«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жемқорлықпен күрес жоғары мәдениеттілікке негізделуі тиіс

Жемқорлықпен күрес жоғары мәдениеттілікке негізделуі тиіс
ашық дереккөз
Жемқорлықпен күрес жоғары мәдениеттілікке негізделуі тиіс

Апта аралығында «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» алға қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыс бойынша департаментінің бастамасы және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен аумақтағы жоғары оқу орындары арасында «Сыбайлас жемқорлық — білім беру сапасына кері әсер етуші фактор» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. ТарМПИ-дің ректоры Дария Қожамжарова қысқаша сөз сөйлеп ашып, жүргізген жиынның жұмысына облыстағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары қатысты. Сонымен қатар жиында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев сөз сөйледі.

Басқосу барысында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың «Философия және саясаттану» кафедрасының оқытушысы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Парида Мамедова «Оқытушылар мен студенттердің сыбайлас жемқорлыққа бейімділік деңгейін әлеуметтік тұрғыдан зерттеу», ТарМПИ Тест орталығының меңгерушісі Бақыт Әлмұратов «Оқытушылардың арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша ұсыныстар», ТарМПИ-дің «Философия және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Гульгина Гизатуллина «Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің өзекті мәселелері», ТИГУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Нышан Кахаров «Студенттердің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің жаңа моделін қалыптастыру», ТИГУ-дың өкілі, PһD докторы Мұрат Нұрғабылов «Жоғары оқу орындарының базасында «Студенттерді құқықтық қорғау орталығын» құру, басымдықтары, өзара әрекеттесу және күтілетін нәтижелер», М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, юриспруденция магистрі Серік Көшербаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдармен және азаматтық қоғам институттарымен бірлескен түрде жұмыс жасау әдістері туралы» баяндама жасады. Олар жоғары оқу орындарына ұсынылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты іске асырудың басым бағыттары, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің өзекті мәселелері хақында баян етті. Жалпы, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ағымдағы жылы жүргізген әлеуметтік сауалнама барысында, студенттерге қойылған «Сіздің оқытушыға пара берген кезіңіз болды ма?» деген сауалға орай, олардың 35,1 пайызының анда-санда солай етуге тура келетіндігін мойындауы, 25,69 пайызының мұндай келеңсіздік қадамға жиі баруға мәжбүр болатындығын айтуы, 34,31 пайызының жалпы оқу үдерісінің барысында тек бір рет қана оқытушыға пара бергендігін тілге тиек етуі, 4,83 пайызының алған біліміне қойылатын бағаны оқытушыға ақша немесе бағалы зат беру арқылы сатып алуды өздерінің ар-намыстарына нұқсан келтіретін қадам деп бағалауы аталған ғылыми-практикалық конференцияның дер кезінде ұйымдастырылғандығын және нақтылы кезеңдегі жоғары оқу орындарындағы жемқорлыққа салыну деңгейін айшықтаудағы өзектілігін көрсетсе керек. Бүкпесіз әңгіме жағдайында өтіп, қатысушыларға ой салған іс-шараны ТарМПИ-дің ректоры Дария Қожамжарова қорытындылады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар