Әлімқұл ТҰРЫСОВ, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитеті облыстық департаментінің басшысы. Бүгінде «100 нақты қадам» аталатын Ұлт жоспарына барша қазақстандықтар зор үміт артып отыр. Реформа туралы Нұрсұлтан Әбішұлы «Мен реформа жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және так қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын» деген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев институттық реформалардың жаңа бес бағытын анықтап, кезең-кезеңімен жүзеге асырудың нақты жолдарын «100 қадам» Ұлт жоспарында тізіп берді. Енді сол нақты қадамдарға тоқталар болсақ, оның алғашқы 15 қадамды – кәсіби мемлекеттік аппарат құрудан бастаудың өзіндік мәні зор. Әрбір қызметкер үйлесімді жұмыс жасағанда ғана зор табысқа жетеміз. Оның мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғыртуды көздеген 1-қадамында «Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс» деп атап көрсетілген. Шынында, мемлекеттік қызметке төменнен қабылдау – өмірдің өткелінен өтіп, іс тетігін төменнен меңгеріп, алған білімді тәжірибе үстінде шыңдап, жоғарылау өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Бесінші қадам мемлекеттік қызмет-керлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіруге бағытталып отыр. Қызметкерлерді ынталандыру жақсы жалақыдан басталады. Ол тек нәтижеге байланысты жүзеге асырылуы тиіс. Әрбір азамат ой-санасымен Ұлт жоспарының астарында жұртқа қалтқысыз еңбек етіп жатқанын түсінсе деймін. Сондай-ақ, сот жүйесіне өзгерістер еніп, ол алдағы уақытта жақсы жаққа жаңармақ. Экономикаға байланысты қадамдар – жаңа жұмыс орындарын құру, ол үшін индустриялық бағдарламаны жүзеге асырып, бизнесті дамыту болып табылады. Реформаның тағы да бір алға қойған мақсаты – болашағы бірыңғай ұлт қалыптастыру. Қазақстанда біртұтас ұлт қалыптастыру үшін, ең алдымен қазақ халқы біртұтас ұлт деңгейіне көтерілуі тиіс. Бұл – қазақ халқына тарих жүктеген аса зор міндет. Президенттің «Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт» деуі сондықтан. Алдымен қазақ ұлтының құрыштай берік ішкі бірлігі елімізде біртұтас ұлт қалыптастырудың басты шарттарының бірегейі. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі» деген болатын. Дәл осыдан елдің есесі кетіп ұтылып жүргеніміз рас. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп бабаларымыз текке айтпаған. Руға бөліну, «жеті атасына жетпей қыз алыспау» яғни, ұлтымыздың дүниеде теңдесі жоқ тектік қасиетін сақтап қалу үшін ғана қажет. Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағытында мемлекеттік жоспарлаудың ықшам жүйесін құру, «Ашық үкімет» электрондық жүйесін енгізу арқылы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жоғарылату мәселелері де осы реформа аясында толық қамтылған. Елбасы қазақстандық қоғамның өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп жатқандығын айтты. Тұтастай алғанда Елбасы ұсынған бес халықтық реформа ел бірлігін бекемдеп, тұрақтылықты нығыздай түспек. Өйткені, әлемнің барлық табысты деген мемлекеттерінің өзі осындай жолдарды еңсеріп өткен. Сондықтан да Мемлекет басшысы мұндай реформаның әрқайсысы еліміз үшін орасан зор тәуекел екенін алға тартады. Жалпы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қай тарауын, қай тармағын алсаңыз да, бәрінде де өркен жаяр елдің өрісті ісі көрініс тапқан. Оған әр азамат өзінің үлесін қосса, өркениетті 30 елдің қатарына енуімізге жол ашады. Бұл – халқымызды жаңартатын, жүйеленген кешенді реформа. Ендеше, оны жүзеге асыру үшін ел болып жұмыла жұмыс жасауға тиіспіз. Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді