Таяу күндері мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық спартакиада дүркіреп өткен болатын. «Тараз-Арена» спорт сарайында байрағын көтерген бәсекеде Т.Рысқұлов ауданынан келген команда ерекше ойын өрнегімен көзге түсіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген-ді. «Шіркін, Құлан өңірінің жігіттерін қарашы, қызметте де, спортта да жүйрік екен» десті жұрт. «Бақсақ бақа екен» демекші, спартакиадада өнер көрсеткендер мемлекеттік қызметші емес, кәсіби спортшылар болып шықты. Бұл туралы сейсенбі күні өткен облыстық Тәртіптік кеңестің отырысында өткір айтылды. Спартакиаданың қорытынды есебіне сәйкес, Т.Рысқұлов ауданынан қатысқан спортшылардың арасынан мемлекеттік қызметші еместігі анықталып, бірқатар азаматтар жарыстан шеттетілген. Мысалы, ұйымдастырушылар жарыс кезінде мемлекеттік қызметші болып табылмайтын азаматша С.Скребецтың Қарақыстақ, азаматша Н.Дзюбинаның Новосель ауылдық округтері аппараттарының мамандары ретінде қатысқандығын, олардың қолында «қызметтік куәліктің» болғандығын анықтаған. – Спартакиададан жеңімпаз атанғандарды ешкім Олимпиадаға алып барайын деп жатқан жоқ. Шараны өткізудегі мақсат – спорттың бұқаралығын арттыру. Әрі мемлекеттік қызметшілер бір-бірімен танысып, біліссін, ой-пікір алмассын дедік. Ал сіздер болсаңыздар мемлекеттік қызметтің беделін түсіріп, көлденең ойыншыларды жарысқа қосасыздар, – деді Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев. Міне, осындай олқылықтарға жол бергені үшін тәртіптік кеңес Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының басшысы М.Өмірзақовты, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Бестерековті Ар-намыс кодексінің талаптарына сәйкес, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартуға ұсыныс енгізді. Тәртіптік кеңестің отырысында Мойынқұм ауданындағы мамандардың да мәселесі майшаммен қаралды. Мысалы, Н.Оспанбаева тек қана орта мектепті бітіргені туралы аттестатпен 2014 жылғы 5 қыркүйекте Қашқантеңіз бастауыш мектебіне ағылшын тілінің мұғалімі болып қабылданған. Сонымен қатар, Қ.Сәтбаев және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептеріндегі алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімдерінің де жоғары білімі жоқ болып шықты. Осы мәселе бойынша түсініктеме берген Мойынқұм ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев өңірде мамандардың тапшы екендігін алға тартты. – Осы қызметке тағайындалғаныма екі жылдай болды. Ауданда педагог кадрлар жеткіліксіз. Біз мамандар тапшылығын жою мақсатында жоғары оқу орындарын аралап, бітіруші түлектерді шақырудамыз. Соның нәтижесінде былтыр ауданға 24 маман тарттық. Биыл 4 маман келді. Ал енді Қашқантеңіз, Құмөзек ауылдарына маман тартайын десек, ол елді мекендерде сатып алып беретін баспана болмай тұр, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жазықбаев. Кеңес отырысында, сондай-ақ облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Али Байтанаевтың, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың сыбайлас жемқорлық қатерлерінің алдын алу жөніндегі жұмыстар туралы есептері тыңдалды.
Тұрсынбек ТЕМІРЛАНҰЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді