БЕЙІМДЕУГЕ БАСА МӘН БЕРІЛСІН
Елбасы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда оқшауланып қалмауы үшін барлық қызмет түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Қажет жағдайда жұмысқа орналасып, еңбек етемін деушілерге жағдай жасау қажеттігін баса айтқан. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір өңірлерде тиісті жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, мүгедек жандардың мәселелерін шешуде кейбір аудан басшылары жоспарлы шараларды жүзеге асыруға баса мән бермей отырған сыңайлы. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі аппарат кеңесінде осы мәселе және өңіріміздегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары қарастырылды.
Мүмкіндігі шектеулі жанның көңілін жабырқататын жағдайлардың бірі – көп жағдайда өтініш-тілектерін айтып, тиісті орындарға шағымдана алмайтыны. Олар өз үнінің естілгенін қалайды, əлеуметтік қызмет көрсету орындарына барып, керегін іздеп, тауып алғысы келеді. Алайда, барлық жерге еркін кіріп-шыға алмайды. Себебі, кейбір нысандарда мүгедектердің жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмаған. Облыстық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің мəлімдемесіне сүйенсек, облыс бойынша бейімдеуге жататын 899 нысан бар көрінеді. Оларда 2013-2018 жылдар аралығында толық бейімдеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Оның ішінде 349-ына жоспар бойынша 2013-2014 жылдары жөндеу жүргізілген. 175-і биыл қолға алынбақ. Басқарма басшысы бейімдеуде ескерілуі тиіс талаптарға тоқталып, көптеген мекемелер тек қана қоларбадағы азаматтарға арналған пандустарды қоюмен шектелгенін айтып өтті. Ғимараттағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдайтын бөлмелер мен бейімделген əжетханалардың жоқтығын былай қойғанда, тактильді жолдар, арнайы белгілер де жоқ екен. Бір сөзбен айтқанда, бейімдеу жұмыстары жүргізілді деген əлеуметтік нысандардағы жағдай тура «жаны ашымастың қасында, басың ауырмасынның» кері. Жорабек Баубеков бейімделуге тиісті 349 нысанның үшеуінде ғана толыққанды жұмыс жасалғанын айтады. Ал 225-і ішінара бейімделіп, 121-і мүлдем назардан тыс қалған. Сонда қалай, осы мақсатқа бөлінген қаржының зая кеткені ме? «Байзақ пен Талас аудандарында белгіленген нысандарда ішінара болса да бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Мойынқұм, Т. Рысқұлов жəне Шу аудандарында мүлде бейімделмеген нысандардың саны басым. Мəселен, бұл көрсеткіш Мойынқұмда – 91,6, Т. Рысқұловта – 69,3, Шуда – 64,2 пайызды құрап отыр», – дейді басқарма басшысы. Қызмет көрсетудің барлық түрі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болуы тиіс. Осыны қатаң ескерткен облыс əкімі Кəрім Көкірекбаев ең қажетті білім, денсаулық, мəдениет салаларында мұндай проблема болмауы керектігін айтты. Облысымызда мүгедектерге қолайлы жағдай туғызу, оларды жұмысқа тарту, курорттық-санаторлық шипажайларда демалуын ұйымдастыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Белгіленген жұмыстар жоспарға сай жүргізілуі керек. Нысандар мен жол қиылыстарының өту жолақтарындағы бейімдеу жұмыстарын толықтай аяқтауды тапсырамын», – деді Кəрім Нəсбекұлы.
ЭПИЗООТИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ, АЛАЙДА... Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевтің айтуынша, өңірімізде эпизоотиялық жағдай тұрақты. Алайда, бұл арқаны кеңге салып, қамсыз отыра беруге болады деген сөз емес. Эпизоотияға қарсы бекітілген жоспарлы шаралар толықтай атқарылып, диагностикалық тексерулер мерзімінде жүргізілгенімен облыстағы 14 сібір жарасы көмінділерінің орындары нақтыланбағанын ұмытпауымыз керек. Ал Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасына сəйкес, көмілуге ұсынылған жер учаскелерінің шекараларын үйлестіріп, топографиялық картаға түсіруде аудан басшылары немқұрайлылық танытып отыр. «Жер кадастры ғылыми өндірістік орталығы» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кəсіпорнының Жамбыл филиалымен сібір жарасының ошақтарын оңтайландыру үшін келісім-шартқа тұрып, тиісінше қаржы бөлінуіне ықпал ету туралы аудандарға хат жолданған. Бірақ, бұл жұмыс барлық ауданда орындалмай отыр», – дейді Абдалы Тоқбергенұлы. Басқарма басшысы өткен жылдармен салыстырғанда, бруцеллезбен аурушаңдық деңгейі біршама төмендегенін айтады. Мұны аурудың алдын алу бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі деуге толық негіз бар. Дегенмен, бұл көрсеткіштің алдағы уақытта қайта өсіп кету қаупі де жоқ емес. Абдалы Нұралиев жəне ветеринариялық бақылау жəне қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Сəрсенбай Солтанбеков бруцеллезге шалдыққан ұсақ малдарды өңдеу кəсіпорындарына өткізу жұмыстары баяу жүргізіліп жатқанын қозғады. Аудан басшылары осы шаралардың уақтылы іске асырылуын қадағаламаса, жағдай тағы қиындап кетуі мүмкін.
КЕНЕ ҚАУІП ТӨНДІРІП ТҰР Жалпы, көрсетілген қаржылай қолдаудың арқасында қазір облыста эпизоотиялық жəне ветеринариялық-санитарлық тұрақты жағдай қалыптасқан. Қолайсыздық басқа жақтан бас көтеріп тұр. Эпидемиолог мамандар Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиялық маусымында кенелер қауіп төндіріп тұрғанын айтады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлфайра Мырзабекованың сөзіне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін өңірімізде 249 адам кене шағу шағымымен қайырылыпты. Бір дəтке қуат ететіні – ешқайсысында безгектің клиникалық белгілері байқалмаған, барлығы аман екен. Науқастардың барлығы 14 күндік медициналық бақылауға алынып, тиісті көмектер көрсетіліпті. Кене шаққандардың 90-ы əлі де мамандар бақылауында болса, 159-ы ауруханадан шығып, үйлеріне қайтарылыпты. «Биыл мамыр айында эндемиялық елді мекендерге жатпайтын Талас ауданындағы Көктөбе ауылында, Жамбыл ауданындағы Қапал ауылында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы індетінің екі жағдайы тіркелді. Екі науқастың да дер кезінде диагнозы анықталып, ауруханаға жатқызылды. Олар қазіргі кезде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда. Жағдайлары бір қалыпты. Екеуін де мал күтімі жəне қой қырқуға қатысқан кезде кене шаққан», – дейді Гүлфайра Құралбекқызы. Эпидемиолог маман осы жағдайдан кейін Жамбыл ауданындағы Қапал ауылындағы малдан 60 шақты кене жиналып, облыстық санэпидсараптау орталығына жіберіліп, зерттеу жүргізілгенін айтады. 60 кененің 32-сі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына оң нəтиже көрсеткен. Облыс əкімі бұл проблемаға бейжай қарауға болмайтынын ескертіп, ауыл шаруашылығы басқармасы, ветеринариялық бақылау жəне қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясымен бірлесе жұмыс жүргізуді тапсырды. «Безгектің эпидемиялық маусымы екенін білесіздер, індеттің табиғи ошағы тіркелген аудандардың тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, уақ малдарды қырқып, тоғытпаға түсіріп, мал қораларына, сол аумаққа санитарлық жұмыстар жүргізу керек. Қашан дабыл қағылғанша күтіп отырмай, алдын алу қажет. Ауыл жұртшылығына кенеден қандай қауіп төніп тұрғанын айтып, құлақтандыруға тиіссіздер. Осы бағыттағы жүргізілетін шараларға облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарын тартқан жөн», – деді Кəрім Нəсбекұлы. Қорыта айтсақ, негізгі қауіп кенеден болып тұр. Мұндайда ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген тиімді. Бастысы – адамның амандығы. Сондықтан, кенеден сақтанып, дер кезінде мамандарға қаралуды ұмытпаған жөн.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді