«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сөгеті биігіне сапар

Сөгеті биігіне сапар
ашық дереккөз
Сөгеті биігіне сапар

Колледж ұжымы 2 169 метр биіктікті бағындырды

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының аясында №12 «Тараз» колледжінің ұжымы «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» жиналып, Сөгетінің биік нүктесін бағындырып, аспан түстес Туымызды тікті. 5Дауылпаз дәуірдің көші, доңғалағы ешқашан бір орнында тұрмайды. Уақыт, өркениет атаулы ұғымдар өзгергенімен, адамзат бабаларының жүріп өткен жолын, ізін, тәуелсіздікті қалыптастырудағы ерен еңбегін, ұлы даланы қорғаған бабалар ерлігін, аманатын ұмытпауы керек. Өйткені біздің батыр, баһадүр бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұлан-ғайыр жерді қорғап, келешек ұрпаққа, яғни бізге, қалдырды. Ұрпақтары үшін талай шайқастарда қан төкті. Оның бәрі әлбетте, болашақ ұрпақтың қамы үшін жасалғаны талас тудырмайды. Әлем картасында тоғызыншы орын алатын еліміздің жұпар ауасы да, адами капиталы да, таңғажайып табиғаты да, бүгінгі келбеті де біз үшін өте құнды. Оны біз ешқашан ұмытпаймыз, кешегі батырлардың сенімін ақтап, оларды ұлықтаймыз. Себебі, біз тарихты құрметтеген халықпыз. Қазақ – өткенін түгендеп, өшкенін қайта жандырған ел. Біздің оқу ордамызда да сол тарихты таныған үстіне тани түсуге үлкен жұмыстар атқарылып жатқан болса, шыңға ту тіккеніміз соның бір парасы. Еліміздің көшбасшысы, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі 2020 жылға дейін халықтың отыз пайызы бұқаралық спортпен қамтылуы керектігін шегелеп айтып, барлық өңірлерге нақтылап тапсырған болатын. №12 «Тараз» колледжінің ұжымы да бұл бағытта тыным таппастан қыруар жұмыстарды атқарып келеді. Білім ордасында ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап «Туризм» үйірмесі ашылып, олар өздеріне жүктелген міндетті жемісті жұмыстарымен үйлестіріп жатыр. Ұлы мерекенің қарсаңында ұйымдастырылған бұл шара сол жұмыстың айшықты бір көрінісі десек еш қателеспейміз. Ұжым қызметкерлері Сөгетінің биік шыңын бағындырмас бұрын айтулы шараның лайықты өтуіне бір кісідей атсалысқан, үйірме жетекшісі М. Молдақұлов колледждің қызметкерлеріне шыңға шығудың техникалық ережелерін тәптіштеп түсіндіріп, айла-тәсілдерін егжей-тегжей үйретті. Әдісін білмей жатып биік нүктені бағындыруға көзді жұмып кірісіп, тәуекелге бел бууға болмайтыны әлімсақтан бәрімізге белгілі. Шараның басты мақсаты – ұлтымыз үшін ұлы мерекелердің бірі саналатын, еліміздегі барлық азаматтардың шын мәнінде рухын көтеретін Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі аясында 2169 метр биіктікті бағындырумен қатар, саламатты өмір салтын қалыптастыруға негізделгенін жоғарыда атап өттік. Тарихқа тағзым етудің, өткенге шынайы көңілмен бас июдің, ілтипат көрсетудің айшықты көрінісіне баланған шарада колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары, білім ордасының тарих пәнінің мұғалімі Ғалымжан Жүзбаев ұлы даланың төсінде, Шу мен Талас өзендерінің арасында Қазақ хандығының іргесі қалай қаланғанын, қазақтың алғаш хандары Керей мен Жәнібектің бағзы дәуірдегі ерліктеріне көз жүгіртіп, терең талдау жасап, толыққанды құнды ойларымен тоқталып өтті. Сол дәуірде орын алған сан алуан саяси шиеленістер мен жағдайларға да шолу жасады. Мұнымен қоса, Ғалымжан Көкенұлы болашақ ұрпақты ұлтын сүйетін, елім деп еміренетін, қазағым деп ту ұстайтын атпал азамат, шын патриот болуға үндеді. Сонымен қатар, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің білікті ұстазы Б.Есенов те хандық кезеңдегі түрлі оқиғалар туралы толғамды ойларын, мазмұнды пікірлерін ортаға салды. Ұшса құстың қанаты талатын, жері кең, байтақ даламызда 1465 жылдары Қазақ хандығы құрылғанын, аталмыш дәуірдегі әлеуметтік-экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынастардың, өзге де мәселелердің қай деңгейде болғанын, 1723 жылы орын алған «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» оқиғаларының қазақ халқына қалай  әсер еткенін, жіліктеп, талдап түсіндірді. Мәні мен маңызы орасан зор шарада ардагер ұстаздар Ғ.Жүзбаев, А.Шалданбай, Қ.Исмайлов бастаған көкірегі шежіреге толы азаматтар шыңды бағындырудағы қызықтармен қатар, Қазақ хандығының құрылуы мен дамуына қатысты құнды ой-пікірлерімен бөлісті. Терең ойлы әңгімелерін жиналған жастар да, басқалар да ұйып отырып тыңдады. Жасы егде тартқан ұстаздардың зау биікке еш қаймықпастан шыққаны, еліміздің басты мерекелерінің біріне қосқан үлкен үлесі өскелең ұрпақ үшін үлгі болғаны сөзсіз. Біздің колледж әрдайым тарихты қадірлейтін, құрметтейтін шараларға бас болуды бұрыннан мақсат етеді. Білім ордасының қызметкерлері қай кезде болмасын жұдырықтай жұмылып, бірлікпен, берекелі тірлікпен жұмыс істеуді көздейді. Татулықты туымыз деп санайды. Алла қаласа, алдағы оқу жылында да бір жағынан экскурсиялық, екінші жағынан тәрбиелік мәні бар жобаны әрмен қарай жалғастырып, өзге биік шыңды бағындыруды міндетімізге балап, санап отырмыз. Бұл шараның ұйым-дастырылуында үлкен мән жатыр. Ұстаздарды, оның ішінде жастарды елжанды, ұлтжанды азамат ретінде қалыптастыру, отаншылдыққа баулу колледж қызметкерлерінің, басшылығының басты міндеті екені ақиқат. Алатаудың мұзарт шыңдарына тігілген аспан түстес Туымыз әрдайым көкте желбіреп, Әнұранымыз елдің бірлігіне, баянды болашағына шырқала берсін!

Марат Әшімов, №12 «Тараз» колледжінің директоры.

Ұқсас жаңалықтар