«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елбасы «Ендеше өз сөзіңді тыңдайық» деді

Елбасы «Ендеше өз  сөзіңді тыңдайық» деді
ашық дереккөз
Елбасы «Ендеше өз сөзіңді тыңдайық» деді

6 7«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы «Шәушен» шаруа қожалығының қожайыны, «Құрмет» орденінің иегері Сайрамбай Дөненбаев елбасы саясатының  арқасында  30 мың қой, 3000 жылқыға иелік етіп және 200 адамға жұмыс тауып беріп отыр

 Жетістіктерімнің баспалдағы әке өсиетінен бастау алған

– Сайрамбай аға, әңгімемізді бала күніңізден бастасақ. Бала Сайрамбай қандай болды? – Бала болып ойнамадым. Бес жасымнан еңбекке араластым десем болады. Ағаш тасу, су әкелу дегендей үй шаруалары менің мойнымда болды. Есімде қалған бір оқиғаны айтып берейін. 1970 жылы әкем колхоздан өз алдына бір отар қой алды. Ол менің бес жасар ойын баласы кезім еді. Содан кешке мал өрістен қайтып, қораға қамарда әкем қой санауды үйретті. Әлі мектеп табалдырығын аттамаған, кішкентай баламын ғой. Әйтеуір, әкем былдыр-былдыр етіп қой санаған қылығымды қызық көрді ме, әлде шынашақтайынан ширап өссін деді ме, күн сайын қора есігінің бір жағында мен, ар жағында өзі, кірген-шыққан малды санатудан жалыққан жоқ. Не керек, бірінші күні қайта-қайта шатасып, күн қарая әзер дегенде бірден онға дейін санауды үйрендім. Ал келесі күні оннан жүзге дейін санауды оңай меңгеріп алдым. Одан ары мыңға дейін санау қиынға соққан жоқ. Осылайша мектепке бармай жатып-ақ әке тәрбиесі арқасында санау, көбейту кестесі, жалпы математиканы бір кісідей меңгердім. Сол кезде әкемнің: «Балам, біздің өміріміз есепсіз болды, ал сендердің өмірлерің есеп болады. Қой бағу мен есепті білсең аш болмайсың» деп айтқан ақылы әлі күнге жадымда жаңғырып тұр. Өз өмірімде әке өсиетінің, тәрбиесінің ұшан-теңіз пайдасын көріп келемін. Мектепте математикадан мықты болдым. Төртінші сыныпқа дейін «үздік оқушы» атандым. Одан ары оқуды Жамбылдағы (қазіргі Тараз қаласы) Макаренко атындағы мектеп-интернатта  жалғастырдым. Ол мектепті былайғы жұрт «сырттай оқу» деп атайтын. Аптаның екі күні сабаққа барсақ, қалған бес күнінде қойлы ауылға тартып кететінбіз. Осылайша, 8-сыныпты сонда аяқтадық. Ал кешкі мектепте расын айту керек, оқу керек болған соң, оқыған болдық. Олай дейтінім, ол кезде мен әкемнің көмекші малшысы болатынмын. Одан кейін 1983-85 жылдар аралығында әскерде азаматтық борышымды атқарып келдім. Сосын 1986 жылы үйленіп, шаңырақ көтердім. Сол жылы әкем зейнетке шығып, шопанның ақ таяғын маған табыстады. Аға шопан болып атқа мініп, мал бағудың қыр-сырына қанықтық. Одан үш жылдай өзім туып-өскен Жарлысу ауылының басқарушысы болдым. Әлі есімде,1993-1994 жылдың қысы қатты болды. Әкем сол жылы қатты науқастанып дүниеден озды. – Әкеңіз жайлы әңгімеңізді тарқата түссеңіз...   – Әкем Әліқұл он үш ағайынды болған екен. Ашаршылықта жалғыз әкем ғана аман қалған. Әкемнің әкесі Жылқыбай бақуатты кісі болыпты. Жомарттығы соншалық 1931-33 жылғы нәубетте астындағы жалғыз атына дейін халыққа сойып берген екен. Аштық он екі ұлын бірдей алып тынған соң, бабамыз ұрпағын аман сақтап қалу үшін әжем мен әкемді алып, Алатау асып, қырғыздың Таласын паналап, туған жерге 4-5 жылдан кейін оралыпты. Сонда аштықтан бұратылған әкеміздің әлсіз, шәушиген түрін көрген ел «Шәушен» атап кетіпті. Әкем өте зерек, білімді, еңбекқор жан болатын. Оқуды отбасы жағдайына байланысты 2-курсынан ары қарай жалғастыра алмай ауылға қайтып келеді. Дегенмен, сол кездегі совхоз директорлары әкемнің шаруаны дөңгелетіп әкететін қасиетін бағалап, жауапты қызметтер береді. Алайда, 1970 жылы дипломы жоқтарды босату туралы жоғарыдан бұйрық келіп, әкем жұмыссыз қалады. Бекер обалы не керек, сол кезде де совхоз директоры әкемді шақырып: «Шәушен, сен бізге керексің. Аз-кем тынығып ал, қайта жұмысқа кірісетін боласың», – дейді. Оған әкем: «Заңның аты заң, бағыну керек. Оның үстіне, «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп өз алдына бөлек отар алып бағады. Кейіннен колхоз тарағанда сол бір отар қойды еңбегіне алады. Әкем 1994 жылы дүниеден озғаннан соң, 1996 жылы 20 жылқы, 20 ірі қара, 500 бас қоймен осы шаруашылықты бастадық.  – Қазақта «Әкенің малы балаға мал болмайды», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалдар бар. Бірақ, сіздің сөзіңізден ұққанымыз, әкеден қалған азын-аулақ малды ұқсатқан сияқтысыздар. – Негізі, ол мақалдар тегін айтылмаған. Әкем өте ақылды, еңбекқор адам болғанын жоғарыда айттым ғой. Үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. «Әкенің малы балаға мал болмайды» дегенді сәл тарқатып айтайын. Әкесі артына мыңғырған мал, мол мүлік қалдырғанымен бала жетесіз болса, бір қысқа да жеткізбей, ит-құсқа жем қылады, картаға ұттырады, болмаса қыз-қырқынға шашып рәсуа етеді. Ол үшін бала байлықтың қадірін біліп, еңбекпен жетілуі керек. Әкеге, анаға деген сүйіспеншілік бізде күшті еді ғой. Құмды ауылда қой бағып жүрген жас шағымда күнде болмаса да, күн аралатып кешкі бесте қойды қораға қамап, 70 шақырым қашықтықтағы әке-шешемнің үйіне атпен 4 сағат жүріп келетінмін. Анамның асқан етін жеп, әкемнің айтатын әңгімесін тыңдап, мауқымды басып, түнгі үште қайта құмды ауылға тартып, таңғы жеті шамасында жететінмін. Сол кезде шаршау, шалдығу дегенді білмейтінбіз. Қазіргі балалар астында «Джип» болса да күнәра сонша жерге бара ма, бармай ма, әй, қайдам... Осы орайда, орыстың әйгілі мысалы ойыма оралып отыр. Бір көпес баласына еңбектеніп 100 сом тауып келуін тапсырады. Ерке өскен баласы ол ақшаны анасынан сұрап алып, әкесіне апарып береді. Әрине, оны әкесі біліп қояды да, әкелген ақшаны жанып жатқан отқа тастай салады. Әкесі «бар тағы тауып кел» деп қайта жұмсайды. Бұл жолы да бірінші жағдай айна-қатесіз қайталанады. Не керек, үшінші жолы бала өз еңбегімен жалданып жұмыс жасап, бірнеше күн дегенде тиын-тебеннен құрап 100 сомды әкесіне әкеледі. Оны да көпес отқа тастағанда, бала жанып жатқан жалын ішіне қолын салып,  жалма-жан тиын-тебеніне дейін жинап алады. Сол кезде әкесі баласына: «Көрдің бе, ұлым, өз еңбегіңмен тапқан ақшаның қадірі осындай болады» деген екен. Біз шынашақтайымыздан еңбекпен ширап өстік. Бардың қадірін біліп, жоқтан бар жасауға бейімделдік. Бұл ретте, жоқтан бар жасағаннан, барды ұқсата білген әлдеқайда оңай екені айтпаса да түсінікті. Міне, әкенің малы балаға сонда ғана мал болып қалады. Ал «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» дегенге де тоқтала кетейін. Әкем артына азын-аулақ мал-мүлік қана емес, өлмейтін, өшпейтін өсиет қалдырды. Қазіргі жетістігіміздің берік баспалдағы осы әке өсиетінен бастау алған дер едім. Әкем әрқашан саналы ұрпақ тәрбиелеуді, халыққа қолыңнан келгенше жақсылық істеуді, сыйлағанның құлы болуды құлағымызға құйды. Міне, қазір әке өсиетін орындау үшін, аманатына адал болу үшін еңбек етіп келемін. Мен байлық жинап жатқан жоқпын – «Сайрамбайдың құмда қырық мың қойы, мыңдаған жылқысы бар. Бар малы бір мезетте ағып жатқан арық суына бас қойса, бір сәтке су тоқтап қалады» деп жұрт аңыз қылып жатады. Құпия болмаса, шаруашылықтағы мал басының саны нақты қаншаға жетті? – Ешқандай құпия емес. Біріншіден, мен байлық жинап жатқан жоқпын дер едім. Шаруашылықта 200-дей жұмысшымыз бар. Қайта, мен солардың қызметкерімін. Барлығы ауыл, ел үшін. Құдайға шүкір, қазір өрісте 25 мыңға жуық қойымыз, 2 500 жылқымыз бар. Одан бөлек байлауда 6 мыңға жуық еркек тоқтылар мен кәрі қойлар және 500 шамасында жылқы бар. Шаруашылықтың құрылғанына 2017 жылы 20 жыл толады. Соған дейін қой санын 40 мыңға жеткізуді алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Мешіт, интернат, саябақ, шопандарға 40 шақты үй салып бергенімізден жұрт хабардар болар. Бұл арада мешіттің имамына, интернат пен саябақты күтіп-баптаушы қызметкерлерге айлықты шаруашылық есебінен төлейтінімізді айта кетейін. Ал шопандарға арналып соғылған үйді малшылар 8 жылдан кейін өз аттарына аударып ала алады. Бұл олардың жалақыларына еш қатысы жоқ. Яғни, шаруашылыққа еңбегі сіңген малшыларға тегін беріледі. Мен қызметкерлерімнің қызметкерімін деуімнің себебі сол. Бұйырса, малшылардың балаларына арнап 100 орындық балабақша салмақшымыз. Бұл жыл сайынғы зекеттің есебінен жинақталған қаржыға салынады. Сондай-ақ, жақын күндері қымызбен емдейтін орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне де куә боласыздар деген ойдамын. Шаруашылық дәл қазір 250 бас бие байлап отыр. Алла қаласа, 500 бас бие байлауға да толық мүмкіндік бар. Бұл ретте, қымыз өндірісін көтеру арқылы ауылды көтеру, қазақты арақтан арылтудың амалын жасамақпыз. Ұлттық сусынымызды ұлттық идеологиямызға айналдырсақ деген ойымыз бар. Бұдан бөлек кіндік қанымыз тамған Жарлысу ауылынан 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш аштық. Ескерткіш маңы абаттандырылып, субұрқақ орнатылып, бұл іске бас-аяғы 50 миллион теңге жұмсалды. Елді жаппай ашаршылық жайлаған сол бір зұлмат жылдары осы төңіректегі ауылдардан небәрі 70-тей отбасы ғана аман қалған екен. Ал Ұлы Отан соғысы басталғанда Жарлысудан 200-ге жуық азамат майданға аттанып, соның 80-ге жуығы ғана қайта оралыпты. Бұл ескерткіш сол марқұмдарға деген құрмет, сүйектері әр қиырда қалған сол боздақтарды бүгінгі жастар еске алып, осы ескерткішке келген сайын рухтарына құран бағыштап жүрсін деген ниетпен жасалды. «Бір қойды он жылда мың қойға жеткізуге болады» – Сіз үшін шопан деген кім? Қойшы қандай болу керек? – Менің түсінігімде, қойшы деген ат үстіндегі «қарауыл» болмауы керек. Жалпы, қандай жұмысты қолға алсаңыз да ізденіс болмаса, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайтыныңыз анық. Табанды еңбек, мол тәжірибе, қажыр-қайрат керек. Мысалы, қарапайым математика тәсілі бойынша түсіндірер болсам, мықты қойшы болсаңыз 1 қойды 10 жылда 1000 қойға жеткізуге болады. Қалай дейсіз бе, ендеше есептеңіз. Бір қойыңыз ерте көктемде екі, одан ары 2-4-8-16-32-64-128-256-512-1024 болып шыға келеді. «Қойыңыз еркек қозы тумай ма?» деп сұрауыңыз заңды. Еркек қозыны тоқты кезінде кез-келген мал иесі ұрғашысына айырбастайтыны белгілі. Болмаса, еркек тоқтыны сатсаңыз, ол ақшаға таңдап жүріп күйі келіскен ұрғашы тоқтыны сатып ала аласыз. Ол өлмей ме дейтін боларсыз. Ал малды өлтірмеу малшыға тікелей байланысты. Рас, бір отар қойдың ішінен бірді-екілі қойдың шығын болатыны заңды. Дегенмен, егіз қозыдан төл беретін қойлардың есебінен олардың орны толады. Мал жаюдың да өзіндік тәсілдері бар. Малшы ағайынның әрбір таңы, әрбір күні бейнетке, еңбекке толы. Шопан еңбегі күні бойы мал соңында дала кезіп, кешкісін оны қораға қамап тастаумен шектелмейді. Қой түлігі жуас болғанымен көп күтімді талап етеді. Малшы таяғын қолына ұстаған жан азынаған аяз болсын, нөсерлеткен жаңбыр болсын, шілденің шіліңгірі деймісіз, алдындағы малын ауру-сырқаудан аман алып шығуы тиіс. Одан бөлек, 100 бас қойдан 100 бас қозы төлдететін маман иесі болуы керек. Менің шопандарымның көбі осы талап үдесінен шыға білетін, қой бағудың қыр-сырын жетік меңгерген қойшылар. Сонда ғана мал басы еселеп артады. Мұны бабаларымыз бір-ақ ауыз сөзбен: «Мал баққанға бітеді», деп баяғыда-ақ айтып кеткен ғой. Мен қойшы екенмін  деп ешқашан намыстанған емеспін. Әлі күнге дастархан басында бөгде кісілермен таныса қалған жағдайда қызметімді «Бас шопанмын» деп айтамын. Әрине, қойшымын десең, басында «е-е» деп мүсіркей қарайды. Ал мыңғырған малың бар екенін білгенде «а-а» деп таңырқап аузын ашады. Мен мұны жас шопандарыма ылғи айтып отырамын. Сендер ешкімнен кем емессіңдер деймін. Шопандарым шалқайып жүрсін деп шапанын, қымбат кәстөм-шалбар, тіпті кейбіріне алтын тіске дейін салдырып бердім. Бастысы, мені алдамаса, адал болса, тәртіпке бағынса болды. «Береке-бірлікте ел басқарып отырған сізге Алланың нұры жаусын!» дедім президентке – Сіз Елбасымен бірнеше мәрте кездестіңіз. Тіпті, Нұрсұлтан Әбішұлы сіздің шаңырақта қонақ болғанынан да хабардармыз. Елбасымен кездескен кездегі ұмытылмас әсерлер мен ерекше оқиғаларды оқырманмен бөліссеңіз. – Елбасымен алғашқы кездесуім күні кеше болғандай әлі күнге есімде. Ой, ол күн ұмытылмайды ғой. Осыдан тұп-тура он жыл бұрын, 2005 жылдың 1 ақпанында Астанада ауыл шаруашылығы бойынша үлкен жиын өтті. Аталмыш жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Ол кезде Серік аға Үмбетов ауыл шаруашылығы министрі болатын. Алдымен сол кісіге алғысымды айтамын. Мені Нұрсұлтан Әбішұлына таныстырды, шаруашылығымыздың осы деңгейге жетуіне мұрындық болды. Осы орайда бір қызық жағдайды айта кетейін. Ол кезде облыс әкімі Бөрібай Жексембин болатын. Президентпен болатын кездесуге 4 күн бұрын бардық. Сол жиында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің атынан менің сөйлейтінім алдын ала белгілі болған. Ол жиында не айтатынымды әкімшілік қызметкерлері екі парақ қағазға жазып берген ғой. Оны үш-төрт қайтара оқығаннан кейін жадымда жатталып та қалған. Содан не керек, жиынның басталатынына санаулы минут қалғанда Бөрібай Биғожаұлы шақырып, не айтатынымды сұрады. Мен облыс басшысына қарамағындағы қызметкерлерінің жазып берген әлгі қағазын көрсеттім. Ол кісі оған бір көз жүгіртіп шықты да, төс қалтасынан қаламын алып: «Осымен тоқтап қалмай, өз сөзіңді де қосып айт» деп жазыпты. Қанша дегенмен, Елбасымен бірінші кездесуім. Бойымды толқу, тебіренумен қатар қобалжу сезімі де билеп алған. Маған сөз кезегі берілгенде әлгі қағаздан бас алмай судыратып оқып шыққам ғой. Қызды-қыздымен Жексембиннің жазған жаңағы «Осымен тоқтап қалмай, өз сөзіңді де қосып айт» деген сөзін қоса оқып жіберіппін. Жиналғандар қыран-топан күлкіге қарық болды. Елбасы да байсалдылықпен сәл жымиып: «Сонда, бағанадан бері кімнің сөзін айттыңыз»  деді. Қапелімде аузыма сөз түспей «Басшылардың жазып бергені...» дей беріппін. Мен айтпасам да Елбасы бәрін біліп отыр ғой, «Ендеше, өз сөзіңізді де тыңдайық» деді. Осы сөзден қанаттанып, өз сөзіммен жасап жатқан тірліктеріміздің бірсыпырасын айтып бердім. Сөзімнің аяғында: «Нұрсұлтан аға, бұрын мен де колхоз бастықтарын кінәлайтынмын. Сөйтсем, 40 үйді басқарудың өзі оңай емес екен ғой. Оны өз басымнан өткергенде бір-ақ түсіндім. Береке-бірлікте ел басқарып отырған Сізге Алланың нұры жаусын! – деп тілегімді білдіре келе, «құлақпен жүз рет естігенше, көзбен бір рет көрген артық» демекші, шаруашылығыма келіп қонақ болуын өтіндім. Құдай тілегімді қабыл етіп, сол жылдың 27 сәуірінде Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген Елбасы Н.Назарбаев шаруашылығымды аралап, шаңырағымда қонақ болды. Сол кезде жан-жақтан келген шаруалар, жалпы жұртшылық Елбасына көрсетуге шығарған біздегі асыл тұқымды жылқы, ірі қара мен қойларға таңырқады дегенім аз болар, көбісі сенбеді. «Президент келіп жатқаннан кейін жер-жерден әкеліп жинап қойған» деген сияқты сыпсың әңгімелер тарады. Малды асылдандырмай жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайсыз. Біз мұны ерте бастан ұғынып, 2000 жылдары-ақ арысы Орал, Ақмола, Өскемен, Павлодар, Қарағанды облыстарымен байланыста болдық. Ол жақтан әкелген асыл тұқымды малды өзіміздікімен будандастырып жаңа тұқым шығардық. Тіпті, ет бағытындағы шаруашылықты дамыту үшін ірі, етті жылқыларды Ресейден алып келдік. Алдағы уақытта Қытайдан, Германиядан асыл тұқымды мал басын әкелу жоспарымызда бар. Осы орайда ерекше атап өтерлігі, Астана төрінде өткен сол үлкен жиында Елбасы мені екі-үш мәрте орнымнан тұрғызды. Бір-екі сұрақ қойды, оған өз бетімше жауап бердім. Сол кездегі Елбасының: «Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ, жассың ғой байлық әлі бітеді, сондықтан тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарас. Елдің батасын алсаң жаман болмайсың, өсесің, өнесің» деген сөзі көкейімнен кетпейді. Расында, Елбасының айтқанын екі етпей, елге көмектесудің арқасында біз жұрттың сеніміне ие болдық, көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да одан ары дамып, алға басты. Осы күнге дейін мемлекеттен субсидия болмаса, ешқандай несие алмаппыз. Тек өз күшімізді, өз қаражатымызды жұмсап, өз еңбегімізбен осы күнге жетіп отырмыз. Алдымен Аллаға, сосын Елбасымызға мың алғыс. Нұрсұлтан аға бізге үлкен аманат тапсырды, біз оған адалдық таныту үшін барымызды салдық. Осыдан кейін жыл сайын елдің игілігіне әлеуметтік бір нысан салып беру – басты мақсатымыздың біріне айналды. Одан кейін де Елбасымен үш мәрте үлкен жиындарда кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Әр кездесуден үлкен күш-қуат, тың идеялар аламын. Жүзінен иманы төгілген Нұрсұлтан ағамен әр жүздесуім мені қатты қанаттандырады. – Халқымызда «Қазақ байыса, қатын алады» деген сөз бар. – Адамның өмірі деген әрқилы ғой. Еріккенімнен, болмаса көрсеқызарлықтан көп әйел алған жоқпын. Бірінші әйелім екеуміз бесінші сыныптан бастап бірге оқыдық. Үйленіп отау құрғаннан кейін де он үш жыл бірге тұрдық. Бірақ, ортамызда сәби болмады. Екеуміздің айырылысуымыз маған үлкен соққы болды. Біраз уақыт мең-зең күйде, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған адам іспеттес ес жия алмай жүрдім. Шәй десіп, шатақ шыққан жоқ. Сыйластықпен екі жаққа кеттік. Әкем барда мен баланы ойламаппын. 1994 жылы әкем қайтыс болғанда, даңғарадай үйде анам, әйелім үшеуміз ғана қалдық. Үй қаңырап бос қалғандай күй кештім. Сонда барып, баланың жоқтығы қатты білінді. Ол кезде жасым отызға келіп қалған. Содан кейін үйлену «басталып»  кетті. Қазірге дейін 5 әйел алдым. Оның екеуімен дәм-тұз жараспады. Бүгінде екі жеңгеңмен тату-тәтті ғұмыр кешіп келемін. Біреуінен бес, екіншісінен төрт ұл-қыз сүйіп отырмын. Алты ұл, үш қызым бар. Биыл ердің жасы елуге толып, алпысқа қарай аяқ бастық. Құрдастарыма «әр он жылға бір әйел алу керек» деп қалжыңдаймын. Бұйырса, тағы төсек жаңғыртсам ба деп жүрмін (күлді). Менің түсінігімде бай болып, бар бола тұра көп әйел алмау, ұрпақ көбейтпеу күнә дер едім. – Шопанның ақ таяғын қай ұлыңыз ұстауы мүмкін? Балаларыңыздың мал бағуға бейімі бар ма? – «Әке – балаға сыншы» деген сөз бар ғой. Мен ұлдарымды дүние бар екен деп еркінсіткен емеспін. Бәрі еңбекпен өсіп келеді. Мәселен, үлкен ұлым Абай әрі Елордада оқып жүр, әрі сол жақтағы шаруашылықты басқарып жүр. Одан кейінгі ұлдарым Абылай мен Бекарыстың атқа құмарлығы басым. Менің оқуды тастауыма басты себеп осы атқа құмарлығым болғанын жасырмаймын. Көкпар десе, ішкен асымды жерге қоятынмын. Ел арасында танымал көкпаршы болдым. Қарап отырсам, 37 жасыма дейін көкпар шауыппын. Сол кезде салмағым 76 келіден асқан емес. Осы екі ұлым ата жолын қуатын шығар. Ал Бәйдібегім мен Бейбарысым оқуға зерек.  Әсіресе, Бәйдібек есепке жүйрік. Болашақта мықты математик болатын шығар деп үміттенемін. Өйткені, жуырда 3-сынып оқушылары арасында математикадан өткен республикалық олимпиадада оза шауып, Венгрияда өтетін дүниежүзілік жас математиктердің олимпиадасына жолдама алды. Кіші ұлымның есімі – Төле би. Аттас бабасына тартса, халқына сөзі жүретін би болар,  бәлкім. Әлі кішкентай ғой, кім болса да әке, баба атына кір келтірмейтін азамат болсын, аман болсын. Құдай берсе, тағы ұл-қыз көретін шығармын. – Ұлдарыңыз ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімдерін арқалап жүр екен. Жалпы, ат қою мәселесіне де атүсті қарамайтын болғаныңыз ғой.   – Әкем дүниеден озар алдында «Сайрам, сенен немере көрсем арманым жоқ. Атын Абай деп қоямыз. Елді жиып ұлан-асыр той жасаймыз» деп еді. Амал не, әкем менің ұлды болған қуанышымды көре алмай кетті. Сөйтіп, 32 жасымда алғашқы перзентімді сүйдім. Дүние есігін ашқан қыз балаға әпкелерім сағынып көрген перзентің ғой деп есімін Сағынай қойды. Одан кейін дүниеге ұл бала келіп, әке аманаты бойынша есімін Абай деп қойдық. Ал, үшінші ұлым – Бәйдібектің аты аян бойынша қойылды. 2002 жылы 37 жасымда қатты ауырдым. Ол кезде аздап ішімдік ұрттайтын кезіміз. Әйтеуір, аруақ қысты ма, арқаланып, дел-сал күйге түстім. Содан бір жыл бұрын Бәйдібек бабаның басына құран оқи барғанда, сондағы шырақшы келер жылы осы уақытта бабаға ас бересің деп айтқаны бар. Сол кезде таңқалып, «Ас беремін бе, жоқ па, неге бірінші сұрамайды? Міндеттеп отырғаны қалай?» деп, бірақ неге олай айтқанын сұрамастан жөніме кеткенмін. Құдайдың құдіреті жыл айналып келгенде жан қысылып, баба басына қайта барғанымда оң иығымнан Бәйдібек, сол иығымнан әкемнің бейнесін көріп әрі-сәрі күйде тұрып қалдым. Сол кезде құлағыма біреу «көк биеден туған көк байталды сойып, бабаға ас бер» деп сыбырлағандай болды. Мұны бұлжытпай орындадым. Жалпы, сол кезге дейін көпшілікпен болмаса, жеке адамда Бәйдібек бабаға арнап ас берілмепті. Сол кезде Бәйдібек бабаның шырақшысы «Дәулетің Бәйдібектей болады екен, баба рухы сені қолдайды. Құдай қаласа, ұлды боласың. Есімін Бәйдібек деп қоярсың», – деді. Құдайға шүкір, баба рухының қолдауы шығар, одан кейін ісіміз де оңға басып сала берді. Артынша дүниеге келген ұлымыздың есімін Бәйдібек қойдық. – Қатты қуанған және қапаланған кездеріңіз есіңізде ме? – Талай қуанышты, тойды бастан өткердік қой.  Дегенмен, 32 жасымда алғаш перзентті болғанымдағы қуанышымда шек болмады. Дүниеге қыз бала келді, оның есімін жоғарыда айтқанымдай әпкелерім Сағынай деп қойды. Өмір болған соң қуаныш пен қайғы қатар жүреді ғой. Нағашы ағам Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Сұм соғысқа бір қолын беріп келген. Жуырда сол кісі бақилық болып, қазасы қабырғама қатты батты. Ол кісіні өлмейтіндей өзімсіне жүре беріппіз ғой. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» дейді ғой бабаларымыз, өзім Әбдірәсіл ағаны ерекше құрметтейтінмін. Наурыз айында қымызымды алып, жағдай сұрай барғанымда әңгіме арасында «Сайрам, мені дұрыстап шығарып саласың ғой» деп қалды. Онысына аса мән берген жоқпын. «Ой, сіздің Жеңістің жетпіс жылдық мерекеңізді дүркіретіп тойлайтын боламыз» десіп, Мәскеуге жол жүріп бара жатқанымды жеткіздім. Ол кісі де ақ жол тілеп, әзірге тәуірмін деді. Алайда, арада көп күн өткен жоқ, Мәскеуге жол жүріп, сондағы қонақ үйге орналасқаным сол еді, қалта телефоныма нағашымның бұл өмірдегі дәм-тұзының таусылғаны жөнінде қаралы хабар жетті. Сол жерде қатты қапаланып, егіліп жыладым. Неге өзім соншалық қадірлейтін, құрмет тұтатын кісінің қабіріне менен топырақ бұйырмады деп. Ал айтқан аманатын орындадым деп ойлаймын. «Бірінші Құдайдан қорқамын. Сосын ұшаққа мінуге жүрексінемін» – Өзіңіздің көңіліңіз қалап жасайтын шаруаңыз бар ма? Қандай тағам түрін ұнатасыз?  Неден қорқасыз? – Сүйікті шаруам –  қой, жылқы сою. Бұрын мақтанғаным емес, бір қойды бес минутқа жеткізбей соятынмын. Кейде, қой сойып жарысқанда үш минутқа да жеткізбей, бұзып-бөлшектеп тастайтынмын. Қазір сәл шау тартып қалдық қой. Десе де, ара-тұра жылқы сойып тұрамын. Ағам мен інімнің ұлдарын осы кәсіпке баулығанмын. Үшеуміз бірлесе сойсақ, бауыздап, терісін сыпырғаннан кейін, 25 минутта қазанға түсетіндей етіп бөлшектеп тастаймыз. Ал өзім бір сағатта сойып бітіремін. Жасыратын несі бар, өзімді тамақсау, ашқарақ адам санаймын. Бұрын анам бір қазан ет асса, жартысын мен жейтінмін. Малшының баласы болған соң, біз мынау еркектің жұмысы, мынау әйелдің жұмысы деп бөлген емеспін. Бие де сауа салатынмын, сиырды да сауа беретінмін, нан да жаптық, тіпті, еттің қамырын да илейтінмін. Оған намыстанған емеспін. Бар болса істеу керек, жоққа намыстану қажет. Әлі күнге үйде жеңгелерің болмай қалса, өзім қазанға ет сала саламын. Өйткені, біреудің үйінен тамақтанған құрлы болмаймын. Дұрысы тоймаймын. Жаңа айттым ғой, жарты қазан етті жалғыз өзім жеймін деп. Тағамнан ет пен қуырдақтан басқасына зауқым соқпайды. Соңғы сұрағыңа жауабым бірінші Құдайдан қорқамын. Сосын ұшаққа мінуге жүрексінемін. Осының кесірінен нағашымның жерлеуіне қатыса алмадым. – Өзіңізден сұхбат алуға хабарласқанымызда облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлының қабылдауына кіріп бара жатқаныңызды айттыңыз. Шаруаларыңыз шешілді ме? – Иә, облыс басшысы Кәрім ағаның қолдауымен биылғы жылға 28 миллион теңгеге жарық, электр жүйесі жүргізілетін болды. Ал 162 миллион теңгеге жол салу жобасы келер жылға қалды. Жол салынса, ойымызда жүрген біраз жобалардың іске асуы жеделдей түсер еді. Бұйырса, бұл мәселе де өз шешімін табатын болды. – Жаңа бір сөзіңізде 37 жасыңызға дейін салмағым 76 келіден асқан емес деп қалдыңыз. Қазіргі дене әлеуетіңізге қарасақ, 100 келіден жоғары екені көрініп тұр... – Оның рас енді. Осыдан бір ай шамасы бұрын таразыға тұрғанымда 135 келіні көрсетті. Содан ептеп қимылдап, салмақ қуа бастадым. Жаңа тамақсау екенімді айттым ғой. Соған қарамастан бір айда 7-8 келі тастадым. Қазір 128 келімін. – Сіздің кіндік қаныңыз тамған Жарлысу ауылы аудандағы ажарлы ауылдардың бірі саналады. Ауылдың болашағын қалай елестетесіз? – Ауылға бергенімізден бермегеніміз көп әлі. Алға қойған мақсаттарымыз, Алланың қалауымен ақырындап іске асып келеді. Бұйырса, алдағы он жылда тіпті танымастай өзгеретін болады. Жоспар көп. Оның бірсыпырасын өздеріңізбен бөлісіп те отырмын. – Үлгі аларлық қасиеттеріңіз көп екені белгілі. Дегенмен, өз бойыңыздан қандай кемшілікті байқайсыз? – Кемшіліксіз адам болмайды ғой. Менің  осал тұсым – боқтап қоятыным. Осы мінезіме өкінемін. Адам боқтайын деп боқтамайды ғой, ашу қысқанда өзімді ұстай алмай қаламын. Тіпті, боқтампаздығымды біреулер бұрынғы облыс әкімдеріне дейін жеткізіпті. Рас болса, осы мінезім үшін «Құрмет» орденін бір жыл ертерек алатын жерімнен сызылып қалыппын. Дегенмен, келесі жылы облыс басшыларымен әңгімелестік. Олар боқтайды дегенге, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын адамды елестеткен болу керек, екеуара әңгімеден кейін жамандап барғандардың тым асыра сілтеп жібергеніне көзі жетіп, «Құрмет» орденіне өзі ұсынды. Мінеки, еңбегіміз бағаланып аталған марапат кеудемде жарқырап тұр. – Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет!

                                        Әңгімелескен Нұрболат Әлдибеков,   «Ақ жол».

 Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар