«Алашкерт» алынбайтын асу емес

«Алашкерт» алынбайтын асу емес
ашық дереккөз
«Алашкерт» алынбайтын асу емес

Армениялық клубты оңай жеңген «Қайрат» бір аяғымен үшінші кезеңде тұр

Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» өз алаңында Арменияның «Алашкерт» футбол командасын қабылдады. Қарсыластарын ірі есеппен (3:0) тізе бүктірген «халық командасы» әзірге сүрінбей келеді. Алаң иелері бұл ойында Армениядан келген қонақтарға қонақжайлылық танытпады. Бірінші минуттан бастап «Қайрат» өз футболын көрсетіп, қарсы қақпаны жағалаумен болды. Алайда, шабуылдағы белсенді әрекеттері бірден өз жемісін бере қойған жоқ. Алғашқы 4 бұрыштама добы да далаға кетті. Кездесудің 12-минутында «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Риера Ортегаға қарсы ойын ережесі бұзылды, соның нәтижесінде бас төреші қонақтар қақпасына айып добын тағайындады. Он бір метрлік соққыны Бауыржан Исламхан сәтті орындап, командасын алға шығарды. Таблодағы есепті алматылықтар қанағат тұтпай, қарсыластарын қысымға алумен болды. Бірінші кезеңде Владимир Вайсс шәкірттері қанша шабуылдағанымен, үзіліске дейін есеп өзгеріссіз қалды. Ойынның екінші кезеңінде де «Қайрат» футболшылары кездесудегі басымдылығын ұтымды пайдалана білді. Матчтың 55-минутында команданың бас сұрмергені Жерар Гоу қорғаушыларды қапы қалдырып, теңбіл допты қақпаның оң жақ бұрышына солқ еткізді. Еревандық ұжым есепті қысқартуға тырысқанымен, шабуылдары сәтсіз болды. Қарсыластарының мысын бірден баспақ болған «халық командасы» қос қапталдан алма-кезек шабуылдап, ойын тізгінін қайта өз қолдарына алды. 69-минутта Джордже Деспетович айып алаңға асырылған пасты сәтті қабылдап, ойынның нүктесін қойды. Айта кетейік, армениялық «Алашкерттен» айласын асырған «Қайрат» УЕФА клубтар тізімінде 330-орынға көтерілді. Бірден 39-орынға жоғарылаған олардың әлі алар асуы алда деп білеміз. Ендігі қарымта ойынды Қайрат 23 шілде күні Ереванда өткізеді.

Мұхтар Жәмішжанов, студент.

Ұқсас жаңалықтар