«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Домнада шыңдалған ақ берен

Домнада шыңдалған ақ берен
ашық дереккөз
Домнада шыңдалған ақ берен

ОСЫДАН 55 ЖЫЛ БҰРЫН ҚАЗАҚСТАН ӨЗ ШОЙЫНЫН тұңғыш рет ӨНДІРЕ БАСТАДЫ. ОНДА ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЕН ҚОЛТАҢБАСЫ БАР

Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!

Н.Назарбаев

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол». «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде демалғанымызда, Рахымжан аға Сатаев екеумізге бір бөлме бұйырды. Өзі әңгімешіл кісі болып шықты. Таныса-білісе келе Рахымжан ағаның жастық  оты жалындаған он жеті жасында Қазақстан  Магниткасын игеруге аттанған 2 мың қазақ жасының бірі ретінде Теміртауға барып, ол жақтан Украинаның Кривой Рог қаласындағы металлург мамандарын оқытатын училищеге аттанып, оны бітірісімен Қарағанды металлургия зауытында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен қатарлас еңбек еткенін естіп,  сауалдың астына алдым. 1214– Нұрекең, – дейді Рахымжан аға, – сол кездің өзінде-ақ ақыл-парасатымен,  білім-қарымымен бізді ғана емес, зауыт басшылығын мойындатқан жас жігіт еді. Өте көрікті, екі тілде бірдей мүдірмей сөйлейтін,  бірақ, мінезі салмақты, ұстамды Нұрекеңнің жастар көшбасшысы бола білетініне сол кезде-ақ көзіміз жеткен. Көп жастардай елтең-селтеңі жоқ еді. Бос уақытында қолынан кітабы түспейтін. Және жастардың басын қосып, түрлі іс-шара өткізуге де уақыт табатын. Ол кісі менің өзіммен аттас Рахымжан Мырзахметов деген туған бөлеммен өте етене араласты. Дос болды. Екеуі қатар үйленді. Тойларына қатыстық. Мен Кривой Рогтағы, Нұрекең Днепродзержинскідегі  училищені бітіріп келген соң металлургия зауытындағы  домна пештерінде қатарлас еңбек еттік. Көп уақыт өтпей зауыттың өмірінде сол кездегі Қазақстан ғана емес, КСРО тарихындағы елеулі оқиғаға куә болдық. 1960 жылы 3 шілде күні Қарағанды металлургия  зауыты Теміртау  қаласында 1-ші рет домна пеші арқылы  Қазақстан шойынын берді. Ауысым бастығы Вадим Романов еді. 1-ші құйылымының ашылуында Н.Ә.Назарбаевтың айтулы үлесі бар. Алғашқы шойынның құймасын алу ісі зауыттағы цехтың ішінде өтті. Оған, кокс батареясы мен құйма  цехтың арасында өткен  үлкен жиналысқа  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.А.Тәшенов, Қарағанды облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы, Теміртау қалалық партия, комсомол жетекшілері қатысты. Д.А.Қонаев, Ж.А.Тәшенов сөз сөйлеп, халықты 1-ші домна пеші арқылы алынған Қазақстан шойыны мерекесімен құттықтап, металлургтердің өндірістегі атқарып жатқан еңбектеріне табыс тіледі. Жиналған халық өте көп еді. Өндірістегі атаулы  мерекеде біздің де еңбегіміздің бар екендігіне қуандық. Теміртауға келіп Бүкілодақтық екпінді құрылысқа қатысып, өзіңнің азды-көпті қосқан үлесіңді халықтың шаттықпен тамашалауы ерекше болады екен. Домна пешінен шығып шөмішке құйылған шойынды тіркеп алып, құйғыш цехына  қарай ел басшысының көз алдынан өтіп бара жатқан тепловоз үні де мыңдаған ерлердің, еңбеккерлердің бейнетімен келген шойынды халық игілігіне пайдалануға апара  жатырмын дегендей  сүйкімді созылыңқы шықты. Бұл жиналыста 1-ші ауысым басшысы Вадим Романов пен көрікші (горновой)  Нұрсұлтан Назарбаев сөйледі. Нұрекең  сөйлегенде біздер, қазақ жастары қатты қуандық. Мемлекет басшылары алдында оның нақпа-нақ, өндіріс тілінде ашық, жарқын сөйлегені  Магниткада еңбектеніп жүрген қазақ жастарының металлургия саласына деген құлшынысын арттыра түсті. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев дәл сол сәтте Қазақстан Магниткасындағы барлық жастардың лидері ғана емес, бағыт көрсетушісі, маңдайы айдай жарқыраған, болашақтағы қазақ халқының көсемі іспеттес көрінген еді. Сол шойынды алғаш өндіріске шығарған жиын ұмытылмастай болып есімде қалыпты. Жиыннан соң біз, жастар, Нұрсұлтанды ортаға алып, Үкімет басшыларының алдында қысылмай еркін сөйлегенін айтып, құттықтадық. Сонда ол мастанған да, мақтанған да жоқ. Сабырлы қалпын сақтап қалды. Н.Назарбаевпен досы Рахымжан Мырзахметов те горновой (көрікші) болып жұмыс істеп жүрген. Сол кезде мен оның үйінде жүрдім. Сол маңда «Комсомолец» кинотеатры бар-тын. Киноға Рахымжан жұбайы Сонясымен, Нұрсұлтан Сарасымен, Жұман Үмітімен, сондай-ақ, Аятай, мен сияқты бойдақтар олармен бірге баратынбыз. Рекеңнің үйінде бас қосып, күліп-ойнап әңгімелерімізді айтып, достық көңілімізді білдіріп жүретінбіз. Әлі есімде, 1964 жылы 6 шілдеде Рахымжанның бүкіл бригадасы Нұрсұлтанның туған күнін атап өтті. Нұрекең өзі тойдың гүлі болып, ән айтып, би биледі. Зайыбы Сара  да керемет ән салатын. Содан алты күн өткеннен кейін Рахымжанның екінші ұлы өмірге келді. Сәбиді үйге әкелген соң оның атын қою туралы үлкен талас туды. Сол кездері бірге  еңбек еткен достары – Жұман, Аятай, Ғабидолла, Палмаханбет, тағы басқа жігіттерді бастап келген Нұрсұлтан  сәбидің есімі осы күндерді еске түсіретін белгі болуы керектігін айтты. Біреулері баланың атын «Шойынхан» қояйық дейді. Ал Нұрсұлтан: «Теміртауда туған ұлдың аты «Темірхан» болсын» деді. Бұл есім Соняға да, Рахымжанға да ұнады, басқалар да қолдады. Сонымен баланың есімі Темірхан болды. Қазір Рекең мен Соня отбасымен туған ауылы Бақалыда ұлы Артықтың қолында тұрады. 2009 жылы Теміртау қаласының 50 жылдығына орай өткізілген салтанатқа металлургиялық зауыттың алғашқы қарлығаштары  атанған, сонау Украина  жерінде білім алған, бүгінде 70-ті алқымдаған ардагерлер бас қосты. Олардың арасында Рахымжан Мырзахметов те болды. Кездесуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та келді. Бұрынғы әріптестерінің әрқайсысымен  шын жүректен сөйлесіп, жағдайларын біліп, өзіне үлкен қолдау көрсетіп отырғандары үшін алғысын айтты. Ардагер металлургтерге көрсетілген  теміртаулықтардың да құрметі ерекше болды. Нұрсұлтан өзі атын қойған Темірхан Жуалы ауданы әкімдігінде ішкі саясат бөлімін басқарды. Қазір аудандағы үлкен бір мектептің директоры. Есімін Елбасы қойғанын әрдайым мақтан етеді. Әкесі Рахымжан болса ұзақ жыл ұстаз болып еңбек етті. Бүгінде құрметті демалыста. Мен әңгіме-дүкен құрған Рахымжан аға Жуалы ауданындағы Кәріқорған ауылында тұрады. Отбасылық жағдайымен металлург мамандығын тастап, Шымкенттегі педагогикалық институтты бітіріп, елу жылға жуық еңбек еткен ардагер ұстаз Рахымжан Төртбайұлы Сатаевтың Елбасымен бірге болған жалынды жастық шақтары туралы айтар әңгімелері көп.  Бұл – соның бір үзігі ғана. Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар