Дін – достықтың діңгегі

Дін – достықтың діңгегі
ашық дереккөз
Дін – достықтың діңгегі

Әлем халықтарының талас-тартысына тұздық болып келе жатқан өзекті тақырыптардың бірі – діни әралуандылық. Әртүрлі діни ұстанымдар адамзаттың әркелкі өмір сүру формасын қалыптастыратыны баршаға аян. Діни наным – Жаратушыны өзіндік тұрғыда танытып қана қоймай, қоғамдық қатынас барысындағы белгілі бір өлшемдер мен қағидаттарды тудыратын фактор. Осының негізінде алажаңқа (плюрализм) көзқарастар, ұстанымдардың қайшылығы орын алып жататынын жоққа шығармаймыз. Адамзат баласы талас-тартыспен емес, татулықпен, ымырасыздықпен емес, ынтымақпен күн кешуі үшін дінаралық сұхбаттастық пен діни төзімділіктің насихаты ауадай қажет-ақ. Өткен ғасырда құрылған экуменистік қозғалыстың иелері әлемдегі христиан дінінің ықпалын арттыру үшін діндердің сұхбаттастық алаңын құруға талпынып көрді. Бірақ, бақай есепті жоба өзін-өзі ақтаған жоқ. Батыс күштерінің дінаралық диалог қозғалысының ақыр-аяғы сиырқұйымшақтанып, басқа діндерді былай қойғанда, христиандық бағыттардың өкілдері ортақ байламға келе алмады. Ал үшінші мыңжылдықтың басында Астанада шымылдығын түрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі транспарентті ұстанымының арқасында өзінің өміршең платформа екенін әйгілей алды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасы әлемдік және дәстүрлі діндердің бейбіт қарым-қатынасының алтын көпірі болды. Мысалы, тұңғыш рет 2003 жылы түңлігін түрген алғашқы съезде делегаттар тарапынан дінаралық саммитті ұдайы өткізіп тұру сөз болып, оның жұмыс органы – Съезд хатшылығын құру туралы шешім қабылданды. Араға үш жыл салып өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезі «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты тақырыпты қамтыды. Съезд Елорда төрінде бой көтерген Бейбітшілік пен келісім сарайында өтті. Форум жұмысына әлем елдерінен 43 делегация қатысып, жиында «Дінаралық сұхбаттың қағидаттары» атты маңызды құжатты қабылдады. Съезд соңында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын ашу туралы ұсыныс айтылды. Келесі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі 2009 жылы «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі» атты тақырыпқа негізделді. Бұл жолы съездің платформасы кеңейіп,  әлемнің 77 елінен делегация қатысты. Съезді өткізу барысында халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату туралы бастама көтеріліп, Елбасымыз Н.Назарбаев Дін жетекшілерінің кеңесін құруды ұсынды. Соңғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі 2012 жылы «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» атты тақырып аясында өтті. Форумға әлем елдері мен халықаралық ұйымдардан 87 делегация қатысты. Президент Н.Назарбаев съезде жасаған баяндамасында әлем елдерінің бейбіт қарым-қатынасына сына қағылмас үшін жаһандық транспаренттілікті қалыптастыру туралы ой қозғады. Осы тұрғыда Елбасымыз G-CLOBAL ресурсын құруды қолға алатынын айтты. Съезд делегаттары құнды ойларын ортаға салып, қатысушылар қызу талқыға салды. Бұйырса, осы жылдың маусым айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезін өткізу жоспарлануда. Дін – өте нәзік тақырып болғандықтан, бұдан бұрынғы өткізілген съездерде дәстүрлі дін жетекшілерін бір үстелдің  басына отырғызып, бір-біріне ғаламда орын алып отырған ортақ түйткілді мәселелерді сезіндіру көзделді.

Мұхан Исахан ҚР МСМ Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің басшысы, бас ғылыми қызметкер.

Ұқсас жаңалықтар