Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы, Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы – деп жырлаған ақын Ғ.Қайырбеков осы бір ғана шумақ өлеңінде ұстаздың барлық болмысын алдымызға жайып салғандай. Расында ұстаз болу үшін үлкен жүрек, жайдары мінез, адами қасиет керек. Бойында осының барлығы табылған жан шәкірттің шырағын ашатын, білімде де, ғылымда да ұшпаққа шығаратын нағыз ұстаз бола біледі. Біздің кейіпкеріміз ҚР Ұлттық ғылым академиясының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Өскенбай Мадиевті нағыз ұстаздың қатарына қосуға болады. Әдетте, қазақ балаларының техникалық мамандықтарды таңдауға батылы жете бермейді емес пе?! Жастайынан білімге құштар болған Өскенбай Қабылбекұлы техника ғылымының әлеміне именбей қадам басты. 1945 жылы 17 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында туылған Өскенбай Қабылбекұлы Арыс қаласындағы №21 орта мектепті алтын медальмен бітірді. Одан кейін 1966 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын үздік дипломмен тәмамдады. Өз мамандығын жетік меңгерген жас маманды енді ғылым жолы, оның ішінде техника ғылымының қыр-сырына деген құштарлық жетелей берді. Осылай ол Мәскеу жеңіл өнеркәсібі технологиялық институтының (қазіргі Мәскеу технология және дизайн университеті) аспирантурасына жол тартты. Осында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен түбегейлі айналысты. Ғылым жөніндегі ұстазы, Кеңес Одағына және шет елге белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, КСРО-ның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері институт ректоры И.П.Страхов болды. Ол кісі бүгінде сол ұстазынан ғылым жағдайымен ақыл-кеңес алумен қатар өмірдегі көзқарасы мен ұстамынан да көп нәрсе үйреніп, өзіне үлгі тұтқанын айтады. 1971 жылы кандидаттық диссертациясын мезгілінен бұрын тапсырған Мадиев туған жерге оралып, өзі түлеп ұшқан Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында аға мұғалім қызметіне кірісті. Бұл уақытта жаңадан ашылып, жоғары оқу орны болған Жамбыл технологиялық институтында, сондай-ақ Қазақстанда, тері және үлбір технологиясы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Жас ғалым Мәскеудегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын өзі оқып шыққан институтта қызу жалғастырды. Сөйтіп Өскенбай Мадиевтің есімі тері және үлбір технологиясы саласындағы елімізде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізін қалаушы, әрі ұйымдастырушысы ретінде тарихта қалды. Ғалымның тікелей өзі және шәкірттерімен жүргізген ғылыми жұмыстары негізінде уақыт өте институтта тері және үлбір технологиясы проблемаларын зерттейтін ғылыми мектеп қалыптасты. Өскенбай Қабылбекұлының басшылығымен осы ғылыми мектептен 25 ғылым кандидаты мен 3 ғылым докторы диссертация қорғады. Шәкірттері қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да, Алматы технологиялық институтында, Астанада, Алматыда және еліміздің басқа да ірі қалаларындағы жоғары оқу орындарында ұстаздық еңбек етуде. Тағы бір айтатын жағдай Ө.Қ.Мадиев жеңіл өнеркәсіп технологиялары саласында Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы ғылым докторы болды. Ол 1991 жылы Жамбыл технологиялық институтының ректоры болып тағайындалғаннан кейін оның төрағалығымен институтта тері және үлбір технологиясы мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғайтын арнайы кеңес ашылды. Институт ғалымдарының ғылыми еңбектерінің нәтижесін жариялау үшін «Механика және технология процестерін үлгілеу» журналы ашылып, оның бас редакторы ретінде Ө.Қ.Мадиев бұл басылымның ғылыми ортада танылуына көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар ол Мәскеуде шығатын «Известия вузов. Технология легкой промышленности» журналының көп жыл редколлегия мүшесі болды. Ғалымның есімі Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы (ТМД), сондай-ақ, шетелдегі әріптестеріне танылды. Соның арқасында ол Мәскеу технологиялық институтындағы докторлық диссертация қорғалатын арнайы кеңестің көп жыл мүшесі, диссертанттарға оппонент, олардың ғылыми жұмыстарына эксперт болды. Жалпы Ө.Қ.Мадиев жеке өзі және шәкірттерімен бірге 200-ден астам ғылыми мақала, 3 монография, 2 оқу құралын жариялаған, сондай-ақ ол, 44 авторлық куәлік пен патенттердің авторы. Ғылым әлемі ғалымның енгізген жаңалығымен құнды. Өскенбай Мадиев те тері және үлбір технологиясына бірнеше ғылыми жаңалықтар енгізді. Біріншіден, қазіргі заманда барлық әлемде былғары өндіру процесінде тері илеуге қолданылып отырған, бірақ қоршаған ортаға өте зиянды хром қосылыстарын, зиянсыз немесе зияны аз алюминий, цирконий және титан қосылыстары негізінде алынатын кешенді минералдық илегіштермен алмастыру технологияларын ұсынды және осы технологиялардың химиялық негіздемесін жасады. 1980-90 жылдары Ө.Қ.Мадиевтің алюминий, цирконий және титан қосылыстарымен тері илеу технологиясы Қазақстанда (Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты), Белоруссияда (Могилев былғары комбинаты), Ресейде (Новосибирск былғары комбинаты) ТМД елдерінің көптеген өнеркәсіп орындарында қолданылды. Нәтижесінде былғары және үлбір технологиясына «кешенді минералдық илегіштерді алу және қолдану» деп аталатын жаңа ғылыми-практикалық бағыт енгізілді. Бұл жаңа бағыттың материалдары былғары және үлбір технологиясы мамандығы бойынша КСРО-да жоғары оқу орындарында қолданылатын оқулықтың ішіне енді. Екіншіден, тері технологиясы тарихында тұңғыш рет тері шикізатын консервация жасауда қазіргі заманда қолданылып отырған, қоршаған ортаға зиянды ас тұзын жерге, суға, егістікке пайдалы диаммонийфосфат минералды тыңайтқышымен алмастыруға болатынын дәлелдеді, диаммоний фосфатпен тері шикізатын консервациялау технологияларын жасады және осы процестердің химиялық негізін ашты. Қоршаған ортаны қорғау әлемдік деңгейдегі проблема екенін және бұл бағыттағы ғылыми жұмыстарды мемлекеттер мен қоғам тарапынан қолдау күшейіп келе жатқанын ескере отырып, автор бұл жаңалықтың кең қолдау табатын уақыты алда деп сенеді. Ө.Мадиев ұстаздық ете жүріп, ғылыммен айналысып, білікті басшы да бола білді. Ол Жамбыл технологиялық институтында 1968 жылдан 1998 жылдың наурыз айына дейін табаны күректей 30 жыл еңбек етті, оның ішінде 13 жыл проректор, 7 жыл ректор қызметтерін атқарды. Ол ректор болып қызмет еткенде (1991-1998ж.ж) институт ғылыми-педагогикалық кадрлар құрамы, материалдық базасы, оқу сапасы жағынан республикада алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының құрамында болды. 1998 жылдың наурыз айында Тараз қаласындағы үш жоғары оқу орны бірігіп, Тараз мемлекеттік университеті (ТарМУ) болғанда бірінші проректор болып тағайындалды. 1998-2002 жалдары Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті қызметін атқарды. 2002-2003 жылдары М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың кафедра меңгерушісі, ал 2003 жылдан қазірге дейін Алматы экономика және статистика академиясының Тараз қаласындағы институтының ректоры, кейіннен өкілдігінің директоры қызметін атқаруда. Жаңашыл ұстаз мұнда да қашықтықтан оқыту технологиясын қолданудың бастамашыларының бірі болып, осы озық технологияны оқу процесіне енгізуге айтарлықтай үлес қосты. Кейіннен, Жамбыл институты АЭСА-ның Тараз қаласындағы өкілдігі болып өзгергенде, осы өкілдіктің заманауи компьютерлік техника және информатикалық қолданбалармен жабдықталған АЭСА-ның алдыңғы қатарлы құрылымы болуына көп еңбек сіңіруде. Өскенбай Қабылбекұлы облыстың саяси-әлеуметтік өміріне де белсене қатысты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы болып құрылған «Қазақстан халық бірлігі» саяси партиясының облыстық комитетінің көп жыл төрағасы болды. Кейіннен бұл партия қазіргі «Нұр Отан» партиясының құрамына өтіп, оның негізін құрады. Сондай-ақ, ол 1991-1998 жылдары облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қоғамдық жұмысын атқарды. Төраға ретінде 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті сайлауының ұйымшылдықпен өтуіне көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-да қызмет атқарғанда Түркістан қаласының 1500 жылдығының ұйымдастыру комиссияның мүшесі болып, бұл маңызды іс-шараны жоғары дәрежеде өткізуге атсалысты. Ғалымның бұл еңбегі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО өкілдігінің Алғыс хатымен марапатталды. Студент кезінде 1964 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, сондай-ақ, «Қазақстанның тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Түркістан қаласына – 1500 жыл», «Қазақстан Парламентіне – 10 жыл» медальдарымен марапатталды. «КСРО-ның еңбегі сіңген өнертапқышы», «ҚР ғылымды дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Жоғары және орта арнаулы білім министрінің, Жамбыл облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Өзі туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданының Құрметті азаматы. Бүгінде жетпіс жасқа келген ғалым, ұстаздың әлі де өзінің ізін басқан жас мамандар мен шәкірттерге берері көп. Ол кісінің мехнаты ауыр ғылым мен ұстаздық жолдағы еңбегіне толайым табыстар тілейміз.
техника ғылымдарының докторы, профессор Өскенбай Мадиев 70 жаста Фариза Жорабекқызы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді