Дамыған елдің негізі – әділ сот

Дамыған елдің негізі – әділ сот
ашық дереккөз
Дамыған елдің негізі – әділ сот

Сонау 1991 жылы еліміз тәуелсіз мемлекет атанып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрын-соңды болмаған тарихи көшті ұйымдастырып, алға бастады. Шүкір, еліміз сындарлы жылдарда Елбасының алысты болжай білетін көрегенділігі мен кемеңгерлігінің арқасында ғасырға бергісіз ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Сондықтан болар, биыл өткен Президент сайлауында да туған халқы Ұлт Көшбасшысының ел тізгінін тағы бір мәрте қолға алуына қолдау көрсетті. Елбасы сайлауалды бағдарламасы ретінде бес халықтық реформаны жария еткені белгілі. Осы бес институттық реформаның екіншісі заңның үстемдігі мен меншік құқығының қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл орайда Елбасы «Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьяларды іріктеу, оларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі, судьялар корпусының жемқорлыққа баруы. Бізде заңгерлер, тіпті, сот процестеріне қатысу тәжірибесінсіз-ақ судья бола алады. Бұл кейде судьялар корпусында біліктілігі төмен мамандардың пайда болуына әкеліп соғады. Судьялар тарс жабық корпорация болмауға, судьялар қатарындағы жемқорлықтың емі болып табылатын қоғамдық сыннан тыс қалмауға тиіс» деп атап көрсете отырып, сот жүйесіне жаңа міндеттер қойды. Президент судьяларға біліктілік талаптарын қатайту керектігін тапсырды. «Судьялар корпусындағы орыннан үміткер нотариусте, ІІМ-де, полицияда немесе заңгерлер дайындайтын ЖОО-да емес, кемінде 5 жыл сот жүйесінде атқарған жұмыс өтіліне ие болуы тиіс. Кандидаттар жұмысынан босатылған негізде және бір жылдан кем емес мерзімде соттардағы сот тағылымдамасы үшін шарт ретінде қатаң тестілік іріктеуден өтуі тиіс. Кез-келген жоғары тұрған судья төмен деңгейдегі соттарда жұмыс істеуден өтуге тиіс. Сондай-ақ, жұмысын енді бастаған судьялар үшін кем дегенде бір жыл сынақ мерзімін енгізген маңызды, ол одан табысты өткеннен кейін тұрақты судьялыққа тағайындала алады» деді Президент Н.Назарбаев. Заңдар азаматтық қоғамдағы басты құндылықтарды қалыптастырушы бірден-бір абсолютті маңызды сипатқа ие күш болуы тиіс. Осы екінші реформаның мазмұнына сот жүйесін жетілдіру, полицияның қоғамның сеніміне ие болатындай дәрежеде жұмыс жасауына қол жеткізу елдің әділ заңға деген сенімін арттыру енеді. Мұның ең басты артықшылығы әлеуметтік әділетсіздіктерге жол бермеу екендігін айтып өткім келеді. Демократиялық қоғамдағы ең басты құндылық адамның құқығы мен еркіндігі болса, оны жүзеге асырушы бірден-бір тетік – осы әділ заң мен құқық сақшылары. Сондықтан да бұл реформаның еліміздің әрбір азаматына берері мол. Мұның еліміздегі құқықтың мәдениетті, құқықтық сананы дамыған мемлекеттердегідей дәрежеге көтеріп, елімізді әрі қарай демократияландыра түсудегі маңызы зор дер едім. Құқықтық мемлекетте адам заңға сенуі тиіс. Сондықтан заңдардың үстемдігінің артуы – адам құқықтарының негізгі орынға шығуы деген сөз. Құқықтық мемлекет теориясына ерекше үлес қосқан француз ойшылы Жан Жак Руссо «Еңкейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін заңдар деп аталатын қасиетті қамытқа мойынсұнып өмір сүретін қоғамда ғұмыр кешу – адам өмірінің жарты бақыты» деп тектен-тек айтпаса керек. Бұл реформа демократиялық қоғамның жоғары талаптарына қарай көшетінімізді білдіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Президент жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құрылып, іске кірісіп кетті. Бес халықтық реформаны кеңінен тарқатып көрсеткен 100 қадам айқындалды. Айту керек, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту жөніндегі тиімді іс-қимылға 19 қадам арналып отыр. Олардың қатарында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейту сияқты маңызды міндеттер бар. Түптеп келгенде, мұның бәрі халық үшін атқарылып жатқан шаруалар екені бесенеден белгілі. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы – халық. Азаматтардың мүдделері қандай жағдайда болсын мемлекеттің назарынан тыс қалмауы тиіс. Ендеше, осы ұлы замана көшінен сот жүйесі де қалмай, керісінше ұлы дүбірдің алдыңғы қатарынан орын алуы қажет. Себебі, Президент «Дамыған елдің негізі – әділ сот» деп текке айтқан жоқ. Адал және әділ соттың қалыптасуына және дамуына тек мемлекет қана қамқорлық жасай алады. Экономикасы дамыған, халықаралық сахнада саяси беделі бар, көреген Елбасы бар, халқы сенім білдіріп, әрбір бастамасына қолдау көрсетіп, береке-бірлікті, ұлтаралық татулықты сақтап отырған елде ғана әділ әрі адал сот жүйесі қалыптасады және дамиды деп толықтай сеніммен айтуға сот жүйесінің қазіргі даму үрдісі де айғақ бола түсуде. Сот жүйесінің даму жолдарын мемлекеттің даму жолдарынан бөлек, ажыратып алып, бағалау мүмкін емес. Сот билігі – мемлекеттік саяси жүйенің құрамдас бөлігі, ажырамас бөлшегі. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдардан бастап сот жүйесі қоғамдық заңдылықтарға негізделген іздену, қалыптасу, даму жолдарынан өтті. Өткен жылдар ішінде отандық сот жүйесін жалпы танылған стандарттар мен талаптарға жауап беретін жаңа деңгейге көтеруге ықпал еткен тұжырымды құжаттар мен құқықтық актілер дайындалды. Алқа билер мен ювеналдық, әкімшілік, мамандандырылған экономикалық соттарды құруға, қамауға соттардың санкция беруіне және соттардың қызметін қамтамасыз ету мен олардың шешімдерін орындауға байланысты бірқатар заң актілері дайындалып, тәжірибеге енгізілді. Соттардың құқық қолдану тәжірибесінде кездесетін өміршең мәселелер бойынша Жоғарғы Соттың бірқатар нормативтік қаулылары қабылданды. Сот құрылымы мен сот өндірісінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылып, судьялардың мәртебесі мен соттардың тәуелсіздігі нығая түсті. Тәуелсіздік алған жылдар аясында Қазақстан судьяларының алты съезі өтіп, әрбір съезде республика сот жүйесінің бүгіні және болашағы туралы өзекті мәселелер талқыланып, мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданды дей аламыз. Біздің адал еңбегіміз қоғамға өте қажет, біздің еңбегіміздің нәтижесі болашақ жаңғыруымыздың, кемелденуіміздің кепілі. Заң талаптары сақталған жерде тәртіп болады, ал тәртіп болған жерде еңбектің жемісі мол болары даусыз.

Рүстем Алшынбаев, Жамбыл облыстық сотының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар