«Жетісуды» жеңді

«Жетісуды» жеңді
ашық дереккөз
«Жетісуды» жеңді

19-турда талдықорғандықтарды тізе бүктірген «Тараз» алтыншы орынға көтерілді Футболдан он тоғызыншы тур аясында жерлестеріміз өз алаңында талдықорғандық «Жетісуді» қабылдады. Кезекті турдың шымылдығын түрген ойын тартысты болды. Матч  фаворитін анықтау спорт сарапшыларына қиынға соққан жоқ. Биылғы доп додасында қонақтардың көрсеткен сүреңсіз ойындары бізге басымдылық берді деп айтуға толық негіз бар. Бұл жолы жерлестеріміз үш ұпайды олжалап, алғашқы «алтылықтың» қатарына енді. Ойын 2:0 есебімен аяқталды. Төреші ысқырығы естілісімен қарсы қақпаны торуылдаған «Тараз» футбол клубының ойыншылары қос қаптал арқылы үздіксіз шабуылдарға иек артты. Ойын тізгінін өз қолдарына алған олар ұрымтал тұста мүлт кетіп жатты. Айып алаңының сыртынан бағытталған соққылары да нәтижелі болмады. Ал «Жетісудің» ойыншылары тек қорғаныста ойнады. Қонақтар сапынан қақпашы Андрей Шабанов алғашында өз қақпасын құрғақ сақтап, ойынды одан ары шиеленістіре түсті. Бірінші кезең нәтижесіз аяқталды. Үзілісте Евгений Яровенко өз шәкірттеріне дұрыс бағыт-бағдар бере алса керек. «Тараздың» ойын мәнері күрт өзгеріп, бойына қан жүгіре бастады. Көп ұзамай алаң иелері сапында екі бірдей ойыншы алмасты. Александр Пищур мен Бауыржан Шерханды дер кезінде ойынға қосқан бас бапкер жанкүйерлердің ықыласына бөленді. Ойынның 61-минутында  сол Бауыржанның нәтижелі пасының арқасында Әлішер Сүлей мергендік танытты. Бұдан кейін қонақтар қарсы шабуылға шыққанымен, мардымды іс тындыра алмады, жергілікті ұжым сәтті қорғана білді. Осылайша олар таразы басын теңестіреміз деп жүргенде өз қақпаларында тағы бір доп тулап жатты. Команданың сұрмергені  Александр Пищур 84-минутта айып алаңға көтерілген допқа өзгелерден бұрын жетіп, есепті еселей түсті. Ойын соңына дейін есеп өзгермеді. Естеріңізге сала кетейік, келесі турды «Тараз» футбол клубы сырт алаңда  өкшелей қуып келе жатқан «Оқжетпеске» қарсы өткізеді. Алтылықтағы орынды сақтап қалу үшін жамбылдық ұжымға жеңіс ауадай қажет.

Мұхтар Жәмішжанов, студент.

Ұқсас жаңалықтар