Тараз қаласындағы орталық стадионда ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің жасөспірімдер арасында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша V чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті. Жарыстың ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, ҚР өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорттық федерациясының директоры Дәурен Данаев сөз сөйлеп, төтенше жағдайлар саласына барынша мықты, қайратты азаматтар қажет екенін айта келіп, жарысқа келген барлық спортшыларға сәттілік тіледі.
Аламанға еліміздің барлық облысынан екі жүзге жуық спортшы қатысты. 14 команда өкілдері 100 метр жолақты кедергілер арқылы өту, өрт сөндіру эстафетасы, оқу-жаттығу мұнарасына шабуылдық сатымен көтерілу, жауынгерлік қанат жаю жарыстары бойынша жүлделерді сарапқа салды. Жарыстың бас төрешісі – ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Серік Әубәкіров. Чемпионаттың ашылу салтанаты облыстық филармония өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Келесі сәтте 100 метр жолақты кедергілер арқылы өту жарысынан командалар арасындағы дүбірлі дода басталып кетті. Жүз метрлік кедергілері бар жолақтан өту бойынша кіші жас ерекшелігі тобында астаналық Петр Подгородецкий 18,26 секунд көрсеткішімен рекордты жаңартты. 100 метр жолақты кедергілер арқылы өту бойынша ересектер тобында да рекордқа арада сегіз жыл өткен соң түзету енгізілді. Шығысқазақстандық Дмитрий Снегерев бұл жолы 16,37 секундтық жоғары көрсеткішті көндірді. Бұған дейін оның жерлесі Роман Вагнер 2007 жылы өткен чемпионатта 16,47 секундтық межені бағындырған болатын. Осылайша, жүз метрлік кедергілері бар жолақтан өту бойынша кіші жас ерекшелігі тобында командалық есепте ШҚ облысы топ жарса, Батыс Қазақстан облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы жүлделі орындарды өзара бөлісті. Жүз метрлік өрт сөндіру эстафетасы бойынша астаналықтардың асығы алшысынан түссе, қарағандылықтар екінші, шымкенттіктер үшінші орыннан көрінді. Шабуылдық сатымен оқу мұнарасына көтерілу бойынша шығысқазақстандықтар алдына қарсылас салмаса, жерлестеріміз (жамбылдықтар) екінші орыннан көрінді. Жарыстың бұл түрінен үздік үштікті ОҚ облысының спортшылары түйіндеді. Жауынгерлік қанат жаю жарысы бойынша да Оңтүстік Қазақстан облысының құрамасы жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Астаналықтар екінші, Алматы облысының құрамасы үшінші орынды еншіледі. Жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Қазақстан облысы жеңімпаз атанды. Астаналықтар жүлделі екінші орыннан көрінсе, үшінші орын шығысқазақстандық құраманың еншісінде. Бұл жарыс өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жамбылдық жасөспірімдерге дайындықты жандандыра түсу қажеттігін көрсетті.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді