«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таңдауымыз – тірлік пен бірлік

Таңдауымыз – тірлік пен бірлік
ашық дереккөз
Таңдауымыз – тірлік пен бірлік

 Біржан ӘЛІМБЕТ, аудандық  мәслихаттың хатшысы.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына ұсынған бес халықтық жаңа реформасы, шын мәнінде, жұртқа ерекше қанат бітіргені анық. Себебі, онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі басты бағыттар қамтылған. Біріншіден, қазіргі кәсіби және автономды мемлекеттік аппараттың қалыптасуы. Екіншіден, меншік құқығын кепілдендіретін заңның үстемдік құруын қамтамасыз ету. Үшіншіден, әртараптандыруға негізделген индустрияландыру және экономикалық өсу. Төртіншіден, болашақтың біртұтас ұлты. Бесіншіден, транспарентті және есеп беруге тиісті мемлекет. Мемлекеттік қызметке келетін болсақ, ол – мемлекет тарапынан қойылған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес, адамдардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолындағы тапсырмаларды орындау бағытындағы мемлекеттік функциялардың кәсіби түрде жүзеге асуы. Сондықтан, экономикалық бағдарламаларды сапалы іске асыруға негізделген қазіргі кәсіби автономды аппараттың сапалы жұмыс жүргізуі керек-ақ. Оның халық игілігі үшін маңызы ерекше жоғары. Өзіміз арнайы қатысқан Президентті ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейінің тәуелділігіне де ерекше тоқталып, ұсынылатын қызметтердің сапасы жайлы кеңінен сөз қозғады. Қысқасы, Елбасының айтуынша, Қазақстанда тиімді басқару бойынша барлық жағдайлар жасалған. Конкурс негізінде мемлекеттік қызметке іріктеу жүргізілетін «А» корпусы мен «Б» корпусы өз нәтижесін беру керек. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігі толық ескерілгені жөн. Біз саяси жүйедегі кәсібилікке қол жеткізгіміз келсек, тамыр-таныстық, кәсібиліктің болмауы сынды сыбайлас жемқорлыққа әсер ететін негізгі құбылыстармен күресті күшейтуге тиіспіз. Бұл да бес реформа ішіндегі тетіктердің бірі болып отыр. Кеше ғана республикалық басылымдарда жарияланған Мемлекет басшысының бес халықтық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамы Ұлт жоспары аясында не атқарылу керектігін айқындап берді. Байқағанымыз, 100 қадамның басым бөлігі әртараптандыруға негізделген индустрияландыру саясатына саяды. Әрине, индустриясыз экономиканың өрге баспасы анық. Сол себепті бес реформаның бір бағыты болып отырған «Индустрияландыру және экономикалық өсім» тарауы өзіне әжептәуір жүк артып тұр. Мәселен, сол тараудың маңыздыларының қатарынан сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту бастамасын көруге болады. Аудан мал шаруашылығына өте ыңғайлы болғандықтан, бізде сүт өндірумен айналысатын шаруашылықтар баршылық. Тек соны, өз кәдемізге ұқсата білуіміз керек. Қырғызстандық және жергілікті инвесторларды тарту арқылы Қордайда сүт өнімдерін өндіру қолға алынған. Себебі, Кедендік одақ келісімдері арқылы көрші Қырғыз елінің бірнеше кәсіпорнынан сүт алу мәселесі реттелген. Міне, осы қарқынмен ауданда сүт өнімдері өндірісін жақсы дамытуға болады. Оған әрине, ауданның мүмкіншілігі бар. Осы реформа аясында электр энергетикасы саласын қайтадан құру мәселесі де аудан экономикасымен байланысты. Себебі, ауданда баламалы қуат көздері арқылы электр энергиясын өндіру жобалары сәтті жүзеге асып келеді. Бұл өз кезегінде реформа көздеген саладағы жаңа тариф саясатына оң ықпал етері сөзсіз. Одан бөлек, өңірлік энергетикалық компанияларды біріктіру арқылы электр қуатын таратудың шығынын төмендетіп, энергия ақысын да азайта алатын болады. Жалпы, Елбасы ұсынған 5 басым бағытты реформаны жүзеге асыруға қордайлықтар да белсене атсалыспақ. Осы 100 қадамның қай-қайсысын алатын болсақ, оған ауданның үлес қосуға қауқары жетерлік. Ол үшін ел болып еңбек етуден еш жалықпағаны жөн. Ең бастысы сайлауда барша қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлын бекерден-бекер таңдаған жоқ. Ол – Қазақстан халқының таңдауы. Меніңше, бұл халықтың сенімін, ауызбіршілігін, даналығын, мызғымас ел болғанын білдіреді. Осы тарихи сәт жұртшылықтың жадында ұзақ сақталары анық.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар