Кездесу деп осыны айт!

Кездесу деп осыны айт!
ашық дереккөз
Кездесу деп осыны айт!

Үшарал мектебін 60 жыл бұрын бітірген «оқушылар» бас қосты

Олар кездесу орнын екі ай бұрын Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» орталық мешіті деп бекітіпті. Уәделі орында төрт қария, ақжаулық жамылған он әже жиналды. Қариялар иман «бағында» не үшін бас қосты? Мектеп бітіргендеріне алпыс жыл толыпты. Соған орай барлығы бас қосып, бақилыққа аттанып кеткен құрдастарының әруағына құран бағыштады. Артынша қаланың сәулетті жерлерін аралап, мерекелік дастархан басында көңілдерін сергітпекші екен. Талас ауданы, Үшарал ауылы, Үшарал орта мектебін 1955 жылы бітірген түлектердің 60 жылдық кездесуі осылай басталды. Әуелі марқұм сыныптастарына құран бағыштады. Одан шығып Қарахан баба, Айша бибі кесенелеріне соқты. Жолай жақында бой көтерген Саңырақ батырдың ескерткішіне аялдап сәулетін тамашалады. Рас, қарияларымыз мектеп бітіргеніне 60 жылдығын атап өту үшін арнайы жиналған. Өздері әлі тың. Жүздері жайдары. Шеттерінен еңбек ардагері, бір әулеттің ақылманы болып жүрген жандар. Талай шәкірттің бойына білім нәрін құйған ұстаздар да ұшырасады. Қызығы сол барлығы топтасып суретке түсіп алды. «Жігіт­тер» жағы сыныптас «бойжеткендермен» жекелеп естелікке суретке түскісі келіп тұрғаны­мен немересімен жасты мына маған «балам бізді «жарқ» еткізші» деуге ынғайсызданды. Көңілдері қартаймаған құрдастардың сондай сәттерін жүгіріп жүріп суретке басып қалуға тырыстым. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл жерде отағасын қызғанып тұрған кейуана жоқ. Қағытпа қалжыңдары да жарасымды. Соңыра мерекелік дастархан жайылды. «Ыдырыс» мейрамханасының қоңыр салқын залында қариялар жайланып, көңілді отырды. Мектеп қабырғасындағы қызықты оқиғалар әңгімеге арқау болды. Вальс биледі, ән шырқалды. Ел естімеген 60 жылдықты ұйымдастырушы Диас Шардарбеков пен Сақыпжамал Нұрмағанбетова құрдастарына сыйлықтарын табыстады. – Отыз жыл бұрын бас қосқанымызда бұдан да көп едік. О дүниеге сапарға кеткен құрдастарымызға құран бағыштағанымыз өзімізді өліммен қорқыту емес. Оны көңілімізге алмайық. Көңілді отырайық. Мына Сақыпжамалға жолдасы Алматай Төлтаевқа басымызды қосқанына рахметімізді айтамыз. Көбіңді жарық күнде көре алмай, о жақта жолығам ба деп жүр едім (күліп алды). Міне, бүгін қауышып отырмыз. Уәсбек Төленқұлов жайлы не айтам, ол – Жамбыл химия зауытында ұзақ жыл еңбек еткен құрметті еңбек ардагері. Әбсат Қошқаров – тыл және еңбек ардагері. Алматай болса жоғары білімді математик. ҚР білім беру ісінің озық қызметкері. Ал қыздарымыз – алтын құрсақты аналар. Сөз алған тыл және еңбек ардагері Диас Шардарбеков ойын осылай сабақтады. Алды сексенге толған, ең жасы жетпіс сегізге келген жандардың бір ауыздан жиналып, бірге қыдыруын қалай дәріптесек те жарасады. Былайша айтқанда, ұйымдастырушыларды қаншадан жинаймыз, қай жерде кездесеміз, не киіп барамыз, қай немеремді ертіп барамын деген сұрақ мазалағаны да шындық қой. Қариялар жастарына лайық мешіттің алдында кездесті. Жарасып тұр. Осынша жасқа жетіп бірі Астанадан, екіншісі Алматыдан, үшіншісі Қаратаудан ерінбей келген олар жастарға достық мектебінің қандай болу керектігін үлгі етіп көрсетті. Бұлар іші пысып жүрген кісілер емес. Достық мектебін сақтап қалған жандар. Осы әрекеттерімен Үшарал мектебінің түлектері ауылда «әңгіме айтатын адам қалмады» деп қысқа қайыратындарға жауап беріп отыр. Әжелерден қонақ болып Бибіжан Қойшыбекова, апалы-сіңілі Жаңылхан мен Несіпбала Майшыбекова (Түгіскен мектебінің түлегі), Пернекүл Аханова, Ырысалды Әбдрайымова, Қыздархан Көкеева, Айымбала Жүнісбекова қатысты. Талас ауданы Үшарал орта мектебінен білім-тәрбие алып, еліміздің әр саласында қызмет істеген және жалғастырып келе жатқан мектеп түлектері туралы мәліметке зер салсаң, академик пен ғылым докторлары жетіп жатыр. Мәселен ҚР білім беру ісінің озық қызметкері Алматай Төлтаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев оқушысы болғанын мақтан тұтады. Үшарал мектебінің 1955 жылғы директоры Ғадила Қамбарова мен оның жолдасы Әкім Садықбеков бүгінгі уақытта тоқсан жаста. Шақырту қағазы қолдарына тигенмен денсау­лық­тарына байланысты бас қосуға қатыса алмады.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар