төмен көрсеткіш екенін ескерткен облыс әкімі облыс спортының басшысына: «Аудандарды араламайсыз. Тіпті, «Тараз-Арена» спорт кешенінде біраз кемшіліктер орын алып отыр. Мен сізге аудандарды аралап, спорт мекемелерінің жұмысымен жіті танысуды тапсырамын» деді. Астық пен жемшөп жинау қарқыны бәсеңдемесін Сондай-ақ, аппарат кеңесінде масақты дәнді дақылдарды жинау, пар көтеру, қысқы мал азығын дайындап алу мәселесі қаралды. Онда онлайн режімде байланысқа шыққан Сарысу ауданының әкімі Бейбітбек Жайлыбаев аудандағы 130 мың гектар егістіктің 80 пайызы күздік бидай екенін айтса, бұл орайда Талас ауданының әкімі де жұмыстарының нәтижелі боларына сендірді. Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев 36 мың гектардан астам жерге жоңышқа жақсы шығып, ауданда қазірдің өзінде 107 мың тонна мал азығы әзірленгенін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімі Жуалыда биыл шөптің өте мол екенін сөз етіп, өзге аудан еңбеккерлеріне Қошқарата сілемдерінен қысқы мал азығын жинап алуға мүмкіндіктері бар екенін тіліне тиек етті. Облыс әкімі биыл барлық ауданда шөп бітік екенін айтып, әр өңір екі-үш жылға жететін мал азығын дайындап алсын деген нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровке Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына байланысты жұмыстарды ширатуды, уақытпен санаспай жұмыс атқаруды міндеттеді.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді