«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздің міндет – халыққа қызмет

Біздің міндет – халыққа қызмет
ашық дереккөз
Біздің міндет – халыққа қызмет

16Баршаға белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бес халықтық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 қадамда кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың өзектілігіне тоқталып, қадау- қадау міндет қойған болатын. Онда мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту, іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу, кәсіби талаптарды күшейту сынды маңызды тапсырмалар жүктелді. Мұның бәрі түптеп келгенде мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, беделін биіктетуге бағытталған игі тірлік. Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық  департаментінің бастығы Мақсат Қожабаевпен сұхбатымыз да осы төңіректе өрбіді.

– Ең әуелі өзіңізді бүгін аталып өтіп жатқан Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймыз. Енді әңгімеміздің әлқиссасын Елбасымыз ұсынған бес халықтық реформадан бастасақ. 100 нақты қадамнан түйген ойыңыз қандай? – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бес институционалды реформаны ұсынудың бірден бір себебі, болып жатқан ғаламдық өзгерістерге пәрменді жауап беру қажеттігінен туындағанын айтты. «Бір орында тұрып қалмау керек. Біздің жетістігіміздің арқасында біз мемлекетімізді нығайту үшін алға жылжуымыз керек» деп Елбасы атап өтті. Бірінші реформаны жүзеге асыруда Елбасы мемлекеттік қызмет корпусын реформалауға ерекше назар аударды. Онда бүгінгі орын алып отырған мансаптық өсудің, кадрлық потенциалдың және еңбек ақының төмендігі, командалық ауысу сияқты кемшіліктерді жою үшін экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруды сапалы қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби, білікті мемлекеттік аппарат құру көзделген. Ұсынылған мансаптық модель маманға тек төмен сатыдан бастап барлық басқарушылық баспалдақтарынан өту емес, сондай-ақ нағыз кәсіби маман болуға мүмкіндік береді. – Мансаптық өсу дегеннен шығады, облыста конкурстық іріктеу нәтижелері қалай жүргізілуде? Кадрлық резерв пен тестілеу  қорытындыларына да тоқталып өтсеңіз. – Биылғы жылдың өткен бес айында, яғни  қаңтар-мамыр айларында облыста мемлекеттік органдар 488 бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс жариялады. Осы конкурстарға 399 үміткер қатысты, бір бос орынға  0,9 адамнан келді. Өткізілген конкурстардың нәтижесінде 178 жеңімпаз анықталды. Ал 260 немесе 59,4 пайыз  бос орынға ешкім қабылданған жоқ. Мемлекеттік органдардың өткізген конкурстарына бақылаушылар қатыстыру жүйелі жолға қойылды. Өткен кезеңде мемлекеттік органдар  64 конкурс өткізген болса, оның барлығына да   байқаушылар қатысты. Ағымдағы  жылдың 1 маусымындағы мәліметке сәйкес, облыс бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервінде 62 резервші тұр. Есепті мерзім ішінде кадрлық резервінен 82 резервші шығарылды.  Оның ішінде 49-ы қызметке орналасуына, 31 резервші резервте тұру мерзімі аяқталуына байланысты және екі резервші өз еркімен шығарылды. Сондай-ақ осы кезеңде  департаментке мемлекеттік қызметшілерді ауыстыру тәртібімен тағайындау үшін келісімге 232 құжат түсті. 8 құжатқа келісім беруден бас тартылса, 224 құжат мақұлданды. Тест нәтижелеріне тоқталатын болсақ, биылғы  қаңтар-мамыр айларында тестілеуден өту мақсатында барлығы 931 азамат өтініш білдірген. Олардың ішінен 331 адам немесе 35,60 пайызы  тестілеудің шекті мәнінен өткен. Шекті мәннен төмен балл алғандардың саны 600 азамат немесе 64,40 пайызды  құрады. – Жалпы, бүгінгі таңда өңірде қанша мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда? – Биылғы  1 қаңтардағы жағдайы бойынша облыста мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны  5584 бірлікті құрайды. Оның ішінде  алтауы  саяси мемлекеттік қызметшілер, 17-сі «А» корпусының, 5561-і «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері.   Жалпы мемлекеттік қызметшілер санының ішінде 2164 әйел еңбек етуде, бұл көрсеткіш 41,9 пайызды құрап отыр. Ал жас ерекшеліктері туралы айтатын болсақ,  29 жасқа дейінгі 1031, 30-39 жас аралығында  1544,  40-49 жас аралығында 1174  және 50 жастан жоғары 1418 қызметші жұмыс атқарады. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамына тоқтала кеткеннің артықтығы жоқ шығар. Өңірде жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің саны 4557 адам, бұл жалпы көрсеткіштің  88,2 пайызын құрайды. Орта кәсіби білімі барлардың саны – 610 немесе 11,8 пайыз.  Сондай-ақ 837 мемлекеттік қызметшінің біреуден көп жоғары білімі бар,  15 қызметші ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін иеленген. – Мемлекет басшысының бес халықтық реформаның 13-қадамында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Департамент тарапынан  қоғамда құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» ұстанымын қалыптастыру бойынша қандай шаралар қолға алынуда? – «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын» түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша өткен бес айда жалпы 9300-ден астам адамды қамтыған 241 кездесу өткізілді. Жалпы өткізілген кездесудің 23-і департамент басшылығының қатысуымен өтті. Ақпараттық үгіт-насихат құралдарын таратуға баса мән берілуде. Тараз қаласы мен аудандардың орталық көшелерінде барлығы  65 баннер ілінді. Тараз қаласының орталық көшелеріндегі 3 LED-экраннан және қоғамдық орындарда бейнероликтер көрсетілімі жасалып, ақпараттық парақшалар орналастырылуда.  Баспасөз беттерінде, атап айтқанда барлығы 13 басылымда «Біздің міндет – халыққа қызмет» айдары ашылды.  Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жалпы 124 материал жарыққа шықты. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында телеарналардан барлығы 75 көрсетілім жарияланды. Сонымен қатар  халықтың ғаламторды пайдаланушы тобына әлеуметтік желілерде барлығы 1782 материал   орналастырылды. Мемлекеттік және қоғам институт-тарымен  өзара іс-қимыл жасалуда. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жүйелендіру мақсатында барлығы 8 ұйыммен бірлескен жұмыс жоспарлары бекітіліп,  жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде: облыс әкімдігінің білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері басқармалары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ХҚКО облыстық филиалдары,  М.Х.Дулати атындағы ТарМУ және облыстық  ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тығыз қарым- қатынаста жұмыс жүргізудеміз. – Батыр Баукеңнің «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі қай кезде құнды. Мемлекеттік қызметшілерді тезге салуда Тәртіптік кеңестің тегеуріні қандай? Биылғы 5 айда Тәртіптік кеңестің мәжілісі 5 рет өткізіліп, онда   58 мәселе талқыланды.  Солардың арасында 43 тәртіптік іс қаралды.  Тәртіптік кеңестің ұсыныстары бойынша 21 тұлғаға тәртіптік  жаза қолданылды. Оның ішінде 17-сі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін жауапқа тартылды.  Тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың арасында, бір «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлік қызметшісі, Б» корпусының 8 мемлекеттік қызметшісі, сондай-ақ, 12 өзге тұлға бар. Олардың ішінде үшеуі  атқаратын қызметінен босатылды,  біреуі қызметінен төмендетілді, 14-іне қызметіне толық сәйкес еместігі жөніндегі ескерту, біреуіне қатаң сөгіс, біреуіне сөгіс, енді біріне  ескерту  түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Мысалы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін Мойынқұм ауданының әкімі аппаратының басшысы А.Баялиев және осы ауданның персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Ж.Көшеков, сондай-ақ,  «Талас ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі» кәсіпорнының директоры Б. Қаратаев атқарып отырған қызметiнен босатылды. 4 тәртіптік іс мемлекеттік органдарға жолданды. 18 тәртіптік іс тоқтатылды. – Кемшілік жұмыс бар жерде кездеседі. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің дені тиісті заңнамаларды жетік білмегендіктерін алға тартып жатады. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселесі қалай жолға қойылған? – Кадрлардың құқықтық сауатын арттыру – маңызды іс. Осы  бағытта былтырғы жылы  барлығы 1819 қызметші оқытылды. Оның ішінде 791 қызметкер қайта даярлау, 1028  қызметкер біліктілігін арттыру курстарында тәлім терді.  Бүгінгі күнге облыста мемлекеттік қызметте «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітірген 1 азамат және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясын тиісті оқу бағдарламалары бойынша бітірген 17 азамат еңбек етуде. Өткен жылы сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «А» корпусының  мемлекеттік қызметшілері арасында 4 қызметкер және «Б» корпусының 67 мемлекеттік қызметшісі біліктілік арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, былтыр Мемлекеттік басқару академиясында «А» корпусының мемлекеттік қызметшілерінің арасында 6 қызметкер және «Б» корпусының 16 мемлекеттік қызметшілер қайта даярлау курсын тәмәмдады. Бұл бағыттағы жұмыс бекітілген кестеге сәйкес биыл да жалғасын табуда. – Сөз соңында мерекелік лебізіңіз болса... – Барша әріптестерімізді Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметті таңдаған адамдар үлкен құрметке лайық деп есептеймін. Себебі, олар халқымыздың жақсы өмір сүруі мен жарқын болашағы үшін зор жауапкершілік жүгін арқалап келеді. Елге қызмет ету жолындағы еңбегіміз табысты болсын! Әңгімелескен

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар