Соғыс уақытында ғана емес, бейбіт күнде де ерлік көрсетіп батыр атануға болады. Еліміздің тұрғындары мен азаматтарын жұмыс бабында жүріп те, жұмыстан тыс уақытта да әртүрлі өмірлік қиындықтардан құтқарып қалған ержүрек жандар аз емес. Солардың бірі Елбасының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалін иеленген полиция қызметкері – Ерасыл Тілеміс. Үш жерінен пышақпен жарақат алса да қылмыскерлерді жібермей, құрықтаған азамат. Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылында 1989 жылы дүниеге келген Ерасыл, ауылдағы орта мектепті тәмәмдаған соң, Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетіне түседі. Оны бітіріп, облыстық ІІД бастығының бұйрығымен Т.Рысқұлов аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі қызметіне қабылданады. Шымкент қаласында алғашқы оқу даярлығынан өткен соң, ІІМ бұйрығымен полиция лейтенанты шені беріледі. 2013 жылы жас маман болып келгендегі сол бір оқиғаны өзі былай есіне алады: «Жұмысқа алғаш тұрған жылдың 19-шы сәуірі еді. Кешкі сағат он бірлер шамасында 102 арқылы жеке кәсіпкерден белгісіз адамдардың жолдың бойындағы бал сататын дүңгіршегіне тас лақтырып, бұзақылық жасап жатқаны туралы хабарлама түсті. Сол бойынша жедел тергеу тобы оқиға орнына аттандық. Жәбірленуші күдіктілердің егіс алқабына қашып кеткендігін айтты. Ол жақтан үш адамның бейнесін көріп ізіне түстік. Олардың біреуі жалғыз, екеуі бірге бөлініп қашты. Мен екеудің артынан қудым. Бар ойым оларды ұстау болғандықтан, әріптестерімнің артымда қалып қойғандығын да байқамаппын. 700 метрдей жүгірген соң, оларды қуып жетіп құжатымды көрсетіп, полициядан екенімді айтып не істеп жүргендерін сұрадым. Олар «осы ауылданбыз» деді. «Мен де осы ауылданмын. Сендерді танымаймын. Полиция бөлімшесіне жүріңдер» деп қолынан тартқанымда, біреуі жіберуін өтінді. Мен жібермедім. Сол кезде біреуі кеудеме екі-үш рет соққы жасағандай болды, сөйтіп екеуміз арпалысып кеттік. Арт жағымдағы әріптестеріме қашқандарды ұстағанымды айтып, айқайлап шақырдым. Олар келіп қылмыскерлердің қолдарын қайырып, тырп еткізбеді. Ұсталғандардың бет-жүзін көру үшін қолшамымды алайын деп, кеудеме қолымды салғанда жып-жылы болып қан ақты. Жол жиегіне шыққан соң, ішім қатты ауырды. ... Кейін білдім, пышақ бауырыма тиген, бүйрек тұсынан қолтық арқылы өтіп өкпемнің сыртқы қабықшасын зақымдаған екен». Өзін қатты жарақаттаған жасөспірімге сотта қатаң жаза сұрамай, соттың еркіне қалдырғандығы да жас полицейдің сабырлы мінезін көрсетсе керек. Үш литрдей қан жоғалтып, өте ауыр халде жансақтау бөлімінде ота жасатып шыққан Ерасылдың денсаулығы біртіндеп түзелген. Қазір жағдайы жақсы. – Бұл менің қызметтік борышым, әрі міндетім. Өз әрекетімді ерлік деп санамаймын. Менің орнымдағы әрбір полиция қызметкері осындай қадамға барар еді, – дейді салмақты да сырбаз жігіт. Полиция қатарында осындай батыл азаматтар көп болса, қоғам тыныштығы сенімді қолда болғандығы. Ал бейбіт күндегі батырларды дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі ету біздің де борышымыз емес пе?
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол». Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді