Асыл азамат, облыстың Құрметті азаматы АМАНТАЙ БІРТАНОВТЫҢ игілікті ісін ұлдары жалғастырды
«Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, КСРО және Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Жамбыл облысының, Талас ауданының, Ойық ауылының Құрметті азаматы Амантай Біртанов туралы қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова: Жігіттің ірілігін жұрты анықтар, Жігіттің ұлылығын ұлты анықтар. Елге сыйлы Ерлердің қатарында, Бас дәрігер Амантай Біртанов бар! – деп тебірене жырлаған. Ол – тамаша дәрігер, денсаулық саласының аса ірі ұйымдастырушысы болатын. 1969 жылы Алматы медицина институтын бітірген Амантай қызмет жолын Жамбыл облыстық ауруханасында дәрігер, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары секілді қызметтерден бастап, Алматы қаласындағы жедел-жәрдем ауруханасын табан аудармай жиырма бес жыл басқарған жан. Жаңашыл дәрігер болды. Ең басты қасиеті – Гиппократ антына адал болды. Әрі көп жыл бойы қалалық мәслихаттың депутаттығына сайланып, халқына адал қызмет етудің үздік үлгісін көрсетті. – Асыл азамат, біртуар ұл Амантай Біртанов өз ұлтын, туған жерін жанынан артық сүйді. Жанына дәру тілеген жамбылдықтар Алматыға, Амантайға баратын. Заңға «томпақ» келсе де Амантай оларды ауруханаға қабылдап, сауығуын өзі бақылайтын, – деді өткен сенбі күні оның туған жері Ойық ауылында өткізілген еске алу жиынында Талас ауданының Құрметті азаматы Балтабай Бекежанов. Дәрігерден дауа тапқандардың бірі – Бөлтірік ауылының тұрғыны Жақсылық Құйқабаев еді. Қатты науқасқа шалдығып, Алматы қаласындағы талай аурухананың есігін тоздырып, ақыры Амантайды іздеп тауып, жанына сая тапқан сексендегі ағамыздың «мені әуелі Алла, сосын Амантай інім ажалдан аман алып қалды», деп жылағаны есімде. Жалғыз Жақсылық қана емес, осы мақаланы оқып отырып, жамбылдықтардың талайының Амантайын ілтипатпен еске алары анық. А.Біртанов сонымен бірге, бір топ дәрігерлермен елге келіп, ақысыз ем-дом жасау дәстүрін қалыптастырды. Жиында әкенің жолын қуған, сөйтіп дәрігерлік мамандықты қалаған, медицина ғылымдарының кандидаты, «Бәйтерек» холдингінің жауапты қызметкері Елжан Амантайұлы да жылы сөздері мен тілектері үшін ауыл халқына шын ризашылығын білдірді. Қазақта «әке көрген оқ жонар» деген мақал бар. Көзінің тірісінде «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп тәрбиелеп кеткен, әке өсиетіне адал ұлдары оның жолын жалғап, ауыл халқының денсаулығын тексертуге Астана мен Алматы қалаларынан 15 жоғары санаттағы дәрігерлерді ертіп келгенін жеткізді. Көп ұзамай, ұзына бойы кезекке тұрған ауыл халқы тәжірибелі дәрігерлердің қабылдауында болып, бірқатары аудандық орталық аурухананың жылжымалы емханасы – машинасында скринингтік тексеруден өтті. - Елжан балама рахмет, – деді зейнеткер Амангелді Бекежанов, – қан қысымым мазалап, жүрегім ауыратын. Дәл анықтап, емделуге кеңес берді. Ұлы Отан соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, 93 жастағы Дүйсенбай Жұмахметов ақсақал да кезексіз қабылдауда болып, ақ батасын берді. Сол күні 300-ге тарта ауыл тұрғындары дәрігерлік тексеруден өтті. Ертеңіне жақын маңдағы Кеңес, Тамабек, Шәкіров ауылдарының тұрғындарына да бұл істің шарапаты тиді. Амантай Біртанов жәй қатардағы жан емес, елімізге әйгілі тұлға, қоғам қайраткері. Ұлт жанашырының бұл өмірден озғанына да төрт жылдан асты. Ономастикалық заңның талабына жүгінсек, белгілі тұлғалардың есімдерін бес жылдан кейін мәңгі есте қалдыру шараларын жүзеге асыруға болады. Ендеше, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аудандық әкімдік Алаштың біртуар азаматының есімін ұлықтап, мәңгіге есте қалдыруды осы бастан ойластыра берсе құба-құп болар еді деп ойлаймыз.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Ойық ауылы, Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді