Меркіліктердің ән-күйі

Меркіліктердің ән-күйі
ашық дереккөз
Меркіліктердің ән-күйі

Тараздықтарға тамаша көңіл-күй сыйлады

Тараздықтар үшін жаздың әр жұмасы әдемі әсерге толы думанды кешке ұласуда. Олай дейтініміз, апта сайын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырылған аудандардың Мәдениет және өнер күндері тұрғындарға тамаша көңіл-күй тарту етіп келеді. Дәстүр бойынша бұл жолы да Тараз қаласындағы тұңғыш Президент саябағы бірлік пен берекесі келіскен, ынтымағы жарасқан шағын қазақ ауылына айналды. Мерейі асқан Меркі ауданының облыс орталығындағы Мәдениет және өнер күндері аясында аталмыш ауданның үлкенді-кішілі өнерпаздары саябаққа жиналып, қазақы киіз үй тігіп, сары қымыз сапырғаны көрер көзге керім әсер тарту етіп тұрды. 

Алдымен жиналған қонақтарға ақ кимешек киген әжелер шашу шашып, қымыз бен шұбат ұсынды. Одан соң, аудандық оркестр «Махамбеттің күйі», «Сыпатайдың сазы» күйлерін нақышына келтіріп орындап, көпшілікті бір серпілтіп алды. Ақын Шырын Мамасерікованың тебіреніп оқыған арнауы да мерекелік шараның салтанатын одан әрі асыра түсті. Алтыбақан аясындағы қыз-бозбалалардың қалжыңы да, сарбаздардың әзірлеген әскери, саламатты өмір салтын ұстанған жасөспірім спортшылардың спорттық үлгідегі көріністері де көптің көңілінен шықты. Бұдан кейін қала жұрты меркіліктер әзірлеген аудандағы өндіріс, жеке кәсіпкерлер, музей және кітапхана көрмелерін тамашалады. Әсіресе, өзбек, қарашай-балқар, славян, әзірбайжан, ұйғыр этномәдени орталықтары әзірлеген ұлттық тағамдарын ұсынып, өз ұлттарына тән салт-дәстүр көріністерін жолдағаны татулықты ту еткен еліміздің бүгінгі бейбіт тіршілігінен сыр шерткендей болды. Ал қазақ үй алаңында балалардың асық атып, халқымыздың тұрмыс заттарының көрмесі қойылғаны да мерейімізді тасыта түсті. Онда қонақтар алдында тарих тереңінен ой тербеген Н.Сұлтанәлиев өзінің жүрекжарды жырларын оқып берсе, Мыңқазан ауылынан келген ағаш шебері Қуантай Жүнісбек өзінің қолөнер туындыларымен таныстырды: «Көрмеге ағаштан құрастырылған ат әбзелдерін алып келдім. Жылқы малының қазақ өміріндегі алар орны бір төбе. Сондықтан да мен аттың ер-тоқымын, жүген-құрығын, қамыт-тартпалары секілді түрлі әбзелдерін жасауға кішкентайымнан әуестеніп өстім», – деді Қ.Жүнісбек. Ерлік Әтішовтің жиһаздары да көптің сұранысына ие болды. Cондай-ақ, Александр Савельевтің «Бәйтерек» шағын монументі, Айжүрек Нұрманованың «Көктем аруы», Аяулым Артелбек пен Әйгерім Бейсенбайдың «Құсбегі қыз», Жаңыл Меркебаева мен Алтынай Тортаеваның «Ақбоз ат» секілді тоқыма өнері арқылы салынған суреттері тараздықтарды таңғажайып өнердің куәгері етті. Осыдан кейін жиналған жұртшылық саябақтың сахна орналасқан алаңшасына қарай беттеді. Онда мерекелік шара меркілік өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты. Айталық, «Меркі халық театрының» мүшелері І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша сахналық қойылым ұсынса, қойылымда еркіндік жолында еңсесін ешкімге ездірмеген қазақ батырлары мен хандарының тұлғалық болмысы айқын айшықтала түскені көрермендерді жігерлендіріп отырды. Бұдан соң сахнаға біртіндеп көтерілген меркіліктер әсем әндерін жолдап, аққудай қалықтап би билеп, күй тартты. Оларға облыс әкімінің ықылас гүлі жеткізіліп, өнерпаздар қошеметке кенелді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар