Таласта бәрі жақсы ма?

Таласта бәрі жақсы ма?
ашық дереккөз
Таласта бәрі жақсы ма?

басшылар барлық игі іске ұйытқы болуы тиіс

Алма ексең, алатын адаммен бірге, сақтайтын қойма керек Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Талас ауданындағы жұмыс сапары ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан Бостандық ауылдық Мәдениет үйінің жағдайымен танысудан басталды. 17 Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов аталған мәдениет ошағын жөндеу жұмысына 9 миллион 355 мың теңге қаражат бөлінгенін, бір ғана Бостандық ауылының өзінде төрт үйірме жұмыс істейтінін айтып, өңірдің мәдени жағдайын баяндады. Кәрім Нәсбекұлы 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен Бостандық ауылдық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысын оң бағалады. Спорттың алты түрі бойынша дайындайтын мекемеде 280 бала жаттығады. Олардың алды әлемдік додаларда жүлде алып үлгеріпті. Мәселен, Айнұр Сүлеймен дзюдо күресінен жасөпірімдер арасында Әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанса, Айдана Қалдарбек жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінің жүлдегері екен. Өзге де осындай  шәкірттердің аз емес екені көңіл қуантты. Сондай-ақ, облыс басшысы жеке кәсіпкер Әбдір Саяттың өз қаражатына Бостандықтан наубайхана, монша, бильярд залын ашып, елдің ортақ игілігін ойлағанына көңілі толғанын айтса, 15 гектар жерге қауын-қарбыз егіп, дихандардың өзіне үлгі болған «Еркетай» балабақшасының меңгерушісі Динара Жаңатаеваға да ризашылығын білдірді. 18Кәрім Нәсбекұлы ауыл шетіне ұйымдастырылған стендтер, шағын қоршау қорадағы төрт түлік мал арқылы ауданның кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы жағдайымен танысты. Мәселен, аққұмдық «Сейсенбай» шаруа қожалығының басшысы Сейсенбай Тұңғатаров 80 түйеден 40 бота алғанын айтса, Марат Алашбай өзі басқаратын «Тәжібай-Алашбайұлы» шаруа қожалығында қазақтың 300 бас ақ бас сиырын өсіріп жатқанын тілге тиек етті. Аудандағы «Шұғай» шаруа қожалығына «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 45 сиыр алынғаны айтылды. С.Шәкіров ауылындағы «Ахай» шаруа қожалығында ет бағытында 1800 бас қой өсірілуде. Облыс әкімі Бостандық ауылындағы «Нұрым» шаруа қожалығының 5 гектар жерде тамшылатып суаратын алма бағын аралап көріп, атқарылып жатқан іске көңілі толмады. Қожалық төрағасы Рахым Нұрымовтың ниетіне, жаңашыл қадамына ризашылығын білдіріп, жаңбырлатып және тамшылатып суару тәсілін Меркі, Қордай аудандарындағы әріптестерінен үйренуді ескертті. Бостандық ауылының  аты осыған дейін тіл үйірген қарбызымен шығып келген еді, енді алма өсіріп абыройға бөлене ала ма? Мұнда алма өсіру мықтап қолға алынса, өнімді сақтайтын қойма керек. Сонда күн суытқан мезгілге қарай солтүстік, батыс облыстарға өнімді көтеріңкі бағаға өткеруге болады. Мұндай қожалықтарды жан-жақты қолдау қажет. Облыс басшысы осыны ескертті. Сондай-ақ, талабы таудай қожалық басшысына дұрыс бағыт бере алмаған аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарын, ауылдық округ әкімін сынға алды. Кәрім Нәсбекұлы «шөбі шүйгін, суы мол Таласта шаруа қожалықтар неге 300 бастың орнына 3 мың бас сиыр өсірмейді, «Сыбаға» бағдарламасымен неге 40-50 бастың орнына 400-500 сиыр алмайды» деген сауалды ортаға тастады. Бұл ауданда «Сыбағадан» бөлек «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары бойынша жұмыс қанағаттанарлықсыз дәрежеде жүргізілген. Аудандағы 103 мың бас уақ малдың көпшілігі дезинфекцияланбағаны да облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Иманың – жиғаның! Облыс әкімі С.Шәкіров ауылындағы «Байтоқты баба» мешітіне бас сұғып, құранға қол жайды. Мешіт жағдайымен танысты. Ауданда діни ахуалдың тұрақты жағдайынан облыс басшысын ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев хабардар етті. Ауданда 18 мешіт тұрақты жұмыс істеп тұр. 15 мешітте бас имам бар. Теріс бағыт ұстанатын, өзге бір топтың жолымен жүретіндер жоқ. Ораза ұстаушылар қатары да артып келеді. Кәрім Нәсбекұлы осы ауылдың аумағында орналасқан аудан көлеміне газ тарататын стансаның жұмысын  көрді. Таза ауыз су тұрақты берілуі тиіс Облыс басшысының сапары Ойық ауылында жалғасты. Алдымен К.Көкірекбаев «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан, ауылға таза ауыз су бөлетін тораптың жұмысымен танысты. Аудандық «Талас-Таза су» мекемесінің басшысы Мұрат Несіпбаев  осы кезге дейін тұрғындарға тәулігіне екі сағат  таза ауыз  су берілсе, ораза кезінде күніне төрт сағат сапалы су ел игілігіне ұсынылып жатқанын жеткізді. Бұл мәліметке облыс басшысының көңілі толмады. «Ауыл тұрғындарына суды тәулік бойы беріңдер. Неге  біз мол қаражат бөліп, ауылдарға таза ауыз су әкелдік. Оның игілігін неге ел көрмейді?» – деді Кәрім Нәсбекұлы мәселеге терең үңіліп. Ойық ауылында орналасқан аудандық    Ақкөл орман шаруа-шылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысына да облыс басшысы ерекше назар аударды. Мекеме басшысы, облыстық мәслихат депутаты Ақынбек Бектай айтып өткендей ауданда 24 орман қорықшылары бар. Екі жарақталған өрт сөндіргіш машинасы мен өзге де техника  төтеннен орын алатын өрт оқиғасын дер кезінде сөндіруге дайын. Биыл орман қоры жерінде өрт оқиғасы тіркелмеген, төрт далалық өрт оқиғасы орын алып, барлығы дер кезінде аталған мекеме қызметкерлерінің көмегімен сөндіріліпті. Дегенмен, бұл мекемеде бірқатар кемшіліктер көзге көрініп тұрды. Алдымен, төтенше жағдай кезінде дабыл қағатын қондырғының сыртта емес, мекеменің ішінде орналасқаны, қауіпсіздік ережесі сақталмағаны, сондай-ақ, мекеме ауласының ластығы, ретсіздігі, орындықтардың сырланбағаны, аулада өсіп тұрған талдардың күтім көрмегені облыс әкімі назарынан тыс қалған жоқ. Кәрім Көкірекбаев бұл олқылықтарды орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Ақынбек Бектай және оның орынбасары Есімхан Жексенбаевқа тез арада тәртіпке келтіруді тапсырды. Облыс басшысы Ойық ауылдық амбулаториясында да болды. Мұнда 32 адам еңбек етеді. Жылжымалы кезекшілік бар. Екі дәрігер, 18 мейірбике өз ісінің мамандары. Бас дәрігер Зара Әбдиева ана мен бала өлімі жоқ екенін, тіпті көрші ауылға қонаққа келген аяғы ауыр келіншекке дер кезінде көмек көрсетіп, аман-есен босандырып алғандарын  айтып өтті. Кәрім Нәсбекұлы күндізгі стационар бөлмелерін аралап, мұндағы жұмыстың тап-тұйнақтай екеніне көз  жеткізді. Екі директордың еңбегі ерекше Ақкөл ауылдық округіндегі Ақкөл орта мектебі аудандағы іргелі оқу орны саналады. Талай талантты шәкірт тәрбиелеген білім ошағының өнегелі жолы сайрап жатыр. Облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы білім ордасына арнайы атбасын бұрды. Алдымен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков кіреберіс фойедегі стендтер арқылы өңірдегі білім беру жағдайынан облыс басшысын хабардар етті. Аудандағы 36  білім мекемесінің жұмысы жүйелі. Биылғы жылы 12 шәкірт «Алтын алқа» алып, ҰБТ кезінде өз білімдерін дәлелдеп шықса, олардың екеуі Ақкөл орта мектебінен. Ақкөл орта мектебінің директоры Роза Жұматаева өзі басқаратын білім ордасының жағдайын, жетістігін айтып өтті. Аймақ басшысы Кәрім Нәсбекұлы оқу залдарын, мектеп қазандығын аралап көріп, сырланып, тазаланып, ақталған бөлмелерді көріп, мектеп басшысының жұмысын оң бағалады. Облыс басшысы Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры Айман Тілеукеевадан мектебінің жағдайын сұрап, ол білім ордасының да жаңа оқу жылына қазірдің өзінде сақадай сай екеніне көз жеткізді. Осы жерде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғынбай Тәжібеков Ақкөл ауылының ажары Елбасымыздың, облыс басшысының назар бұруымен, түрлі бағдарламалардың әсерінен жақсарып келе жатқанын айтып, ауылға таза ауыз су келгенін әңгімелеп, облыс әкіміне көпшіліктің атынан алғысын айтты. Қаратауда шешімін күткен мәселе көп Облыс әкімі Қаратау қаласын аралауды «TaIas Invest Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Мұнда аудандағы кәсіпкерлік жағдайымен аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров таныстырды. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөнінде 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында мұнда натрий цианидін өндіретін химиялық зауыт құрылысы жүргізілуде. Мәселен, «TaIas Invest Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіреді. Оған қосымша химиялық ыдыстар және 150 мың дана 50 килограмм болат барабан, 18,75 мың дана 400 килограмм ағаш жәшік жасалатын болады.  Бұл зауыт құрылысына 13 миллиард теңге қаражат жұмсалыпты. Облыс әкімі серіктестік директоры Бақтияр Алдашовқа «Зауытты ертерек іске қосыңдар» деп нақты тапсырма берді. Ол толық қуатымен іске қосылғанда, мұнда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Келесі кезекте облыс әкімі аудан көлеміне жылу мен ыстық су жеткізетін «Игілік» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болды. Мекеме басшысы Рашид Сейдалиев бұл саладағы жағдайдан хабардар етті. «Қаратау қаласына ыстық су тәулік бойы беріліп тұр ма?» – деп сауал қойды облыс басшысы. Бірақ жағдай олай емес екен. Кәрім Нәсбекұлы Қаратауға суық су мен ыстық судың үздіксіз беріліп тұруын «Игілік» мекемесінің басшысына қатаң тапсырды. Аймақ басшысы аудандық орталық ауруханада да болды. Аудандағы денсаулық сақтау жағдайының барысын баяндап өткен бас дәрігер Есмұхан Имаммырзаев өткен жылмен салыстырғанда туберкулез ауруымен ауыратындардың саны 1 адамға артқанын, алайда қатерлі ісікпен ауыратындар саны кемігенін, аудан бойынша 7 дәрігер жетіспейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, биыл ауданда бала өлімі  көбейгені байқалып отыр. Облыс басшысы жан сақтау бөлімін, перзентхана бөлімдерін, телемедицина бөлмелерін аралап, жағдайды көзімен көрді. Сондай-ақ, хирургия бөлімінің меңгерушісі Константин Качалов пен  аудандық емхана басшысы Гүлнар Кәленовадан жұмыс жағдайын жан-жақты сұрады. Сондай-ақ, облыс басшысы 1 миллиардтан астам теңгеге салынып жатқан 250 орындық  жаңа емхана құрылысымен де танысты. Бұл емхана құрылысы 2016 жылы аяқталуы  тиіс. Облыс басшысы жаңа спорт кешенінің жұмысын да аралап көрді. Осы кешеннің фойесіне қойылған стендтерге де назар аударды. Бұл жерде аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Әлия Сағымбекова ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасап, жағдайды жан-жақты баяндап берді. Аудан өндірісі көлемі бұрынғы жылдармен салыстырғанда төмендегені байқалады. Қаратауда қыруар жұмыстың атқарылмай жатқаны көзге көрініп тұрды. Жұмыс қашан жолға қойылады? Облыс әкімі аудан активімен қорытынды жиналыс өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев, бірқатар басқарма басшылары, екінші деңгейлі банк өкілдері  қатысты. – Мен бүгінгі сапарда бұл ауданнан көптеген кемшіліктерді көрдім, – деп бастады сөзін облыс басшысы. – Абдалы Тоқбергенұлы, осы жиыннан кейін сіз осы жерге жиналған ауылдық округ әкімдерімен, шаруа қожалық басшыларымен әңгімелесіп, бүгінгі жаңа мүмкіндіктерді түсіндіріңіз. Екінші деңгейлі банктерден несие алу жолдарын қарапайым еңбеккерлерге жан-жақты ұғындырып айтқанымыз жөн. Сарысу, Талас аудандарында ауыл шаруашылығы саласына қатысты бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде арнайы жоспар жасаңыз. Қадағалаңыз.  Қазір бұрынғыдай емес, саман үйлерді де, кез-келген техниканы да кепілге қойып, несие алуға болады. Бұл аудан тамшылатып, жаңбырлатып суару, жылыжайда көкөніс өсіру дегеннен мүлдем артта келеді. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламаларының орындалуы да көңіл көншітпейді. Жұмысты кімнен сұраймыз? Аудан әкімінің жауапкершілігі өз алдына, аудан әкімінің салалық орынбасарларының белсенділігі қайда? Аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қашан жанды жұмыс атқарады? – деді Кәрім Нәсбекұлы мәселенің мәнісін түсіндіріп. Сондай-ақ, көктемгі-жазғы дала жұмыстарының барысымен танысып, жағдайды көзбен көргенді жөн санап келгенін айтқан облыс басшысы аудан әкімінің орынбасарларынан жұмысты жан-жақты сұрады. Алдымен мінберге аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Қайрат Рахымжанов көтерілді. Ол баяндамасын оқи бастағанда, облыс басшысы нақты жағдайды баяндауды ескертіп, бірнеше сұрақтар қойды. Облыс басшысы аудандағы 760 шаруа  қожалықтың бүгінгі таңда 17-сі ғана іріленгеніне, 22,8 мың гектар егістік алқаптың 46 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына көңілі толмайтынын айтты. Тіпті, аудан әкімінің орынбасары Қ.Рахымжанов ауданда нақты қанша гектар егістік жер барын, оның қанша пайызы пайдаланылмай жатқанынан хабарсыз болып шықты. Облыс әкімі: «Неге жылдан-жылға тамшылатып, жаңбырлатып суару тәсіліне көшпейсіздер, дархан даланың игілігін неге пайдаланбайсыздар, биыл жерлеріңізге шөп өте мол шықты. Соны жейтін төрт түлік малды неге бүгінгіден он есе көп өсірмейсіздер?» – деп сауал тастады. Биыл ауданда 990 бас мал түрлі аурулармен ауырған, уақ малдың төрттен бір бөлігі ғана күпкеге түскен. Күпкеге түскен малдың тынысы ашылып, ауру жоламайтынын да Кәрім Нәсбекұлы жан-жақты айтып өтті. Облыс басшысы бұл ауданда ет, сүт өндіру, мал бордақылау жұмыстары бетімен жіберілгенін айтып, аудан әкімінің ауыл шаруашылығын басқаратын орынбасарына жұмысты жолға қоюды қатаң ескертті. Аудан әкімінің өндіріс-құрылыс жұмыстары жөніндегі орынбасары Серік Дадабаев та осындай сынға ұшырады. Аудандағы жүз шағын кәсіпкерлік субъектілердің 52 пайызы ғана белсенді жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, Серік Ералыұлы осы аудан аумағындағы  «Амангелді газ» өндіріс орнында былтыр және биыл қанша көлемде өнім өндіріліп жатқанын тап басып айтып бере алмады. Облыс әкімі осы тұста «Амангелді газ» өндіріс орнында 2010 жылы – 320 миллион, 2011 жылы – 334 миллион, 2012 жылы 354 миллион, 2014 жылы 400 миллион текше метр газ өндірілгенін қағазға қарамай-ақ көпшілікке айтып берді. «Серік, сіз сегіз жылдан бері аудан әкімінің орынбасарысыз. Осындай өз салаңызға қажетті мәліметтерді неге білмейсіз? Мен сізге Бетпақты малға, Балқашты суға толтыр – деп жатқаным жоқ. Өзіңізге қажетті жұмыстарды бес саусақтай біліп, мәліметті жатқа білетін уақытыңыз болды емес пе?» – деді Кәрім Нәсбекұлы. Аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ғалым Қартабаев та өзіне тиесілі сала бойынша бірқатар сауалдарға жауап бергенімен, кей жерінде мүдіруге тура келді. Мәселен, таластық сегіз ауылға газ барғанымен, осы елді мекендердегі 17 әлеуметтік мекемелер көгілдір отынға қосыла алмай отыр. Неге? Аудандағы сәби өлімінің артуына да облыс әкімі ерекше назар аударып, бұл мәселенің жеке қаралатынын ескертті. Сондай-ақ, облыс әкімінің алдында Қаратау қаласының әкімі Қойшыбай Мақашев та қысқаша есеп берді. Кәрім Нәсбекұлы Қаратаудың бүгінгі келбеті сын көтермейтін жағдайда екеніне, көшелер мен мекемелер тазалығына мән беру қажеттігіне тоқталып, қала басшысына белсенді жұмыс жүргізу қажеттігін қадап айтты. Облыс әкімі «Қаратау қаласының әлеуеті Тараз қаласынан еш кем соқпауы тиіс» дегенде залдағы көпшілік еріксіз қол соғып жіберді. Қорытынды жиында облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев және бірқатар басқарма басшылары өз салалары бойынша қысқаша мәлімдемелер жасады. Жиынды облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы қорытындылап, аталған кемшіліктерді жоюды, шағын және орта бизнесті дамытуды және ауылдарға таза ауыз суды тәулік бойы үздіксіз беруді аудан әкімі Болат Рысмендиевке тапсырды.

Есет Досалы, «Ақ жол». Талас ауданы. Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар