Қасымхан Төлендиев, «Нұр Отан» париясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ облыстық филиалының басшысы. Баршаға белгілі, осы жылдың 11 наурызында Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев мемлекеттілікті одан әрі дамыту мен күшейту үшін 5 институционалдық реформаның аса маңыздылығын атап өткен болатын. Бұларды жүзеге асыру үшін 29 сәуір күні Елбасын Ұлықтау рәсімінде «100 нақты қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспары жарияланды. «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, «2050 – Стратегиясын жүзеге асыру» және әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену жоспары болып табылады. Осы Ұлт жоспарының 13- қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы қадап айтылған. Демек, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бұрынғыдан да қарқынды және ымырасыз жалпыхалықтық күреске айналады деген сөз. Біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы көп жұмыстар атқарылуда. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып 1998 жылы 2 шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы Заң қабылдады, кешенді мемлекеттік бағдарламалар жасалды, өмірдің талабына сай оларға күрделі өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырды. 2011 жылдың 31 наурызында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған Үкіметтің салалық Бағдарламасы» қабылданды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2004 жылдан бастап 9 желтоқсанды Сыбайлас жемқорлықпен күрес күні деп атап өтіп келеді. Қазақстан жемқорлықпен күрес бойынша жаһандық халықаралық актілерге бірікті. Парақорлық әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік шетелдіктерге де қолданылатын болды. 2012 жылғы 23 тамызда Үкімет қабылдаған қаулы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілді. Сонымен қатар, көрінген жалған ақпаратты хабарлаған адам заңдарға сәйкес жауапқа тартылады. Мен бұл талаптарды келтіріп отырғаным, күнделікті өмірде кейбір лауазым иелері, мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы, мемлекеттік қызмет туралы тағы да басқа заңнамаларға енгізіліп жатқан өзгерістерге дер кезінде көңіл бөлмей, әртүрлі заң бұзушылықтарға ұрынып жататыны белгілі. Мысалы биылғы жылдың басында өткен облыстық Тәртіптік кеңестің ұсынымы бойынша Мойынқұм ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі және бөлім басшысы қызметтерінен босап кетті. Егер дер кезінде олар конкурсқа қатысып отырған, бірақ бұрын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін қызметінен босаған адам туралы аудан әкіміне жазбаша түрде қарсылық танытқанда және ол үміткер туралы Бас прокуратураның Құқықтық Статистика және Арнайы есепке алу басқармасынан тиісті анықтамасын алып іске қосқанда, онда жауапкершілік толық аудан әкіміне түсіп, өздері қызметтерінде қала беретін еді. Өздерінің тікелей міндеттерін, сапасыз, шала орындағандарының кесірінен қызметтерінен босап кетті. Департамент басшылығының табандылығының және заң талаптарына сай қырағылығының арқасында аудан әкімі де қызметінен босатылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаның ортақ ісі. Десек те, шындығын айту керек, істеліп жатқан көп жұмыстарға қарамастан, еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейі әлі жоғары. Әлемдегі 180 мемлекеттің ішінде Қазақстан 2014 жылдың қорытындысымен 126 орында тұр. «Егер бұл жаман құбылыспен бүкіл халық болып, барлық қоғамның күштері бірігіп жүйелі түрде күреспесек, онда қабылданған жоспарлар тек қағаз түрінде қалуы мүмкін. Біздің түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек» деді Президент. 2014 жылдың 11 қарашасында Астанада өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы» қабылданды. Ондағы негізгі міндеттің бірі – жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күресу басты мәселеге қойылған. Осыған байланысты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл», «Ақпаратқа қолжетімділік туралы», «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заңдар қабылданатын болады. Жаңа бағдарламада білім мен тәрбие берудің барлық деңгейінде жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін құру көзделген. Сыбайластыққа қарсы тәрбие мен білім берудің мақсаты – мемлекет пен қоғамға оның қатерін тереңінен түсіндіру, парақордың жағымсыз бейнесін қалыптастыру, жемқорлықты түп тамырымен жою болып табылады. Ал 2014 жылдың 23 желтоқсанында «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің қаулысымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасы бекітілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясы бекітілді. Сыбайлас жемқорлықтық мінез-құлықты жоюдың қажеттілігін қалың жұртшылықтың санасына сіңірудің бүгінде маңыздылығы өте зор. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық сектордың кеңінен қатысуын қамтамасыз ететін мемлекеттік емес ұйымдардың құрылуына ықпал ету және олардың кеңінен қатысуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Осы жерде Елбасымыздың «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс» деген қағидасын қолдап, елімізде «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған. Орталық «Жаңару» РҚБ нұсқауы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы жариялаған биылғы байқауына қатысып «Қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша кешенді іс-шараларды ұйымдастыру» құқығына ие болдық. Бұл іс-шараға байланысты барлық он аудан және Тараз қаласында арнайы кестеге сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы дөңгелек үстелдер, жиналыстар, семинар-кеңестер, акциялар, кездесулер өткізілуде. Оған жергілікті партия, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық азаматтық ұйымдары, құқық қорғау, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар, белсенді азаматтар, БАҚ өкілдері шақырылады. Сонымен қатар әр ауданның жергілікті әкімдігінде азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау ұйымдастырылуда. Тақырыпқа байланысты арнайы бейнеролик, плакаттар және буклеттер жасалып таратылатын болды. Бүгінгі күнге дейін осындай іс-шаралар Байзақ, Жуалы және Жамбыл аудандарында жақсы ұйымшылдықпен жүзеге асты. Қазіргі таңда «Жаңару» қозғалысы және «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес Қоғамдық кеңес басшылары – О.Әбдікәрімов және Қ.Сүлейменов мырзалар қол қойған меморандумның оң ықпалы тиюде. Сондай-ақ, өткен жылы біздің филиал және «Жемқорлыққа қарсы тұңғыш медиаорталық» Жамбыл облысының прокуратурасымен, сол кездегі Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментімен, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Тәртіптік кеңесімен және Ішкі істер департаментімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылған болатын. Сондай Келісім 2014 жылы ҚР кәсіпкерлерінің Ұлттық Палатасымен де жасалған болатын. Сонымен қатар 2015 жылдың 20 қаңтарында ҚР кәсіподақтар Федерациясы бірлестігімен және 10 ақпанда Ауыл шаруашылық министрлігімен «Жаңару» қозғалысы арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Ал осы жылдың 17 наурызында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен «Жаңару» СЖҚ ЖҰҚ РҚБ төрағасы Оралбай Әбдікәрімов арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Онда «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлеріне қарсы аяусыз күрес жөніндегі бастамаларын жан-жақты қолдай отырып қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруда өзара іс-қимылды күшейту, тығыз әріптестікті жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне және басқа да қоғамға жат құбылыстарға төзімсіздік атмосферасын жасауға ықпал ететін іс-шаралар өткізеді делінген. Сондықтан осы іс-шараларды ұйымдастыру барысында біз жергілікті әкімдіктерден толық түсіністік және қолдау табудамыз. Еліміздің әр азаматы өзін сүйікті Отанының патриотымын деп санаса, қазақ елінің өркендеп-өсуін, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарында болғанын қаласа, ол осы жалпыұлттық күреске белсене қатысады деген сенімдеміз.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді