Гаухар ҚАЛДЫБАЕВА, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қызметкері.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес халықтық реформадан туындайтын 100 нақты қадамның 85-ші қадамында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің жобасын әзірлеуді тапсырды. Қолға алынған бес халықтық реформалардың төртіншісі болашағы біртұтас ұлт мәселесіне арналған десек, «Мәңгілік Ел» идеясы – осы мұраттардың өзегі. Бүгінде біздің еліміз – 140-қа тарта ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті, береке-бірлігі бұзылмай өмір сүріп жатқан бірден-бір мемлекет. Бұл біздің қоғамдық санамыздағы басты идеологияға айналып келе жатқан жаңаша сана деу керек. Осы төртінші реформаның ең негізгі мазмұны – «Мәңгілік Ел» идеясының аясында біріктіруші құндылықтарды негіз еткен қоғамдық жаңаша идеологиялық сана қалыптастыруда. Елді біріктіруші құндылықтар – әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру, білім алу, еңбексүйгіштік, зайырлылық және төзімділік, адамшылық, имандылық дер едім. Осы тұста Елбасымыздың айтып кеткен жақсы сөзі бар: «Елді біріктіруші ортақ құндылықтарды этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюға қол жеткізуіміз керек», деген. Азаматтық қоғам қашанда этностық мінез-құлық модельдеріне емес, ортақ адамзаттық құндылықтарға негізделе құрылуы тиіс. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деген Абай атамыздың данышпан ой тұжырымы осы төртінші реформаның мазмұнын бізге дәл ашып береді деп ойлаймын. Төртінші реформа – болашағы біртұтас ұлт. Бұл жерде жаңадан ұлт қалыптастыру деген ой жоқ. Бұл жердегі басты идея еліміздегі ұлттарды біріктіретін ортақ, біртұтас болашақ жайында айтылып тұр. Яғни, біз тарихымызда сан ғасырлық дүрбелеңді кешірген халықпыз. Біздің жерімізге уақыттың жазуымен басқа ұлттар келіп, араласып өмір сүріп кетті. Ол да өзіміз сияқты адамның баласы. Қазақ халқының ұлылығы сонда, солардың барлығын жатырқамай ағайыншылдығын, адамшылық, бауырмалдық қасиетін танытты. Олар бізбен тағдырлас болып кетті. Ешкім де өз тарихын сұрап алған жоқ. Олай болса, енді бізді біртұтас болашақ қана күтеді. Сондықтан, Елбасымыз ұсынып отырған қоғамды біріктіруге бағытталған болашағы біртұтас ел болып қалу – аса маңызды шаруа. Қазақ мемлекетінің негізін құраушы – қазақ халқы. Оған ешкім күмән келтіріп, дау тудырып жатқан жоқ. Енді осы мемлекетті түзуші қазақ ұлтының айналасында елімізде тұрып жатқан басқа ұлттар бірігіп, ортақ болашақ туралы ойласа, мүдде де, біртұтастықты көздеген идеологиялық санамыз да күшейе түсетіндігі даусыз. Елбасы ұсынып отырған бес халықтық реформа мен жүз нақты қадамның мәні терең, маңызы зор. Ол негізінен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру, дамыған 30 елдің қатарына енуге нақты нәтижелі көрсеткіштер арқылы қол жеткізу мақсатынан тыс емес, соған сай жасалатын реформалар деп білемін. Және Елбасымыз айтып өткендей, «ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертпек».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді