Жыл сайын елімізде сан мыңдаған түлек мектеп бітіреді. Сөйтіп, үлкен өмірге қадам басады. Мамандық таңдап, белгілі бір кәсіптің иесі болуға асығады. Оқуын тәмамдаған соң жұмысқа орналасудың қам-қарекеті тағы бар. Көпшілігі нарық сұранысындағы мамандықты таңдамауының салдарынан жұмыс таппай қиыншылықпен бетпе-бет келіп жатады. Жас мамандардың осылай жиі тұйыққа тірелуі бұдан шығар жол іздеуге түрткі болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасын» бекітуі сондықтан. Негізінен «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының басты мақсатының бірі – экономика саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Жұмыспен қамтылған жастардың өмірге бейімделуі және олардың тұрмыс жағдайының жақсаруына қажетті жағдай жасау. Сол себепті еліміздің әрбір аймағында жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Аталған орталықтарға жүктелген міндет – кәсіп иелерінің және қайта даярлаудан өткен мамандардың жұмысқа орналасуына ықпал ету. Өңіріміздегі нарық сұранысындағы кәсіптік-техникалық мамандарды даярлайтын Жамбыл политехникалық колледжінде де осындай орталық жұмыс істейді. Ондағы мақсат – колледж түлектерінің еңбек нарығындағы қажетті маман ретінде талап етілуін қамтамасыз ету. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларына бірінші бағыт шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсету туралы жасалған әлеуметтік келісім-шарттың орындалуын түсіндіру мақсатында жуырда осы орталықта семинар өткізілді. Оған облысымыздың әр ауданынан жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері қатысты. Семинарда колледж директоры Жанар Орынбаева студенттерге бағдарламаның мақсат, міндеттері жайлы түсіндіріп, жастарға кәсіби білім беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Колледжде әлеуметтік келісім-шарт негізінде 6 мамандық бойынша 171 студент білім алуда. Оның 24-і ақпан айында оқуларын аяқтады, қалған 147-сі маусым айында оқуын тәмамдайды. Оқу жылы ішінде қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталықтарының мамандары колледжбен тығыз байланыста жұмыс жүргізді. Бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде колледж түлектерінің барлығы да жұмысқа орналасады деген сенімдеміз», – деді. Тараз қаласының жұмыспен қамту орталығының жастар тәжірибесі маманы М. Мәдіжанов, Жамбыл, Байзақ, Шу, Жуалы, Қордай аудандарының жұмыспен қамту орталықтарының мамандары Г. Әлімбекова, Л. Орынбаева, О. Омаров, Н. Ұлтарақов, Г. Ермұхаметова колледжде нарық сұранысындағы мамандар даярланатынын тілге тиек етті. Әсіресе, «Электрмен қамтамасыз ету, механикалық өңдеу», «Бақылау-өлшеу аспаптары және машина жасаудағы автоматика», «Мұнай және газды тасымалдау және сақтау» мамандықтарын бітірген түлектерге сұраныс жоғары екенін қозғады. Бүгінде «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында колледж жастары өндіріс орындарында алты ай жұмыспен қамтылатынын айта кету керек. Осы арқылы жұмыс берушілердің қалауы бойынша олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашылады. Ал нарықтық экономиканың қажеттіліктерін ескерген колледж оқытушылары түлектердің теориялық және тәжірибелік дайындықтардан толық өтуіне жағдай жасап отырады. Жалпы, оқу орнын аяқтаған түлектерге жұмыс берушілер тарапынан сұраныс қашан да үлкен болатыны белгілі.
Гүлмира Тайлиева, Жамбыл политехникалық колледжінің «Жол картасы» бөлімінің меңгерушісі.
Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді