Соңғы турда «Шахтерге» жол берген «Тараз» футбол клубы аутсайдерлер аймағында қалды
«Тараз» футбол клубынан жанкүйерлер жылда жақсы ойын күтеді. Облыс әкімі тарапынан да барлық қолдау жасалып жатыр. Алайда жылда ала-құла ойын көрсететін жергілікті команда биыл да 7-12 орындар үшін талас жүргізетін болды. Маусым басталар алдында облыс әкіміне «Кем дегенде жетінші орыннан көрінеміз» деп уәде берген команданың бас бапкері Евгений Яровенко үдесінен шыға ала ма, әлде жоқ па? Оны уақыт көрсетер. Бірақ, біздің ұжым неге алғашқы алтылыққа кірмейді деген ой көкейде қылаң бере беретіні несі екен? Мықтылар мен осалдарды анықтаған біріншіліктің негізгі кезеңінде сүреңсіз ойын көрсеткен «Тараз» футбол клубы 22-турда чемпионат аутсайдерлерінің бірі, қарағандылық «Шахтер» футбол клубына жол берді. Ойында «Тараз» допты жақсы бақылайды, шабуыл да жасайды. Қапталдарды іске қосқанда қауіпті сәт туындайтын сияқты болып тұрады. Алайда, соңғы соққыны бағыттайтын Пищуріңіз де, басқаңыз да жарылқамай-ақ қойды. Яровенконың сеніп әкелген легионерлері пас алмасуды жақсы білгенімен, гол соғуды білмейтіні несі екен? Негізгі кезеңнің соңғы турында да «Тараз» ойыншылары сорымызды қайнатты. «Шахтер» сапынан Фещук пен Мұртазаев мергендігімен танылса, біздің команда ойыншылары түк бітіре алмады. Кезекті жеңіліс. Тоғызыншы орын. Енді аутсайдерлер аймағында бағымызды сынаймыз. Амал нешік. Жергілікті команданың осындай дәрменсіздігін көріп, зығырданың қайнағанымен әлгі бір әндегідей, «Амалым қанша, амалым...» дей беретін болдық...
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




