«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төртінші реформа: болашағы бірыңғай ұлт қалыптастыру

Төртінші реформа: болашағы бірыңғай ұлт қалыптастыру
ашық дереккөз
Төртінші реформа: болашағы бірыңғай ұлт қалыптастыру

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 5 халықтық реформаның «Болашағы бірыңғай ұлт қалыптастыру» атты 4-реформасын талқылау бойынша жиын өтті. Жиынға Ел Президенті жанынан құрылған Ұлттық комиссияның мүшесі, Мәдениет және спорт Вице-министрі М.Әзілханов арнайы келіп қатысты. Кездесуге Тараз қаласының үкіметтік емес ұйымдары, этномәдени орталықтары, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары қатысты. Басқосуды Тараз мемлекеттік университетінің ректоры М.Сарыбеков ашып, жүргізіп отырды. Ол Елбасы ұсынған 100 қадам – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге төтеп беруге, сонымен қатар және жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған елдің қатарына енудің жоспары екендігін атап өтті. Мінбеге шығып сөз алған Мәдениет және спорт Вице-министрі М.Әзілханов: «Елбасы ұсынған бес институттық реформаның қай-қайсысы да маңызды. Дегенмен, осылардың ішіндегі «Болашағы бірыңғай ұлт қалыптастыру» атты 4-реформаның маңызы жасампаздыққа жол ашқан жас мемлекет үшін аса айрықша. Осы орайда сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат реформаның 88-қадамында айтылған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру мәселесі төңірегінде ой қозғап, дәл осы қадамда айтылатын кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттауға бағытталған шараның ел тұрғындарының арасында қызу қолдау тауып отырғандығына баса назар аударды. Сонымен бірге, Ш.Тілеумұрат реформа қадамдарына қатысты ұсынысында бес институттық реформамен қатар басқа да қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асырудағы интернет кеңістіктегі және жалпы БАҚ рөлінің жоғары болуына мемлекеттік деңгейде назар аударылуы керектігін тілге тиек етті. Әрі бұл қадамдардың барлығы тек сөз күйінде ғана емес, іс жүзіне асқаны ел тұрғындарының Үкіметке деген сенімін арттыра түсудің кепілі боларын атап өтті. – Бес институттық реформаның 89-қадамында көрсетілген «Мәңгілік Ел» құндылықтарын білім беру бағдарламасына енгізуді жедел қолға алу керек. Бұл пәнді міндетті пәндердің қатарына қосуға күш салынуы тиіс, – деді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми сараптамалық топ төрағасының орынбасары П.Мамедова. Жалпы, «Мәңгілік Ел» идеясын білім берудің міндетті пәндердің тізіміне қосу, ол елдің болашаққа деген стратегиясын ұрпақ бойына сіңіру бүгінгі жастардың дамуына қосылар шексіз үлесінің кепілі болары сөзсіз. Сол себептен де, П.Мамедованың ұсынысы жиынға қатысушылардың арасында қызу қолдауға ие болды. Өз кезегінде мінбеге шыққан, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры О.Көпбосынова болашақ педагог мамандар даярлаудағы өңірдегі алдыңғы қатарлы ЖОО-ның «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда студенттер арасында өткізіліп жатқан шараларға тоқталып өтті. Бұл шаралардың басым бөлігінде «Көшбасшылар мектебін» қалыптастыра отырып, студенттерді өзін-өзі басқаруға тәрбиелеу сынды тәжірибелер енгізілген. Сонымен бірге, ол өз сөзінде «Мәңгілік Ел» идеясын білім беру бағдарламасына енгізу жайында өзінің педагогикалық тәжірибелерімен бөлісіп, бұл ұсыныстың заман талабына сай енгізіліп отырғандығын айтты. Одан кейін Абай атындағы гуманитарлық колледжінің тарих пәнінің мұғалімі Г.Оңғарбаева Президент ұсынған реформаларды іске асыру бағытындағы білім мен ғылымға жүктелетін міндеттемелерді саралады. Кездесу соңында азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғұламалық және білімпаздық культі, зайырлы, толерантты ел, «Мәңгілік Ел», «Менің елім» патриоттық акті, мектептің оқу бағдарламасына мәңгілік ел құндылықтарын енгізу туралы әңгіме қозғалып, жиынға қатысқан оқытушылар осы бағытта пікірлерін білдірді.

Ләззат ТАЛҒАТҚЫЗЫ, ТарМУ-дың баспасөз қызметкері.

Ұқсас жаңалықтар